30 Тамыз, 2016

Мазасыз жұмыс, мардымсыз жалақы

514 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
7979Қайсыбір өңірлерде болмасын мал дәрігері мамандығы қат деп жар саламыз. Жастарымызды осы мамандықты игеріп, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Үлде мен бүлдеге орап, жақсы өмірді үйіп төгеміз. Осылайша алдағы өміріне сеніммен қараған жастарымыз мал дәрігері мамандығын иемденеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы оқу орындарын бірнеше жүздеген шәкірт тәмамдайды. Бірақ солардың дені бұл мамандықтың қазанында қайнамайды. Міне, мәселенің бәрі осында жатыр. Арман қуып, өзі таңдаған мамандықтың иесі атанғанда талай қиындықпен бетпе-бет келеді. Жұмыстың қарбаластығы, ауырлығы, мойын бұруға мұрша бермейтін қағазбастылық, қала берді, мардымсыз жалақы – осының бәрі жастарымыздың бұл мамандықтан бойын аулақ салуына себепкер болады. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дәл осы тақырып жуырда ел газеті «Егемен Қазақстанда» да көтерілген. 21 маусымдағы № 117 (28845) санында ветеринария саласының ардагері Базарбай Сатайдың «Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?» атты мақаласы көп көңіліндегі түйткілді жайттарды дөп басыпты. Мақалада айтылған кемшіліктер мен проб­лемалар осы уақытқа дейін орын алып келеді. Автор сала мамандарының жанайқайын нақты мысалдармен, дәйектермен дәлелдеген. Мақалада көтерілген мәселелердің барлығына тоқталмасақ та, біз де өз тарапымыздан ой қосуды жөн санадық. Расымен мал дәрігерінің еңбегі – дене жұмысы, яғни қара жұмыс. Олар уақытпен санаспайды. Жылдың қай мезгілінде болмасын осы жұмысқа жауапты. Тіпті демалыста да дегбірін қашырып, әр малдың дәрілеу, егу жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне жанын салады. Жұмыс барысында малдан адамға жұғатын аурулармен тікелей айналысады. Бұл үлкен тәуекелді талап етеді. Сонымен бірге, олардың жұмыстары көбінесе (мал дәрілеуге, тексеруге байланысты жоспарды орындау) ауа райына тәуелді. Шындап келгенде, бұл сала маманда­рының жұмыстары бір орында отырумен бітпейді. Жыл бойы өздері қызмет ететін аумақтағы эпизоотиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауға міндетті. Мұнымен қоса малшылардың жаз жайлауға, қыс қыстауға орналасуларына да араласуларына тура келеді. Міне, бұл жайды да жоғарыдағы сала басшылығы ескеруі керек еді. Сонда олардың барлық құжаттамаларын жік-жікке бөліп өткізу, бөлек тіркеуді талап ету жайы қысқарар ма екен? Ал айлық мәселесі, тіптен бөлек әңгіме. Жоғарыда айтқанымыздай, айлығы шайлығынан артылмайды. Әсіресе, отбасын жаңа құрған мамандар үшін мұндай қиын жұмыстар істеу оңайға соқпайды. Мардымсыз жалақы ақыры жас, қайратты, білікті мамандардың өзге жұмысқа кетуімен аяқталады. Осы күні республикамыздағы ветеринария саласын басқарып отырған лауазым­ды тұлғалар туралы бұл мақалада нақты, өткір айтылыпты. Жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы егу, оларды диагностикалық тексеру (әсіресе бруцеллезге) бұрыннан қалыптасқан, ғылымға және көпжылдық тәжірибеге негізделген іс-шараларды бас­шы­лық жылда өзгертіп отырады деуге болады. Бүгінде ауылшаруашылық малдарын бірегейлендіру заман талабы екенін ветеринар мамандар да, мал иелері де толық түсінген. Оның тиісті компьютерлік дерек қоры қалыптастырылған. Ал енді осыны мал ауруы диагностикасында, әсіресе бруцеллезге серологиялық тексеруде қолдану ветеринар мамандарға қандай қиындықтар туғызатынын аталған мақалада нақты дәлел­денген. Сонымен бірге, мақалада бруцеллезге бір рет оң нәтиже берген малдарды қайталап тексеруге неге жол берілмейтіні де өте ұғынықты түсіндіріліпті. Базарбай Сатай сияқты ардагер әріпте­сіміздің жазғандарымен келісе, қолдай отырып, бұл саланың жоғарғы басшылығынан ғылымға негізделген, тиянақты тәжірибемен бекітілген қағидаларды өзгертулерге жол бермей, ветеринариялық заңдылықтарды қатаң сақтап, ауылдағы мал дәрігерлерінің жұмыс жағдайын, ендірілетін технологиялық жаңалықтардың тиімділігін ескерулері керек дегенге біз де өз тарапымыздан қолдау білдіреміз. Самат МҰСТАФАЕВ, ветеринария қызметкері Алматы облысы, Ұйғыр ауданы