30 Тамыз, 2016

* Лебіздер легі

295 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ERA_0102 (18)Мұхтар АЛТЫНБАЕВ, Армия генералы, мемлекет және қоғам қайраткері: – Семей полигонында 1949 жылдан бастап 456 ядролық сынақ жүргізіліпті. Хиросимамен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 2,5 мың есе көп. Сондықтан, ядролық полигон уақытында жабылды. Бұл – әлемдегі алғашқы және әзірге соңғы оқиға. Қазақстан дүние жүзіндегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық қаруынан бас тартты. Ол кезде полигонды жабу, ондай шешімге келу оңай болған жоқ. Сондықтан, Қазақстан мұндай қадамға бару арқылы халықаралық қоғамдастыққа үлгі болды. Ол кезде әр түрлі пікірлер болды. Бізде ядролық қарудың үш дивизиясы тұрды. Оларды қалдыру керек, кейбір мұсылман елдерінен қаражат бөлгіземіз деген де пікірлер айтылды. Демек, сондай қиын да күрделі кезеңде Елбасының дұрыс шешім қабылдауы оңайға түспеді. Ядролық сынақтың залалы әлі де бар. Жүздеген жылдар бойы сол жерлерді қалпына келтіру керек. Оны қалпына келтіру де қиын. Мәселен, ауыл шаруашылығына беру үшін көп жұмыс істеу керек. Қазір бұл мәселе де көтеріліп жатыр. Демек, халықаралық ауқымдағы мұндай жиындар ядролық қарусыздану мәселесіндегі кез келген түйіннің нәтижелі шешілуіне ықпал етеді деп ойлаймын. ERA_0102 (7)Бернард НОРЛЭЙН, «Global Zero» ұйымының мүшесі, Франция әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы: – Мұндай конференцияның рөлі айрықша. Себебі, біз қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұрған, оның бағасы күн сайын артып бара жатқан әлемде өмір сүрудеміз. Қазір әлемдегі жағдай күн өткен сайын күрделене түсуде. Сондықтан ядролық қарусыз әлем қалыптастыру және оған ұмтылу стратегиясы халықаралық қоғамдастық үшін маңызды болуы тиіс. Ядролық қарудың қаупі орасан. Ол – өте жойқын қару. Оны қолданудың әсері тек бір-екі елге ғана қауіп-қатер төндірмейді, оның бүкіл әлемге тигізер залал-зардабы көп. Ал Қазақстан – ядролық қарусыздану мәселесінде бүкіл әлемге үлгі көрсеткен бірден-бір ел. Алғашқылардың бірі болып, сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде де көпке үлгі. Бұл ел ядролық қаруға тыйым салу бағытында үлкен жұмыстар жүргізді. Бұл батыл шешім болды. Біз бүкіл әлемді ядролық қарусыздану үдерісіне шақыруымыз керек. Бәлкім, ядролық қаруға иелік ететін елдер өздерін сыртқа мықты етіп көрсеткісі келер. Алайда, ол террористердің қолына түссе, не болуы мүмкін? Мұны ойлаудың өзі қорқынышты. ERA_0102 (16)Тілеухан ҚАБДРАХМАНОВ, Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі: – 1991 жылы Елбасы Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Бұл полигонның зардабын қазақ елі қатты тартты. Ол Кеңес Одағының әлі ыдырамай тұрған кезі. Оны жабу, әрине, оңайға түскен жоқ. Бұл Қазақ елі үшін ең үлкен, ең маңызды шешім болды. Бүгінде атом қаруын қолдану пиғылы бар елдер әлі де жоқ емес. Семей сынақ полигонын жабу сондай әрекеттерге тыйым салуға және оны таратпауға бастайтын бірден-бір жол болды. Яғни бұл ядролық қарусыздану мәселесін одан әрі жылжытуға айтарлықтай дәрежеде сеп болған оқиға деп айта аламыз. Ядролық қарусыздану – үлкен мәселе. Егер, дүние жүзіндегі елдердің арасында ауызбіршілік болса, бұл мәселені шешіп, оны әрі қарай жылжытуға болады. Бірақ ол өте қиын. Шешімі оңай табылатын мәселе емес. Жалпы алғанда, Семей сынақ полигонының жабылуын Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан үлкен үлесі деп есептеймін. Еліміздің БҰҰ шеңберінде, өңірлік шеңберде ұсынып отырған бастамасы көп. Мәселен, оларға Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ қалыптастыру, ядролық қаруды қысқарту, атомды бейбіт мақсатта пайдалану секілді бастамаларын жатқызуға болады. ERA_4984Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: – Семей полигонының жабылуы тек біздің еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің жеңісі болды деп сеніммен айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымыздың тілегіне орай аталған ядролық сынақ алаңын жабу туралы батыл шешімін жаһан халқы үлкен қуанышпен қабылдады. Шын мәнінде, Семей сынақ алаңының жабылуы әлемнің бейбітшілік сүйгіш тұрғындары арасында серпіліс тудырып, ядролық қарусыз қоғам құруға деген ынта-ықыласын арттыра түсті. Өздеріңіз білесіздер, Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Бұл біздің мемлекетіміздің өз тәуелсіздігінің алғашқы сәттерін ядролық қарусыз ел ретінде бастағанын білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанның жетістіктерін мойындамайтын ел жоқ. Олардың барлығы бірінші кезекте біздің елімізді бейбітшілік ұстанымдарына сай келетін бастамаларымен таниды. Сондықтан да, әлем елдері Қазақстанмен етене араласып, жақсы қарым-қатынас орнатуға мүдделілік танытуда. Әрине, мұның барлығы еліміздің беделін өсіре түсетіні сөзсіз. Осы орайда, Президентіміздің еңбегін айрықша атауға болады. ERA_0102 (14)Амангелді САДАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы: – Қазақ халқына қасірет алып келген Семей ядролық сынақ полигоны осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылғаны белгілі. Бұл тарихи шешім адамзаттың есінен өшпейді. Өйткені, әлем қауіпсіздігі үшін жасалған осынау батыл қадам бейбітшілікті жақтайтын Жер шары тұрғындарының келешекке деген сенімін нығайта түсті. Ядролық қарусыз әлем құру – көптің тілегі, әлемнің арманы. Біз Мемлекет басшысының осы бағыттағы ерен еңбегіне әрдайым куә болып жүрміз. Қиюы қашқан тірліктің қисынын келтіріп, көптің қалауына орай сәтті қадам жасай білетін Президентіміздің ядролық қаруды жою, таратпау ісіндегі өміршең бастамалары әлемдік қоғамдастықтан қолдау тауып келе жатқаны әрбір қазақстандықтың мақтаныш сезімін оятады деп ойлаймын. Бүгінгі конференцияда жаһандық саясатта өзіндік орны бар тұлғалар Қазақстанның бейбітшілікке қатысты ұстанымдарын жоғары бағалайтынын жеткізді. Әрине, бұл – елімізге, Елбасының еңбегіне берілген әділ баға. ERA_0102 (9)Видади САЛАХОВ, «Қазақстан әзербайжандары мәдени орталықтары одағының» президенті: – Қазақстан – ядролық қарудың барлық қауіпті қасіретін өзінің арқасымен сезінген ел. Сондықтан да Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өтуге толық құқы бар. Сынақ полигонын жабуға Мемлекет басшысының өзі бел буып кірісті. Өйткені, халықтың қақ ортасынан шыққан белсенді ұлдары сол жылдары бүкіл әлемге танылған қозғалысты ұйымдастыра білді. Қазақтың қасиетті жері ядролық аждаһаның ең ауыр қасіретін басынан кешті. Күні бүгінге дейін оның жарасы жазылған жоқ. Оның толық қалпына келуі үшін әлі қанша жыл керектігі де белгісіз. Адамдардың денсаулығына келтірілген залалдардың қасіретін әлі күнге көріп жүрміз. Жастар арасында да радиация қасіретінің залалдары көрініс беріп жатады. Соның кесірінен қаншама адамның тағдыры тәлкекке түсті. Бүгінгі форум полигонның жабылуының 25 жылдығын атап өтумен қатар, оның қасіретін адамзатқа таныта түсуді мақсат етіп отыр. Кейбір елдер мұның бізге қатысы жоқ деп ойласа, қатты қателеседі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп жүрген бастамалар жалпы адамзатқа қажет, оны әлемнің прогресшіл бөлігі қолдайды. ERA_0102 (13)Сұлтан КАРТОЕВ, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті: – Бүгін Семей ядролық сынақ полигонының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінгі форумды қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлемнің бейбітсүйгіш халықтары атап өтуде. Өйткені, барлық әлем бейбітшілікті қалайды. Ядролық энергияны тек бейбіт мақсатқа ғана қолдануға болады. Сонда ғана ол адамзатқа пайдасын тигізеді. Осы мақсатпен Президент 1992 жылы Қазақстанның ядролық орталығын құрды. Қазір онда атомды бейбіт мақсатқа пайдаланудың бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осындай істеріміз біздің дұрыс жолда екенімізді көрсетеді. Бүгінгі күні бүкіл әлем атомды бейбіт мақсатқа қолдануда Қазақстанның тәжірибесін дұрыс деп санауда. Оған Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін оқып, үйреніп жатқаны мысал бола алады. Қазақстанды алдымыздағы жүздеген жылдардағы әлемнің тағдырын шешуге белсене қатысып отырған қоғам деп батыл түрде айта аламыз. Мен Президенттің ядролық қару бір кездерде ештеңеге де керегі болмай қоқысқа лақтырылатын болады дегеніне шын ниетіммен қосыламын. Адамзаттың ақыл-ойы бір кездерде соған жететін болады. Ал бүгінгідей форумдар сол жарқын күндерді жақындата түсері сөзсіз. Акан БижановАқан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының депутаты: – Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні деп БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген 29 тамызда Астанада антиядролық халықаралық конференция өткізілуінің нышандық мәні бар. Мұны біздің Президентіміздің осыдан 25 жыл бұрын ядролық сынақ полигонын жауып, одан ядролық қарудан бас тартқан істерінің жалғасып келе жатқандығының көрінісі деп ұққан жөн. Н.Назарбаев жаһандық антиядролық қозғалыс тудыру, ядролық қарудан азат аймақтар құру, Ядролық қаруларды сынауға жаппай тыйым салу шартына тезірек қосылу сияқты бастамалар көтергенін білеміз. Осылардың бәрі әлемнің көптеген елдеріндегі прогресшіл адамзат өкілдерінен белсенділікпен қызу қолдау тауып келеді. Қазақстан осы бастамаларды көтере отырып, оны нақты іске асыру жолдарын да көрсетуде. Бүгінгі таңда әлемнің 20-ға жуық мемлекеті ядролық қаруға технологиялық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігіне ие. Бұл адамзатты қатты алаңдатады. Өйткені, ядролық қару ешқандай жауапкершілікті сезінбейтін террористік топтар мен ұйымдардың қолдарына түсіп кетуі де ғажап емес. Осындай жағдайда Президент Н.Назарбаевтың ядролық қаруға жаппай тыйым салуға шақырған үні жалпыадамзаттық проблема екендігі айдан анық көрінеді. Сондықтан да оны қолдау барлық адамзаттың қасиетті борышы деп санаймын. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»