30 Тамыз, 2016

Елбасы кітапханасына – Семей өңірінің сыйы

352 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
IMG_4675«Өткен күннен алысы жоқ, келер күннен жақыны жоқ» деген бабалардан қалған сөз бар, – деп еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Тәуелсіздіктің көкжиегіне көз жіберетін болсақ, біз ғасырларға татитын тарихи жолдан өттік. Осыдан ширек ғасыр бұрын әлем жұртшылығы тәуелсіздігін енді ғана жариялаған Қазақстан Республикасын былай қойғанда, «қазақ» деген халықтың бар-жоғын әлі танып білмейтін еді. Бүгінде әлем таныған, күллі дүниежүзі мойындаған Қазақстанның 25 жылдан кейінгі жағдайы дәл осындай болады деп сенудің өзі шынында да қиын-тұғын. Бірақ, бұл – бәріміз куә болған ақиқатты дүние. Содан бергі 25 жылда ұлан-ғайыр ұлы табыстарға қол жеткізе алдық». Сонымен қатар, Президент ел дамуының берік іргетасы қаланып, Ата Заңымыз қабылданғанын, жаңа заңнамалық жүйе қалыптасқанын да үнемі еске алып отырады. Қазақстанның Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан геосаяси жағдайы күрделі екендігіне қарамастан, Президент елін әлемде беделі бар ірі аймақтық мемлекет ретінде танытты. Елбасының қайраткерлік еңбек жолы да ересен, мұны халқы білуі тиіс және өскелең ұрпақ, жастар өнеге алғаны жөн. Өйткені, бұл – тарих. Тарихи құжаттарды сақтайтын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ашылуы Елбасымыздың тарихымызға бей-жай қарамайтындығының белгісі. Ал кітапханадағы жеке мұрағаттың басты міндеттерінің бірі қорды құнды құжаттармен толықтырып отыру болып табылады. Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­хана­сының архив қорын құнды жәдігер­лермен толықтыру мақсатында аталған кітапхана басшысы, белгілі мемлекет қайраткері Махмұт Қасымбековтың бастамасымен арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Осылайша кітапханадағы архив секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин мен аға сарапшы маман Арайлым Жүнісова Семей өңіріне жұмыс сапарымен келді. – Елбасының жеке мұрағатында ол кісінің өмірбаяндық, шығармашылық еңбектері, түрлі құжаттары туралы деректер бар, – деді Жангелді Бержанұлы. – Біз ұйымдастырып, ел назарына ұсынып жүрген көрмелерді тамашалауға келген халық Елбасының күнделіктерін, оқыған кітаптары мен қолжазбаларын, конспектілері мен ғылыми баяндамаларын және сөйлеген сөздерінің қолжазбаларын көріп, жоғары баға беріп жатады. Сондай-ақ, қызмет жолы мен өмірінің әр кезеңдерін қамтитын маңызды дүниелер, мектептегі оқу-үлгерім табелі, тіпті депутаттық билеттері, туған жері туралы деректер де қамтылған. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдаулары, Жарлықтары, Қазақстан Республикасының заңнама­лық құжаттары, әр жыл сайынғы Қазақстанның әр өңіріне жасаған жұмыс сапарлары, кездесулер, жиын­дар және тағы басқалары арқылы да біздің қор үнемі толықтырылып отырады. Ал осында келген бетте жұмы­сымызды бірден облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастадық. Мұражай директоры Бекен Теміров сапарымыздың маңыздылығын жете ұғынып, бізге көптеген тарихи деректер ұсынды. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің қабылдауында болып, қаланың тыныс-тіршілігімен де таныстық. Және бұдан соң, қаладағы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» мекемесінде жұмыс істедік. Мекеме директоры, тәжірибелі мұрағаттанушы Гүлнар Қасымова да біздің алыстан ат арытып келген сапарымыздың мақсатын бірден түсініп, көптеген маңызды мәліметтерді қысқа уақыт аралығында жинап алуымызға мүмкіндік жасады. Семей полигонына байланыс­ты түрлі құжаттар, Елбасының осыдан 25 жыл бұрын сөйлеген сөздері, міне, барлығы осы жерден табылды. Осы тарихи-өлкетану мұра­жай­­ынд­а ТВК-6 телеар­насының бас ре­дакторы Дүйсенбек Жақсы­баев «Семей полигонының жабыл­ғанына – 25 жыл» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, онда Абай ауданындағы Саржал ауылының тұр­ғындары полигонның зардаптары туралы әңгімеледі. Шежіреші-этнограф, жазушы Молдабек Жанболатұлы экологиялық апатқа ұшыраған ел мен жер тағдыры туралы айта келе былай деді: «Кезінде біздің Абай жерінде 18 бұлақ болған еді, жарылыстар салдарынан солардың бірі де қалмады. Семей қаласы кезінде Қазақстандағы ең көркем, ең жасыл қала деп те аталатын, бүгінде олай болмай тұр. Сондықтан халыққа, табиғатқа, жергілікті тұрғындарға Үкімет тарапынан қамқорлық болып жатса құба-құп дейміз». Сондай-ақ, Абай кітапханасына келіп, осындағы атқарылып жатқан жұмыстар көлемімен де танысқан меймандар Абай бар қазақтың данасы, мұнда да ел назарына, шетелдіктерге ұсынатын тың дүниелер бар екен деген ой-пікір білдірді. Жақында ғана осында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай Елбасы қайраткерлігін айшықтайтын виртуалды көрменің тұсаукесері өткен еді. Астанадан келген мамандар ядролық аждаһаның зардабын тартқандардан сол қасіретті жыл­дардың ауыр салдары туралы сұхбат­ты бейнетаспаға жазып алды. Бұдан соң астаналық мұра­ғат­шылар «Қазақстан-Семей» телеарнасында болып, Елбасы кітапханасында атқарылып жатқан тағылымды ша­ралар туралы «Көкейкесті» бағ­дар­ла­масында тікелей эфирде әңгі­ме өрбітіп, ел тәуелсіздігі жайлы маңызды ойларын ортаға салды. «Қа­зақстан-Семей» телеарнасы дирек­торының орынбасары Сайра Нүсіп­баева мұрағатшыларға Елбасының әр жылдары Шығыс Қазақстан облы­сына, Семей қаласына жасаған жұмыс сапарлары туралы фото-бейне жаз­балардың көшірмелерін сыйға тартты. Елбасының тапсырмасымен қолға алынып, халық игілігі үшін салынған Радио­логиялық орталықтың жұмы­сымен танысу барысында мұрағат­шылар қаладағы үкіметтік емес ұйым­дар қауымдастығының вице-прези­денті Николай Исаевпен де жүздесіп, қазіргі таңда полигоннан зардап шеккен тұрғындарға қандай медициналық көмектер көрсетіліп жатқандығы жайлы біраз ақпарат алды. Сондай-ақ, Радиологиялық орталық директорының орынбасары Талғат Жұмасейітұлы радиациядан зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру мақсатында жасалып жатқан ем-шаралармен таныстырды. Қалалық «Семей таңы», «Вести Семей» газетінің редакциясында болып, директор Р.Молдашевамен жүздескен меймандар осы басылымдарда жарияланған полигон тақырыбындағы көптеген тарихи мақалалардың көшірмесін алды. Келесі кезекте мұрағатшылар Абай­дың қорық мұражайында болып, онда «Елбасы Абай елінде» көрмесіне қатысты. «Абай қорық-мұражайы бү­гінде Қазақстан музейлерінің ішін­де өзіндік орны бар іргелі мәдени ошақ­тардың бірі болып табылады», деді мұражай директоры Болат Жүніс­беков. Ал мұражайдың ғылыми қыз­меткері Алмагүл Алдабергенова Ел­басы өміріне орай тың деректер ұсынды. Сапарлар негізінде музей қорына, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде көптеген сыйлықтар келіп түсіпті. Олардың ішіндегі Президенттің қолтаңбасы бар «Зерде» кітабы туралы да айта кетсек, бұл баспа өнімі Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Германияның Нюрнберг қаласында Елбасының тапсырмасымен жасалған болатын. Кітапқа алғаш қолтаңба қалдырған да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан кейін Елбасы кітапха­на­сының мұрағатшылары жазушылар Медеу Сәрсеке және Сейітжан Тәбә­ріковпен жүздесті. «Мен – полигонның тірі куәгерімін, туған жерім – Дегелең, Абыралы өңірі көз алдымда сынақтардан, жарылыстардан көз ашпай, тұмса табиғаттың берекесі әбден кетті. Адам мен жан-жануар уланды. Қаншама халық ауруға ұшырады. Абыралы зұлматы менің ойымда өмір-бақи сақталып қалғандықтан, мен «Семей қасіреті» деп аталатын осы соңғы кітабымды жаздым да. Болашақта мұндай апаттың қайталанбауын тіледім. Сол қиын-қыстау заманда Президенттің халыққа деген жанашырлық сезімін, адамгершілігін ерекше атап өткеніміз жөн», – деді М.Сәрсеке. С.Тәбәріков те қазақ жеріне қырық жыл қара бұлт үйірген сынақтардың енді қайтып келмеуін тілеп, батасын берді. «Кәмила-Мұхтар жұмбағы» атты кітабын сыйға тартып, Елбасы кітапханасының осынау тың бастамасына сәттілік тіледі. Семейде бірнеше күн аялдап, одан кейін Абай ауданында сапарын жалғастырған жұмыс тобы ең алдымен Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімнің басына тағзым етті. Содан кейін Қарауылдағы аудандық өлкетану мұражайының меңгерушісі Малғаждар Жүнісжановпен кездесіп, көрмеге қойылған көне әрі құнды деректер барысымен танысты. – Көзімізге ерекше бір жылы ұшыраған сурет – Елбасының үш жасар баланы көтеріп түскен фотосы, – дейді Жангелді Бимолдин. – Сұрастыра келе, бұл Жидебайдағы Абай мұражай-кешенінің меңгерушісі Әсет Медеуханұлы деген ағамыздың ұлы – Серік деген бала екенін білдік. 1991 жылы Абай ауданына келген сапарында Елбасы көтеріп тұрған Серік Әсетұлы бүгінде үлкен азамат, аудандық әкімдікте жұмыс істейді. Мұндай тарихи фотосуреттер бізге қажет, себебі, біздің кітапханаға келу­шілердің назарына жыл сайын бірегей жәдігерлер, жаңа бейнекадр­лар мен суреттер ұсынылып жатады. Сондықтан да Елбасы өмірінің әрбір дерегі біз үшін аса маңызды болып табылады. Келесі кезекте жасы тоқсаннан асқан абыз қария, Ұлы Отан соғысына қатысқан абайлық жауынгерлерден көзі тірі қалған жалғыз ардагер, ақ тілеулі батагөй ақсақал Жағыпар Жүнісжанов Астанадан ат арытып келген қонақтарды ерекше ілтипатпен, жылы шыраймен, бауырмалдықпен қарсы алды. 1991 жылы ел Тәуел­сіз­дігін алған кезде Елбасына алғаш бата берген халық ақыны, абайлық ақса­қал Шәкір Әбенов еді. Шәкір қарт­тың ізімен ақ тілегін айтып, 1998 жылы Елбасына бата берген осы Жағыпар ақсақал. Ол кісі өзі жазған «Елі ерлерін ұмытпайды» атты кітабын қолтаңбасымен беріп, келген қонақтарға сәт-сапар тіледі. Абай ауданынан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасының кітапханасы архив секторының жетекшісі Жан­гелді Бимолдин мен аға сарапшы маман Арайлым Жүнісованы Курчатов қаласына «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Картоев бастап апарды. Оларды Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) директоры, ғалым Эрлан Батырбеков қарсы алып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды: – Ұлттық ядролық орталық Президенттің қаулысымен 1992 жылы бұрынғы Семей полигоны әскери-өндірістік кешені негізінде құрылған. Орталық қызметінің басты бағыты – Қазақстан аумағында ядролық қару сынағы зардабын жою, бейбіт атомды насихаттау, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мақсатында ғылыми-техникалық өндіріске жол ашу. ҰЯО Еуропа, АҚШ, Жапония, Франция, Бельгия, Ресей сияқты әлемнің көптеген елдерінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Мәселен, Францияның атом энергиясы департаментіндегі инновациялық және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Сильвестр Пивенің айтуынша, Францияда электр энергиясының 75 пайызы ядролық реакторлардан, ал 20 пайызы түрлі басқа энергия көздерінен алынады екен. Олардың алдында тұрған міндеттердің бірі – Франциядағы ескі реакторларды заманауи технологиядағы реакторларға ауыстыру. АҚШ-тың да негізгі энергия көзі атом саласында деп атап айтты осы елдің өкілі Александр Станкулеску. Сондықтан АҚШ өздеріндегі реакторларды 2050 жылы толық жүйелейтін көрінеді, – деді Э.Батырбеков. Бұдан соң ол жұмыс сапарымен келгендерді полигон тарихына арналған мұражайға апарды. «Мұражайда да бұрын-соңды көп­шіліктің назарына ілікпеген құнды құжаттар бар екенін, міне, көріп жатырмыз, – деді Ж.Бимолдин мұра­жайды аралау барысында. – Әсіресе, Сталиннің, Берияның жазған тапсырма нұсқауларының түпнұсқалары тұр. Кезінде мұнда Кеңес Одағының ғалымдары жұмыс істесе, бүгінде қазақстандық ғалым-мамандар еңбек етуде. Олар полигондағы флора мен фауна саласындағы радиоизотоптардың көшкінін зерттеумен айналысып жатыр. Мұражай деректерімен танысу барысында түйгеніміз, осы ҰЯО мамандары зерттеп, бейбіт мақсатта жұмыс істеп отырған жалғыз Семей полигонының ғана аумағы емес, Қазақстан бойынша өзге өңірлердің де экологиялық хал-ахуалы олардың назарында екен. Жапондықтармен бірлесіп, бірнеше жоба жасалуда». Курчатов қаласындағы «Достық» үйінің директоры, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шах­мұрат Төлеутаев жұмыс тобын жылы қа­былдап, қаланың тыныс-тіршілігі­мен таныстырды. – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әскери жабық қала – Курчатовтан барлығы көшіп кетіп, іші қаңырап бос қалды. Елбасы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, Курчатовта Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бейбіт атом саласы дамып жатыр. Бүгінде Курчатов жастардың, ғалымдардың қаласына айналды. Қаламыз гүлденіп, ел тіршілігі жанданды. Осының бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігінің арқасы, – дей келе, Шахмұрат ақсақал мұрағатшыларға өзінің қолындағы құнды әрі тарихи деректерін ұсынды. Сонымен, Семей, Курчатов қалалары мен Абай ауданында 10 күн бойы ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүргізген Елбасы кітапханасының мұрағатшыларынан құралған экспедиция мүшелері қажырлы еңбектерінің арқасында 500-ден астам тың материал жинақтады. Олардың арасында құжаттар, суреттер, бейнематериалдар, түрлі деректер бар. Олардың барлығы Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай Астана қаласында өткізілетін көрмеден орын алып, халық назарына ұсынылуда. Осынау 500-ден астам құжаттың барлығы Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының архив қоры ретінде жинақталып, жүйеленіп, толықтырылады. Электрондық деректер базасы кеңейтіледі. Сондай-ақ, архив қорына келіп түскен құжаттар мен жәдігерлердің құндылықтары басты назарға алынады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА Шығыс Қазақстан облысы, Семей – Абай ауданы – Курчатов қаласы