27 Тамыз, 2016

Қола жүлдегерлер

449 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Ольга Сергеевна РЫПАКОВАОльга Сергеевна РЫПАКОВА  Жеңіл атлет. Еңбек сіңірген спорт шебері. Өскемен қаласы 1984 жылы 30 қарашада Өскемен қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың чемпионы (Лондон, 2012), үш қарғып секіру; – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), үш қарғып секіру; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Тэгу, 2011), үш қарғып секіру; – Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Бейжің, 2015), үш қарғып секіру; – Жабық залда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы (Доха, 2010), үш қарғып секіру; – Жабық залда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Ыстанбұл, 2010), үш қарғып секіру; – Азия ойындарының чемпионы (Инчхон, 2014), үш қарғып секіру. «Барыс» орденінің иегері. Жаттықтырушысы: Сергей Дмитрьевич Алек­сеев. Жеңіл атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Рио-де-Жанейродан да жүлдесіз қайтпады. Ол үш қарғып секіруден сынға түсіп, алғашқы үштіктің қатарынан табылды. Өзінің бірінші талпынысын жақсы пайдаланған жерлесіміз осы кезеңнен кейін көш бастап тұрды. Оның алдымен 14,47 метрді, соңынан 14,73 метрді көрсеткен көрсеткіші алдыңғы қатарға шықты. Бірақ кейінірек колумбиялық Катрин Ибаргуэн бірден 17,15 метрге секіріп, алға шығандап кетіп қалды. Осыдан кейін Рыпакова екінші орынға жылжып кетті. Алайда, сосын венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрге жетіп, Ольганы үшінші позицияға қарай жылжытып жіберді. Осы соңғы көрсеткіш Рыпакованы Лондонда алтын медальға жеткізіп еді. Альбион жеріндегі аламаннан кейін Ольга Рыпакова өзінің екінші баласын өмірге келтірді. Бұл оның отбасына көбірек алаңдауына алып барды. Дегенмен, осы аралықта жүріп-ақ Ольга біраз әлемдік және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Айта кетейік, Ольганы өз әкесі Сергей Алексеев жаттықтырады. Ол күйеуі Денис Рыпаковпен бірге қазір бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»  ӨСКЕМЕН 26-08-16-larionovaЕкатерина Алексеевна ЛАРИОНОВА Балуан. Спорт шебері. Орал қаласы Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жылдам әрекет ету арнайы жасағының қызметкері, полиция кіші лейтенанты. 1994 жылы 23 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Приурал ауылында туған. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 63 кг; – Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Будапешт, 2013), 63 кг; – Азия чемпионатының қола жүл­дегері (Астана, 2014), 63 кг; – Азия чемпионатының қола жүлдегері (Доха, 2015), 63 кг. Жаттықтырушысы: Алек­сей Станиславович Ларионов. Тегінде, «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» деген рас. Екатерина Ларионова Рио кілемінің шаңын қағып жүргенде, оның Оралдағы ата-анасы Алексей және Наталья Ларионовтар да сондай күйді бас­тан кешті. Өйткені, олардың тұла бойы тұңғыштары, отбасындағы бес перзенттің үлкені, жалғыз дара қызғалдағы Катя белдесу кезеңін көбірек күтіп қалды. Біз мұны Катерина жүлде алған күні Ларионовтар отбасына бас сұққанда, анық байқадық. – Қазіргі сәттегі көңіл-күйлеріңіз жөнінде айтып бермес пе екенсіздер? Осы сауал берілген сәтте қуаныштан жүздері алаулап жанып тұрған ерлі-зайыпты Алексей және Наталья Ларионовтар бір-біріне қарап қалды. Бұл, әрине, қайсымыз бастап айтамыз деген ишара мен белгі болатын. Қай отбасында да әке – асқар тау, қамқоршы емес пе? Ал Катя үшін әкенің орны тіпті бөлек деуге болады. Себебі, Алексей Станиславович оның әкесі ғана емес, Олимпиадаға қалтқысыз әзірлеген жаттықтырушысы да. Сондықтан қыздары жөніндегі алғашқы  ата-аналық ықылас сөзді әкенің бастауы қай тұрғыдан да орынды екені анық еді. Әке сөзі өте қысқа болды. Мұны да түсінуге болатын секілді. Басты мәселе ұзын сөзде емес, жүректен шыққан қысқа пейіл мен түпкі нәтижеде ғой. Ал анасы ақтарылды. Бірақ бұлардың бір-бірлеріне ұқсайтын бір нәрселері бар еді. Ол – екеуінің де төлдерінің басы, суларының тұнығы – Катяны жанындай жақсы көретіндері және оның әлі талай асудан асатынына сенімдері еді. Қысқаша тіл қатысу сәті аяқталып, көшеге шықтық. Қуаныш пен шаттық кернеген, әр бұрышына мейірім мен мамыражай тірлік ұялаған Ларионовтар үйі артымызда қалып барады. Өмірге Катюшадай жаны жомарт, байыпты да байсалды, риясыз күлімсірей қарағандағы айдай дидарынан жылы нұр төгіліп сала беретін қайсар да көркем қызды дүниеге келтіріп, тәрбиелеген ерлі-зайыпты Алексей және Наталья Ларионовтарға деген сүйіспеншілік сезім қалды көкейде.  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»  ОРАЛ   iBJNZMUEpCg9999Иван Фёдорович ДЫЧКО Боксшы. Еңбек сіңірген спорт шебері. Рудный қаласы, Қостанай облысы. Рудный индустриалды институтының студенті. 1990 жылы 11 тамызда Қостанай облысы, Рудный қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Лондон, 2012), +91 кг; – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), +91 кг; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Алматы, 2013), +91 кг; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Доха, 2015), +91 кг; – Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Баку, 2011), +91 кг; – Азия ойындарының күміс жүлдегері (Гуанчжоу, 2010), +91 кг; – Азия чемпионы (Амман, 2013), +91 кг. «Құрмет» орденінің иегері. Жаттықтырушылары: Владимир Иванович Шайрер, Юрий Анатольевич Янов, Сапабек Мырзағалиұлы Мұқышев. Рио Олимпиадасының боксшылар турнирінде аса ауыр салмақта сынға түскен жерлесіміз Иван Дычко британиялық Джозеф Джойспен қолғап түйістіріп, 1:2 есебімен жеңіліс тапқанда, көңілде «әттеген-ай» болғанымен, жанды жұбатарлық жағдайымыз да бар еді. Себебі, қатарынан екі Олимпиадада қола жүлде алып жатқан былғары қолғап шеберлері тым көп те емес. Ал жекпе-жектің басы біздің боксшы үшін жаман басталған жоқ. Біздіңше тең көрінген ұрыста төрешілер жеңісті Иванның қарсыласына беріп жіберді. Есесіне, қостанайлық қыран екінші раундта біраз есе қайырды. Бұл есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Сондықтан соңғы раундтан күткен үмітіміз көп болды. Алайда, осы тұста шаршағаны білінген Иван жеңістің салмағын өзіне қарай бұрып кететіндей артық қимыл жасай алмады. Мұны боксшының өзі кейін айтатындай, ол расында барын салды, бірақ шаршап қалуы ойлағанын болдырмады. Бұл жерде екі бірдей Олимпиялық ойындардың жартылай финалында өнер көрсету мүмкіндігіне қол жеткізген Дычконың психологиялық жағынан да қиындық көргені аңғарылды. Жалпы, бұл Рио жерінде қостанайлық боксшы өте жақсы өнер көрсетті. Ол ширек финалда нигериялық күшті қарсыласы Эфе Аджагбаны жеңуге біраз күш жұмсап қойды. Ел-жұрты Иванның бұл табысын қуана қарсы алды. Оны әуежайдан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған үлкен қауым күтіп алды. Аймақ басшысы оған үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Қымбат ДОСЖАНОВА ҚОСТАНАЙ 26-08-16-zaichikovАлександр Сергеевич ЗАЙЧИКОВ Ауыр атлет. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қызылорда қаласы 1992 жылы 17 тамызда Бела­русьтің Витебск облысы, Лепель ауданы, Заслонов селосында туған. – Олимпиялық ойын­дар­дың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 105 кг; – Әлем чемпионы (Хьюстон, 2015), 105 кг. Жаттықтырушысы: Арман Абдраев. Қызылордада үздік ұландары үлкен жарыстарда сынға түсіп жатқанда, олардың өнерін бүкіл ел болып көріп, жанкүйерлік ету үрдісі баяғыдан бар. Бұрынғы Олимпиадаларда Ақме­шіт атырабының азаматтары Илья Ильин мен Алмас Өтешов сайысқа түсетін күні ор­та­лық алаңға жиналып, үлкен эк­ран­нан тама­­ша­лайтын. Бұл үрдіс Алек­сандр Зайчиковке келгенде де үзілген жоқ. Ауыр атлет жарыс жолына шығатын күні  қала жастары әлеуметтік желі арқылы «Мұз айдынына» жиналып, спортшыға қолдау көрсетуге үндеу тастады. Сөйтіп, түнгі сағат 3:00-ден жастар межелі жер­ге қарай ағылды. Ақырында сарайда 300-ге жуық адам А.Зайчиковтің өнерін демін ішіне тартып көрді. Спортшы бағындырған салмақты өздері көтеріп жатқандай сезініп, оның әрбір әрекетін экран арқылы кірпік қақпай бақылады. Жұлқа көтеруден 193 кило зілтемірді басынан асырып тастағанында тұтас зал шулап кетті. Бірін-бірі құшақтап, Зай­чиков­тің жетістігімен құт­­тық­­тап мәре-сәре болысты. Сер­пе көтеруден алғашқы тапсыры­сын 223 кило деп көрсеткенде, жан­­күйер­лер Александрдың жүл­делі орын­ға ұмтылғанын анық бай­қады. Алғаш­қы тапсырысты мін­сіз орын­даған­д­а, жиылған жұрт­шылық дүр ете қалды. Ал екінші тапсырысты орын­дай алмағанда, тұтас зал дүрлігіп кетті. Алайда, үшінші талпынысында 227 кило­ны бағындырғанда, төрешілер оның бұл талпы­ны­сын есептемей тас­тады. Жан­күйер­лердің көңілі су сепкендей басылды. Дегенмен, Зайчиков қоссайыстың нәтижесінде 416 килоны бағындырып, қола жүлдеге ие болғанда, жанкүйерлердің қуаны­шында шек жоқ еді. Өйткені, екі бір­дей саңлағын Олимпиа­да­ға қоса алмай, іштей булығып жүрген жұрт­­шы­лыққа Зайчиков иеленген «қоланың» қадірі «алтынмен» пара-пар болатын.  Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА Отгонцэцэг ГАЛБАДРАХОтгонцэцэг ГАЛБАДРАХ Дзюдошы. Спорт шебері. Шымкент қаласы 1992 жылы 25 қаңтарда Моңғолия астанасы – Ұлан-Батыр қаласында туған. 2015 жылдың қаңтарынан бері Қазақстан Республикасының азаматы. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 48 кг; – Әлем Кубогының күміс жүлдегері (Ташкент, 2012), 48 кг; – Әлем Кубогының қола жүлдегері (Ташкент, 2011), 48 кг; – Еуропа ашық чемпионатының күміс жүлдегері (Братислава, 2013), 48 кг. Жаттықтырушысы: Энхбатар Дашжамц. Дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах Қазақстан құрамасының Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардағы нағыз ақжолтай спортшысы болды. Татамидегі тайталасқа 48 килоға дейінгі тарландар арасында қосылған ол жарыстың бірінші күні қоржынына алғашқы медаль салды. Сол-ақ екен, Отгонцэцэгтің қола медалін артынша Елдос Сметов күміс медаль етіп қайтарды. 24 жастағы дзюдошы қыз Қазақстанға осы Олимпиялық ойындарға қатысу мақсатында келді. Себебі, оның елінде бұл салмақта Уранцэцэг Мунхбат есімді мықты палуан бар еді. Сондықтан 2015 жылғы маусымда Қазақстан азаматтығын алды. 2016 жылғы ақпанның басында Парижде Отгонцэцэг ірі халықаралық «Үлкен дулыға» турнирінде сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Сол айдың ортасында  Дюссельдорф (Германия) қаласында әлемдік Гран-при кезекті кезеңінде күміс медаль алды. Бұдан бұрын 2015 жылғы қарашада ол Циндао қаласында дзюдо бойынша кезекті гран-придің күміс жүлдегері атанған. Рио-де-Жанейро қаласында Галбадрах үшінші орын үшін күресте кубалық Местре Альваресті иппон әдісімен жеңіп, жеңісті жолды бастап берді. Ол екінші белдесуінде жапон Ами Кондодан айласын асыра алмаған. Осылайша ол  бас жүлде үшін таласқа түсу мүмкіндігінен айырылып қалған. Ал бірінші айналымда Отгонцэцэг гвинея-бисаулық Тасиана Лиманы айқын басымдықпен ұтқан еді.  Мұрат АЙТҚОЖА 26-08-16-gorichevaКарина Хаважевна ГОРИЧЕВА Ауыр атлет. Халықаралық дәре­жедегі спорт шебері Талдықорған қаласы Қазақ мемлекеттік қыздар педа­го­гикалық университетінің студенті. 1993 жылы 8 сәуірде Талдықорған қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 62 кг; – Универсиаданың күміс жүлдегері (Қазан, 2013), 63 кг. Жаттықтырушысы: Виктор Алек­сеевич Ни. Жетісу жерінің 23 жастағы түлегі Карина Горичева 63 килоға дейінгі салмақта Рио тұғырында қола медальға қол жеткізгенде, мұндағы көпшілік оны бір жағы заңдылық санады. Олай дейтініміз, ауыр атлетикаға кештеу, 15 жасында келген жасөспірім қыз содан кейін көп ұзамай өзін ірі жарыстарда таныта бастаған еді. Карина зілтемірді қақпақылдай бастағанына үш жыл болғанда, 2011 жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында күміс медаль алды. Келесі жылы қола медальдің иегері атанды. Ал 2013 жылы Универсиаданың күміс медаліне қол жеткізді. Осы жылы әлем біріншілігінде 107+135=242 кило көрсеткішпен төртінші орыннан табылды. Содан кейін 2014 жылы Әлем чемпионатында жұлқа көтеруде алтын медальды иеленді. 2015 жылғы Әлем чемпионатында үздік үштіктің қатарына енді. Енді, міне, осыдан кейін Рио Олимпиялық ойындарында үштіктің қатарынан табылуы оның осы жолдағы бағытының дұрыс екенін көрсетіп берді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН Дариға Оралқызы ШӘКІМОВА 26-08-16-shakimovaБоксшы. Спорт шебері Алматы қаласы 1988 жылы 20 қарашада Петропавл қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 75 кг; – Азия чемпионы (Астана, 2010) 75 кг. Жаттықтырушысы: Виктор Эдуардович Присяжнюк. Қазір Алматы қаласының атынан сынға түсіп жүрсе де, боксшы Дариға Шәкімованы Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы өз адамындай көреді. Себебі, ол Петропавл қаласында туып-өскен. Осында мектепте оқып жүрген кезінде бокс секциясына барған. Алдымен кикбоксингпен айналысып көріпті. Анасы Зейнеппен хабарласқанымызда, ол мұның алдында жаттықтырушылары айтқан әңгімені түгелдей растап берді. Өкініштісі, қызының осындай даңққа жетіп жатқан кезін әкесі Орал көре алмай кетіпті. Дариға облыс орталығынан шеткерілеу орналасқан «Заречный» шағын ауданындағы № 13  мектепте оқыған. Оны бірге оқитын құрбысы Лия Шайдуллина бір күні кикбоксқа алып келіпті. Басында денесі толықшалау қызды жаттықтырушы да қалай қоймағанға ұқсайды. Бірақ ол талапты шәкірт болып шықты. Талапты қыз 2003 жылы келген бетінен өзін жақсы жағынан көрсетеді. Тынымсыз жаттығудың, шүмектеп тер төгудің арқасында  қимылы ширап, гүрзі соққыларымен ерекшеленеді. Келесі жылы кикбоксингтен өткен облыстық чемпионатта қарсылас шыдатпайды. Ал 16 жасында Қазақстан біріншілігіне қатысып, екінші орынға  ие болады. Кейінірек, 2005 жылы Дариға өзімен бірге жаттығып жүрген 10 қызбен бірге Серік Бектұрғанов жүргізетін боксқа ауы­сады. Ол көп ұзамай мұнда да чемпион атана бастайды. Осылайша 64, 69, 75 кило салмақ дәрежелері бойынша еліміздің 7 дүркін чемпио­ны атанады. Азия төрінде 1 рет алтын жүлде алса, Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы, Х.Доспанованы ес­ке алуға, Серік Қонақбаевтың жүл­де­сіне арналған халықаралық турнирлерде жасындай жар­қыл­дайды. Дариға Қытайдың Уланчаб қаласына өз күшіне сеніп барды. Бапкерлердің тапсырмаларын ойдағыдай орындап,  75 кило салмақ дәрежесінде қоржынға жалғыз алтынды салды.  Финалда қытайлық Ли Кюаньды 3:0 есебімен жеңіп, екінші рет «сары құрлықтың» чемпионы тәжін киді. Қыздар арасында Олимпиада  лицензиясын жеңіп алған алғашқы боксшы болды. Рионың жартылай финалында Лондон Олимпиадасының, әлемнің екі дүркін жеңімпазы АҚШ боксшысы Кларесса Шилдспен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол өзін атақты әріптесімен тең дәрежеде өнер көрсете алды.  Өмір ЕСҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан»  ПЕТРОПАВЛ 26-08-16-syzdykovaЭльмира Әнуарбекқызы СЫЗДЫҚОВА Балуан. Спорт шебері Қарағанды қаласы Қарағанды экономикалық универ­ситетінің студенті. 1992 жылы 5 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Каменный брод ауылында туған. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 69 кг; – Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Доха, 2015), 69 кг; – Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Бангкок, 2016), 69 кг; – Азия чемпионатының қола жүлдегері (2014, Ас­тана), 69 кг. Жаттықтырушылары: Владимир Старосельский, Владис­лав Сутормин. Риода қарағандылық балуан қыз Эльмира Сыздықова әуелі моңғол Очирбатын Насанбурмамен боз кілемге шықты. Аса тартысты өткен күрес 2:2 есебімен тең аяқталды. Төрешілер ақылдаса келіп, кілем үстінде белсенділігімен көзге түскен біздің балуанға бір ұпайды артық беріп, жеңісті қолына ұстатты. Қарсы алдынан жарқ етіп жұлдызы жанған Эльмира күшіне мініп, қола медаль үшін болған белдесуде Мысыр елінің балуан қызы Энас Мостафа Юссеф Ахмедті 7:4 есебімен бет қаратпай ұтты. Сөйтіп, Қарағандының қайсар қызы жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтеріліп, Қазақ елінің жүлде қоржынына 12-ші медальді салды. «Бақыттан басым айналып тұр. Маған сенген, қолдаған жұрттың баршасына айтар алғысым шексіз! Олимпиададағы белдесулердің барлығы да өте ауыр болды. Әсіресе, Мысыр елінің балуанымен қола медаль үшін болған белдесу қиынға соқты. Бірақ жаттықтырушылардың тактикалық тұрғыда берген тапсырмаларының арқасында мен жеңіп шықтым. Қазақ еліне рахмет», деді сол сәтте журналистерге берген сұхбатында Эльмира Сыздықова. Ол өзінің 24 жасына дейін күрес әлемінде талай биіктерді бағындырып үлгерген қыз. 2012 жылы жасөспірімдер арасында Азияның чемпионы атанды. Арада бір жыл өткенде Голден Гран-при-2013 турнирінің күміс жүлдегері болды. 2014 жылы ересектер арасында Азия чемпионатында бақ сынап, жүлделі үшінші орын алды. Сол жылы Моңғолияда өткен Гран-при жарысында қарсыластарының бәрін жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Бір жылдан кейін Азия чемпионатында финалда ғана қарсыласына жол берді. Биылғы жыл Эльмира үшін аса табыс­ты жылдардың бірі болды. Алдымен ол И.Ярыгиннің жүлдесі үшін өткен Гран-при турнирінде топ жарса, одан кейін Азия чемпио­натында тағы да күміс жүлдеге ие болды. Ал 18-20 наурызда Астанада өткен лицензиялық турнирде сәтті өнер көрсеткен Эльмира Рио-2016 Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған болатын. Жалпы, Эльмира 69 кило салмақта еліміз бойынша өзінің мықтылығын кілем үстінде талай мәрте дәлелдеген балуан. Мысалы, ол Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында өз салмағындағы 14 балуанның ішінен үздік шыққан болатын. Эльмира Сыздықова спортпен бірге білімді де қатар алып жүрген ақылды қыздардың бірі. Ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене тәрбиесі және спорт факультетін тәмамдаған. Қазір Қарағанды экономикалық университетінде екінші жоғары білім үшін оқып жүр. Бос уақытында балуан қыз ас пісіргенді, кітап оқығанды жақсы көреді екен. Олимпиадаға аттанар алдындағы сұхбатында ол түрік жазушысы Орхан Памуктің шығармашылығына қызығушылық танытып жүргенін айтқан еді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  ҚАРАҒАНДЫ 26-08-16-harkiФархад Ибрагим ХАРКИ Ауыр атлет. Спорт шебері Ақтөбе қаласы Алматы туризм және спорт академиясының студенті. 1991 жылы 20 сәуірде Қыр­ғыз­станның Тоқмақ қаласында туған. 2008 жылдың қаңтары­нан бері Қазақстан Респуб­ли­касының азаматы. – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 62 кг. Дүйсенбі күні Ақтөбе әуежайында жергілікті тұрғындар Олимпия ойындарының қола жүлдегері, ауыр атлет Фархад Харкиді қарсы алды. Спортшыны әуежайдан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күтіп алды. Кешкі сағат сегіз шамасында әуежай алдындағы алаңда ән ойнап, мерекелік көңіл күй шарықтап тұрды. Олимпиада жүлдегерінің Ақтөбеге келуін жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, жас спортшылар мен жанкүйерлер асыға күтті. Жастар патриоттық нақышта жазылған плакаттарын көтеріп: «Алға, Қазақстан!», «Фархад – чемпион!», деп ұрандатумен болды. «Біз Олимпия ойындарында спортшылардың тартысты күресін тамашалап, еліміздің құрамасына бірге жанкүйер болдық, – деді аймақ басшысы. – Қазақстан командасы лайықты нәтиже көрсетіп, екі жүз мемлекеттің ішінен 22-ші орынға қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік. Ауыр атлетикадан қола медальға ие болып, облысымыздың абыройын асқақтатқан Фархад Харкидің жеңісіне қатты қуаныштымыз. Бұл жеңіс үлкен жетістіктердің бастамасы болатынына және Токиодағы келесі Олимпия ойындарында ақтөбеліктер керемет нәтиже көрсететініне сенеміз. Біздің балаларымыз бен жастарымыз Фархад секілді спортшыларымызға еліктеп, көбірек спортпен шұғылданып Олимпиада, Әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарында топ жарады деп үміттенемін». Салтанатты шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Ол жерде спортшыны қала әкімі құттықтады. «Фархадты және ақтөбеліктердің барлығын шын жүректен құттықтаймын. Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 17 медаль иеленді. Бұл еліміз үшін медаль саны жағынан рекордтық көрсеткіш. Фархад Харки секілді спортшылардың арқасында одан да биік жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», деді Ілияс Испанов. Сондай-ақ, спорт ардагерлері Қадыржан Ізғарин мен Владимир Кореньков және облыстық Бейбітшілік пен келісім кеңесі филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов өздерінің құттықтау сөздерін жеткізді. Көрсетілген зор қошеметке қарамастан, 25 жастағы Олимпиада жүлдегері өзін қарапайым ұстады, ниет білдіргендердің барлығымен суретке түсіп, сұрақтарға ынталана жауап берді. «Ақтөбеге медальмен оралғаныма қатты қуаныштымын. Туыстарыма, жаттықтырушылар мен барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл сіздердің жеңістеріңіз! Алға, Қазақстан!», – деп ұрандатты халықтың ыстық ықыласына бөленген спортшы. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»