Тұрғын үйдің жайлылығы әр отбасының зор бақыты. Осы мәселенің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында нақты көрініс, тіпті арнайы проблема ретінде көрсетілуі кім-кімді де бейжай қалдырған емес. Әсіресе, бір күрек бойынан-ақ жерасты суы жылтылдап көріне бастайтын біздің Атырау үшін аса өзекті мәселе. Себебі, қаламызда тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары ерекше қарқынды жүргенімен, негізгі тұрғын үй қоры бұдан 30-50 жылдай бұрын салынған, жертөлелері суға толы, кірме дәліз бен пәтер бөлмелері қысы-жазы масадан арылмайтын ғимараттардан тұрады.
Рас, Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа көңіл бөлмей отырған жоқ. Арнайы агенттік құрылды, тұрғын үй қоры, пәтер иелері кооперативтері (ПИК-тер) туралы ережелер шықты. Осы салаға жылма-жыл қырауар қаржы бөлінсе де, еліміздің барлық қалаларында ескі тұрғын үй қорының жайлылығы жақсарып кете қоймай тұр. Қайда да коммуналдық шаруашылыққа бөлінген қаржы көп қабатты үйлердің жертөлелеріне жетпей қалады. Жергілікті коммуналдық қызмет басшылары жекешеленген үйдің жай-күйіне біз жауапты емеспіз деп, барлық міндетті ПИК-терге аударады. Қолында не қаржысы, не техникасы жоқ ПИК-тердің қандай қауқары болмақ? Олардың аула сыпырудан, пәтерақы жинаудан басқаға шамасы жетпейтін мүсәпір халін көріп, тұрғындардың бір бөлігі бірнеше жылдап пәтерақы төлемейді. Ал ПИК-тердің пәтерақы төлемейтіндерге қолданар ешбір шарасы да, қаһары да жоқ. Тіпті борыштыларды сотқа беруге де, баспасөзде жариялауға да заңдық құқы жоқ секілді.
Тұрғын үйлердің жайсыздығына налыған халық амалсыз қала басшылығына арызданады. Алайда, еститінің бір сөз – үйлер жекешеленген, өздерің ПИК құрдыңдар. Жеке меншік үйлердің кондоминимумы үшін тұрғындардың өздері, олардың ПИК-тері жауапты делінеді. Сөйтіп, қала басшыларын да кінәлай алмайсыз. Шынында да жеке адамның үй-жайын жақсарту үшін мемлекет неге қаржы бөлуі керек?!
Талап, тәртіп, ережелер осылай болса, қайтеміз деген халық соңғы оншақты жылдан бері бұл мәселенің оң шешімінен күдер үзе бастағандай еді. Бірақ Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үйдің жайлылығын кішігірім проблема деп қарамады. Бұл Елбасының ірі мәселеге ел халқының бір бөлігінің көкейкесті проблемасы ретінде көңіл бөлгеніне қуаныштымыз. Сөйтіп, «тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құру», сондай-ақ, «жөндеу мен қалпына келтіру ісін қосыла қаржыландыру тетігін жасау» жөніндегі міндеттерді айқындап берді. Енді ПИК-тер туралы ережеге де, жалпы тұрғын үй қатынасы туралы заңға да толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет шығар. Қарапайым халық Елбасы Жолдауында тұрғын үй жайлылығы туралы қиюы қашқан проблема арнайы қозғалғаннан кейін, сонымен қатар, бұл салаға бұдан былай қалған-құтқанды бөлу қағидасымен емес, қаржыландыру тетіктері жасалатындықтан, баршаның «бас ауруы» іспетті түйіндер біртіндеп оң шешімін табарына бек сенеді.
Қилыбай ҚУАНЫШБАЕВ, еңбек ардагері.
Атырау облысы.