кешегі өткен халықаралық конференцияда бұрынғыдан бетер айшықтала түсті
Форум жұмысын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізіп отырды. Оған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Ласина Зербо, Парламентаралық одақтың президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чоудхури, Панафрика Парламентінің президенті Роджер Нкодо Данг, Болгарияның Вице-президенті Маргарита Попова, Маршалл аралдары Нитиджелінің (Парламент) төрағасы Кенеф Кеди, Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Корея Республикасының қосылу министрі Хон Ён Пё, Пагуош ғылым және халықаралық істер қозғалысының президенті Джайантха Дханапала, Әлемдік діндер парламентінің төрағасы Имам Абдул Малик Муджахид, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда 50-ден астам елден келген 200-ге жуық саяси, діни қайраткерлер, сарапшылар мен мамандар қатысты. Сонымен бірге Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, жазушылар мен журналистер атсалысты.
Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтті.
Бұл күнді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы бекітті. Бүгінгі форумды Ядролық қаруды таратпау және жою жолындағы парламентшілердің халықаралық ұйымымен бірлесіп өткізіп отырмыз. Оның жұмысына 50-ден астам елдің өкілдері қатысуда, деді Қ.Тоқаев. Сынақтарға жаппай тыйым салу және ядролық қаруды заңсыз деп тану – бүкіл әскери атом қаруынан құрбан болғандардың алдындағы біздің адамгершілік парызымыз және саяси борышымыз.
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын мәңгілікке жапты. Одан кейін Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа қосылды.
Қазақстан Президентінің шешімдерін шын мәнінде тарихи шешімдер деп айтуға толық негіз бар. Бұл әлемдік қарусыздану тарихындағы алғашқы және соңғы оқиға болды.
Осылай деген Қ.Тоқаев сөзді Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевқа берді (Елбасының сөзі бөлек жарияланып отыр).
Келесі сөз БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы
Майкл Мёллерге берілді. Алдымен конференция жұмысына сәттілік тілеген ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және жою бағытындағы бастамаларын БҰҰ қолдап, оны жоғары бағалайтынын жеткізді. Ядролық қарудан нақты зардап шеккен елдің басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық әлем елдеріне оның зардабының қаншалықты қиын болатынын танытуда. Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұрған халық ядролық қарулардың зардабын әлі күнге бастарынан кешіруде. Н.Назарбаевтың осы ірі полигонды жапқан бастамасын адами құндылықтарды сақтауға ұмтылысы деуіміз керек. Сонымен бірге, ол ұзақ жылдардан бері осы істердің бастамашысы болып келеді. Сондықтан бейбітсүйгіш адамзат оның істерін жоғары бағалайды, деді шетелдік қонақ.
Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік жолында ұзақ жылдар бойы көшбасшы елдердің қатарында келеді, деп бастады өзінің сөзін үшінші болып сөз алған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы
Ласина Зербо. Сондықтан да мен Астанада болып жатқан осынау маңызды конференцияға қатысып отырғаным үшін өзімді бақыттымын деп санаймын. Сонымен қатар, бүгінгі Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінің де маңызы зор.
Қазақстанның бастамасымен қабылданған бұл күні адамзат өзін жаппай қырып-жоятын қаруларға қарсы қандай іс-қимыл жасадым және жасай аламын деп ойлануы керек, дей келіп, Л.Зербо Қазақстанның осыдан 25 жыл бұрын өзіндегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқандығының маңызын да еске салып өтті. Қазақстандағы сол кездегі ядролық қарудың арсеналы әлемде төртінші орында болған, сондай қарудан бас тарту арқылы Сіз адамзатқа дұрыс жолды көрсетіп бердіңіз. Сол ұмытылмайтын еңбегіңіз үшін үлкен рахмет айтамын, деді ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа қаратып.
Болгарияның Вице-президенті
Маргарита Попова өзіне сөз берілгенде Қазақстан басшысының ұзақ жылдан бергі әлемдік бейбітшілікті сақтау жолындағы бастамаларын саралап, оларға өз тарапынан жоғары баға беретінін айтып өтті. Сонымен қатар, ол ядролық қаруды таратпау ұсынысына халықаралық әмбебап режім беру қажеттігін атап өтті.
Бүгінгі күні ядролық қарудың бақылаусыз таралуы өмір шындығына айналып отыр. Жаппай қырып-жоятын қаруға кейбір болжалсыз саясат жүргізетін басшылары бар мемлекеттер мен террористік ұйымдар да қол жеткізіп отырғаны өмір шындығына айналуда. Болгария Республикасы мұны әлемдік бейбітшілікке қауіп деп бағалап, оған қарсы тұратын барлық қозғалыстар мен іс-әрекеттерге белсене қатысатын болады, деді ол.
Сонымен қатар, М.Попова Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің маңыздылығына да тоқталып, оны бүкіл әлем зор дауыспен қостауы керек. Өйткені, бұл құжат бәрімізді де өзара түсіністік пен өзара сыйластыққа шақырады, деді.
Жалпы отырыста сөз алған Коста-Рика Сыртқы істер министрі
Мануэль Гонсалес конференцияға қатысушыларға үлкен жауапкершілік жүктелетіндігіне тоқталды. Бүгінгі басқосуымызды өзімізге жүктелген зор жауапкершілік деп санаймын. Қазіргілер үшін ғана емес, болашақ үшін жауапкершілік. Сонымен қатар, ядролық қаруға тыйым салуға бағытталған жауапкершіліктің орны бөлек, деді Коста Рика Сыртқы істер министрі.
Мануэль Гонсалес әрі қарайғы сөзінде Коста-Риканың халықаралық конференцияның талаптарына толықтай қосылатындығын, халықаралық қоғамдастықты ядролық қаруды таратпауға шақыратындығын білдірді.
Коста-Рика да Қазақстан сияқты халықаралық сенімді байланыстар орнату бағытындағы бейбітшіл барлық бастамаларды қолдайды. Сондай-ақ, костарикалықтардың әскери арсеналды қалпына келтіруді мүлдем жақтамайтынын атап айтқым келеді. Ядролық қаруды қалпына келтіруге қаржы жұмсағаннан гөрі, қаражатты білім беру және басқа да бейбіт шараларды жүзеге асыруға жұмсаған әлдеқайда тиімді. Осылай дей келе, ол бүгін Қазақстандағы Семей полигонының жабылуының 25 жылдығының қарсаңында бас қосып отырғандарына тоқталды. Қазақстан – ядролық қарудан, қару болғанда да бүкіл әлемде қуаты жағынан төртінші орын алатын арсеналдан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Сол себепті бүкіл әлем Қазақстаннан үлгі алуға тиіс. Ядролық қаруы бар мемлекеттер Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға тиіс. Біз ендігі жерде мәлімдемеден нақты іске көшуіміз керек, деді Коста Рика Сыртқы істер министрі.
Бейбітшілік баршаға ортақ қой, дүниенің бір түкпіріндегі көтерілген дауыл келесі шетінде қылаң беруі қазіргі заманда қиын емес. Оның үстіне, ядролық қарудың қаупі жалғыз құрлықпен шектелмейтіні тағы мәлім. Сол себепті Панафрика парламентінің президенті
Роджер Нкодо Дангтың айтқан сөздері де ортақ мүдде төңірегінде тоқайласты. Ол әуелі 254 парламентшіні біріктіретін Панафрика парламенті атынан шынайы ілтипатын жеткізіп, Астанаға өзінің қандай мақсатпен келгенін білдірді.
Қазақстан Президентіне өзіміздің Парламенттік Ассамблеяның шақыртуын әкеліп отырмын. Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамаларын, ядролық қарусыздану мәселесін Парламентте тыңдағымыз келеді. Панафрика парламенті Африка халықтарының Парламенті болып табылады. Және оның құрамында 54 мемлекеттің өкілдері бар. Сол себепті олармен кездесудің өзі маңызды болмақшы. Өйткені, Парламент депутаттары арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл бастамасынан бүкіл Африка халқы жан-жақты хабардар болады. Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі тығыз болған күнде, Қазақстаннан жауапты тұлға келіп, біздің Панафрика парламентінің өкілдерімен сұхбаттасса деген ойдамын, деді Р.Н.Данг.
Терроризм мәселесіне Африка мемлекеттері де үлкен алаңдаушылық білдіреді, деді сөзінің соңында Африка құрлығынан келген мейман. Террористердің қолына ядролық қарудың түсу ықтималдылығы өте жоғары екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да, біз өзіміздің халқымызды да, барлық елдердің халқын да ядролық қарудың қатерінен сақтандыруды қуаттаймыз. Қысқасы, ядролық қарусыздану жай ғана ұран немесе желеу емес. Бұл тұрғыда Қазақстанда қабылданған нақты шаралар бар. Ол күллі дүниеге үлгі-өнеге көрсетуде. Ендеше, Қазақстанның бейбітшіл бастамасына барлық елдер қолдау білдіруі тиіс.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы – тарихи қадам. Яғни, бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды мәселеге айналды, деді жалпы отырыста сөйлеген сөзінде
Хон Ён Пё Корея Республикасының Қосылу жөніндегі министрі. Кезінде КСРО басшылығының Семей полигонының төңірегіндегі халықтан шындықты жасырып келгені тәрізді, қазіргі кезде Солтүстік Корея да ядролық қаруға сынақ жүргізіп жатқаны туралы тұрғындарға жақ ашпайды. Пунгери деп аталатын сынақ алаңынан отыз шақырым ғана жерде қала орналасқан. Радиация салдарынан туындаған зардапқа қатысты ресми зерттеу жасалмаған, алайда, Солтүстік Кореядан қашқан адамдардың мәліметінше, тұрғындардың көпшілігі қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруы және басқа дерттерге шалдыққан. Атап айтқанда, Солтүстік Кореяның билігі ешқашан да ядролық сынақтардың салдары туралы адамдарға түсіндіру шараларын жүргізбеген. Пхеньян бұл фактінің тұтас корей халқының тағдырына балта шабуы мүмкін екенін түсінуі тиіс. Жарқын болашағымыз үшін біз Солтүстік Кореядағы сынақтарды тоқтатуымыз керек.
Кореялық министр, сондай-ақ, Қазақстанның ерікті түрде ядролық қарудан бас тартқанына екпін түсірді. Осының арқасында шетелдік серіктестерінің арасында үлкен сенімге ие болды. Сондықтан да, елге қомақты инвестиция келіп жатыр. Қысқасы, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық державаға айналды. Осы тұрғыдан келгенде Пхеньян Қазақстаннан үлгі алып, өз таңдауын жасауы тиіс, деді Хон Ён Пё. Ол сөзінің соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанын назарға ала отырып, ядролық қарудан бас тарту арқылы мемлекеттер өркендеп, дами түсетіндігін тағы бір еске салды.
Жалпы отырыста Маршалл аралдары Нитиджеды (парламенті) спикері
Кенеф Кеди де ядролық сынақтың құрбаны ретінде сөз сөйлеп тұрғанын білдірді. Ядролық сынақтан аман қалған адам ретінде, Маршалл аралдарында өткізілген ядролық сынақтың құрбаны ретінде сөз сөйлеп тұрмын. Аралдар халқы ядролық сынақтан орасан зор зардап шекті. 1946-1958 жылдары Маршалл аралдарының халқы алпыс шақты сынақтың құрбанына айналды. Бұл қасірет ешбір елде қайталанбауға тиіс, деді К.Кеди.
Астанада өткен алқалы жиында ядролық қарудың қасіретін терең түсінетін екі мемлекеттің өкілдері болса, оның бірі – Қазақстан да, екіншісі – Жапония. Қос қаласына түскен бомбаның зардабын зар-күйікпен жеткізетін де жөні бар Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі
Мотоме Такисава.
Осыдан 71 жыл бұрын Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбалары көптеген адамның өмірін бір мезетте жалмады. Ядролық қару сынағы жапондық балықшыларды сәулеленуге ұшыратып, кейіннен соның салдарынан ажал құштырды. Ядролық сынақтың ауыр зардабын тартқан Қазақстан да атом қаруына қатысты шынайы ақиқатты ерекше түсінетін мемлекет болып саналады. Сондықтан, Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция ядролық сынақтардың радиоактивті сәулелерінің зардаптары жайлы шындықтың барша әлемге кеңінен таралуына үлес қосады. Мен аталған конференцияның өткізілуін құптай отырып, Қазақстанның осы мәселедегі көшбасшылық рөліне құрмет сезімімді білдіргім келеді, деді М.Такисава.
Жапония өкілінің сөзі газетімізде осының алдында толық көлемде жарияланғандықтан, одан қысқаша ғана үзінді келтіргенді жөн көрдік.
Конференция барысында Мысыр Араб Республикасы Сыртқы істер министрінің көпжақты ынтымақтастық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары
Хишам Бадр әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қазақстанның батыл қадамдар жасап, талайларға үлгі көрсетіп келе жатқанына тоқталды.
Жаһандық қауіпсіздік саласындағы ауқымды шараларға Қазақстанның қосып отырған сүбелі үлесі жоғары бағаға лайықты. Сіздердің елдеріңіз ұйымдастырып отырған осы алқалы кеңес әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үлкен маңызға ие екенін дәлелдей түседі. Қазақстан Президентінің бастамасымен бұл бағытта ауқымды мәселелер шешілгенін баршамыз білеміз. Бүгінде елдеріңіз жаһандық қауіпсіздік саласында жоғары деңгейлі жұмыстар атқаруда.
Қазіргі таңда ядролық қаруға қарсы маңызды шаралар атқарылып жатқанымен, бұл мәселеде кейбір мемлекеттердің кереғар көзқараста болып отырғаны бейбітшілік сүйгіш халықты ойлантуда. Біз Қазақстанның ядролық қаруды толық жоюға қатысты ұстанымын қолдаймыз. Осы орайда, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған мемлекеттер мен өзге де елдерді аталған салада бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Жалпы, мемлекеттер ядролық қаруды жою, таратпау жөніндегі шараларын күшейтуі керек. Сол үшін бұл бағытта әрбір елдің саяси еркі болуы тиіс. Мысыр Араб Республикасы 2015 жылы осы мәселелерге байланысты күш-жігерді біріктіре отырып, өзара ымыраға келу қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан, ядролық әлемді бірігіп құруымыз қажет, деді Х.Бадр.
Ал Қызыл Крест Халықаралық комитетінің вице-президенті
Кристин Биэрли өз сөзін осынау маңызды басқосуға шақырған Қазақстан тарапына алғыс айтудан бастады. Одан әрі ол Қазақстан мемлекетінің ядролық қаруды жоюдың, таратпаудың шынайы жақтаушысы екеніне назар аударды.
Қазақстанның осындай алқалы жиынды ұйымдастыруы бұл елдің жаһан қауіпсіздігіне шынайы түрде алаңдайтынын дәлелдей түседі. Қазақстанның ядролық қарусызданудағы бастамалары мен бейбітшілік жолындағы ізгі ниеттерінің мәні зор.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы аталған бастамаларды мақсатты түрде ілгерілетуге тағы бір мүмкіндік жасап отыр.
Осылай деген К.Биэрли өзінің Семейде болғанына да тоқталып өтті. Сол сапарымда көргендерім менің жанымды түршіктірді. Әсіресе, музейге қойылған экспонаттарды, ондағы қасірет шеккен адамдар бейнеленген суреттерді көру жүрегіме өте ауыр тиді. Сондықтан да, Семей жерінде болған алапат жарылыстардың қайталанбауын шын пейіліммен тілеймін, деді ол.
Қызыл Крест қоғамы бүгінгі таңда адамзаттың қауіпсіздігін сақтау бағытында көптеген жұмыстарға ұйытқы бола отырып, барлық мемлекеттерді ядролық қарудан түбегейлі бас тартуға шақырады. Бұл мәселедегі әрбір қадам халықаралық құқық саласында көрініс бергені абзал. Ядролық сынақтарға тыйым салу және одан бас тарту жөніндегі келіссөздер нақты нәтижелерге қол жеткізуімізге мүмкіндік беруі тиіс. Ядролық қаруды пайдалану қатерін төмендету үшін бұл қаруды қысқарту тұрғысында келіссөздерді белсенді жүргізу керек. Бұл, ең алдымен, гуманитарлық қажеттілік. Өркениетті ядролық қарудың апатынан қорғау үйлестірілген іс-қимылдарды талап етеді.
К.Биэрли сөзін: «Негізінде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы бағытта үлкен мақсаттар мен міндеттерді алға қойып отыр. Бұл шын мәнінде барлығымызға ой салуда. Сондықтан біз осындай орынды ұсыныстарды кеңірек талқылап, ядролық қауіпсіздік шараларын жүзеге асырудағы күш-жігерімізді ортақ мүддеге жұмылдыра білгеніміз жөн», деп түйіндеді.
Ғылым және халықаралық істер жөніндегі Пагуош конференциясының президенті, Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қарастыру және ұзарту жөніндегі 1995 жылғы конференцияның төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы орынбасары
Джайантха Дханапала өзінің Қазақстанға деген құрметінің ерекше екенін айта келіп, мемлекетіміздің ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылық рөліне екпін берді.
Кеңес Одағынан қалған ядролық арсеналдың болашағын шешу барысында Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындады. Әсіресе, халыққа қасірет шектірген Семей полигонының жабылуы әлемдік деңгейдегі үлкен оқиға болды. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында жүзеге асты. Бүгін біз Семей полигоны жабылған күнді еске алып отырмыз. Осы арада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде 29 тамызды белгілегеніне ерекше тоқталып өткеніміз жөн, деді Д.Дханапала.
Сондай-ақ, ол жалпы, ядролық қарудан азат әлем құру өте маңызды екеніне тоқталды. Осы мәселеде Қазақстан талайларға үлгі бола алады. Өйткені, бұл ел ядролық қарусыз мемлекет құрудың озық тәжірибесін көрсетті. Мен сөзімнің соңында саяси батыл ерік-жігері үшін Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, елдеріңіздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне өтуімен құттықтаймын, деді ол.
Моңғолияның тұңғыш президенті әрі осы елдің Конституциялық сотының мүшесі
Пунсалмаагийн Очирбат Қазақстанның ізгілік жолындағы батыл қадамдарына назар аударды. Мен бірінші кезекте осы конференцияның маңыздылығын ғана емес, оның дер кезінде өтіп жатқанын атап өткім келеді. Маған дейін айтылып өткендей, «қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі әлемде ядролық қарудың саны азайғанымен, оның қауіптілігі әлі де төмендеген жоқ. Кейбір жағдайда көбейіп отыр деп айтуға болады. Мұның соңы ядролық қаруды жаңадан дамытуға алып келуі мүмкін, деді ол.
Сондай-ақ, ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықаралық қоғамдастық жыл сайын 29 тамызды ерекше атап өтетініне назар аударды. Өйткені, деді моңғолиялық мейман, бұл күн Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде белгіленді. 29 тамызда біз өткенді ой елегінен өткізіп қана қоймай, оны ядролық қаруды, ядролық қауіпті жоюды іздестірудің мүмкіндігі деп білеміз. Қазақстанның ядролық қауіпті азайту және жоюға қатысты нақты іс-шараларын атап өтуіміз керек. Себебі, Қазақстан – бүкіл әлемде қуаты жағынан 4-ші орындағы арсеналдан бас тартқан ел. Сонымен қатар, МАГАТЭ келісімімен Қазақстанда Төмен байытылған уранның халықаралық банкі құрылды.
Сөзінің соңында П.Очирбат Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі бола отырып, белсенді, бейбітсүйгіш саясатын әрі қарай жалғастырады деп ойлайтынын жеткізді. Бұл саясат бойынша Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық әлем құру ұстанымдарына қолдау білдіреді. Жалпы, Қазақстан – Моңғолияның жақын көршісі. Сондықтан біздің еліміз Қазақстанда жүргізіліп жатқан ядросыз әлем құру бағытындағы саясатын толық қуаттайды, деді Моңғолия өкілі.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті, Әзербайжан Милли Меджлисінің (Парламентінің) депутаты
Азай Гулиев Қазақстан Президентінің ядролық әлем құрудағы рөлінің ерекше екеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол 29 тамыз күнінің маңыздылығын, Қазақстанның ядролық қаруға ие бола отырып, одан бас тартуы адамзат тарихындағы үлкен оқиға екендігін сөз етті. Одан әрі ол: «Фукусима апаты ядролық қарудың соншалықты қауіпті екенін көрсетіп берді. Сондықтан да, қауіпсіздік шаралары арқылы біз ядролық қарусыз әлем құру ісіне үлесімізді барынша қосуымыз керек. Ықтимал ядролық апаттардың алдын алу өте маңызды. Әсіресе, ядролық қаруларды заңсыз пайдалануға ниетті күштердің жолын кесуіміз керек», деді.
«Ядролық қарусыз әлем құру» атты бұл халықаралық конференцияның жалпы отырысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады (Елбасының қорытынды сөзі бөлек жарияланып отыр).