Саналы ұрпақ өсіріп, сапалы білім мен тәрбие беру баршамыздың ортақ парызымыз болса керек. Ұстаздың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де – осы өлшемдер. Елбасымыз Тәуелсіз Қазақстанның келешегі қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөздері еске түседі. Осы бір аталы ұғым ұстаздар қауымы үшін басты ұстаным болуы шарт.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек,ел ертеңін біліммен қаруландыратын, тәрбие беретін киелі шаңырақ әркез адамзаттың барлық асыл қасиеттерін өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, қоғамдық көзқарастарын дұрыс қалыптастырып келе жатқаны даусыз. Ұстаздар қауымы болса, шәкірттердің жан-жақты дамыған тұлға болып ержетуіне зор ықпал етері кәміл. Бүгінгі мектеп оқушылары – ел тізгінін ұстар ертеңіміз. Білімнің өркендеуі – қоғамның алға жылжуы, өркениетіміздің өнегелі өлшемі. ХХІ ғасырда кез келген елге шырақ болатын да – білім. Ал, білімнің қайнар көзі – мектеп. 2007 жылы пайдалануға берілген қазақ мектеп-гимназиясы облыс орталығындағы іргелі білім ошағы саналады. Қазіргі таңда мұнда 1100 оқушы білім алады. Оларға 23 жоғары, 32 бірінші, 18 екінші санатты мұғалім сабақ береді. Материалдық-техникалық базаға тоқталатын болсақ, 2 спорт залы, 1 бассейн, 2 шеберхана, дәрігерлік кабинет, жантанушыға арналған арнайы бөлме, 2 жаңа модификациялық лингафонды-мультимедиялық кабинет, 2 информатика кабинеті, 22500 кітап қоры бар кітапхана, оқу залы, әдістемелік кабинет, 240 орынды акт залы, жайлы асхана, 77 орынды шағын орталық жұмыс істейді. Интернет қолжетімді, арнайы электронды оқу жүйесі e-lerning-ке қосылған. 2007 жылдан бері үштілділік бағытта эксприменттік білім беріліп келеді. Математика пәні қосымша факультатив курсында ағылшын тілінде оқытылады. 2012 жылдан Назарбаев интеллектуалдық мектебінің іс-тәжірибесі енгізілді. Ұстаздарымыз қазіргі заманғы қажет білімдерді оқушылардың өз бетінше меңгеруіне жүйелі атсалысып келеді. Әр шәкіртті белсенді танымдық үрдіске тарту арқылы алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, интеллектуалдық, денелік күштерін дамытуға, өз ойларын айтуға үйретуден жалыққан емес. Елімізде болып жатқан үдерістер білім беру жүйесіне тың көзбен қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалімнің іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді. Президентіміздің «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім бересіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деген сөзі бүгінгі білім беру жүйелеріндегі оқу-тәрбие үдерісінде заманауи оқыту технологияларын тиімді қолдану арқылы білімі мен біліктілігін арттырудың өзектілігін көрсетсе керек.
Қазіргі қоғам алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – көпмәдениетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру. Оқушы қабілеттерін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Бұл орайда барлық деңгейдегі тамыз конференцияларының берері мол. Оларда білім сапасын арттыру, түпкі нәтижеге бағыттау, мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін арттыру, ақпараттық – коммуникативті мәдениеті жоғары тұлғалық-дамытушылық функцияны жетілдіру секілді өзекті мәселелер талқыланып, нақты міндеттер белгіленеді. Ұлағатты ұстаз атана білу, оны қадір тұту, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, өзін өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, мектебіміздің күн тәртібінде тұрған басты мәселе- білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы – мектеп, ал мектептің жаны – мұғалімдердің басты міндеті – өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлей отырып, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу.
Бұлбұл АХМАДИҚЫЗЫ,
қазақ мектеп-гимназиясының
директоры
Петропавл