30 Тамыз, 2016

ҚАЗТЕСТ жүйесі

1352 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
ҚАЗТЕСТ жүйесі тапсырмаларының ерекшеліктері мен тіл меңгерудегі ықпалы Биыл қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған отандық ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылғанына 10 жыл толады. Жүйенің негізгі міндеті – күнделікті әлеуметтік ортада азаматтардың қазақ тілін қолдана білу дәрежесін анықтау. Осы арқылы мемлекеттік тілді меңгеру үдерісіне екпін беру, ынтаны арттыру, тілді оңтайлы, тиімді үйрену әдістемелерінің қалыптасуына жағдай жасау. Тілдің күнделікті тұрмыста қолданылу дәрежесін бағалау арқылы тіл меңгерудің деңгейін анықтау әлемде кең көлемде тәжірибеленеді. Негізгі бағыт – тіл үйренушінің сол тілдегі ақпараттарды тыңдап немесе естіп түсіну, оқи білу мен жаза білу қабілеттерін бағалау. Қазіргі таңда ҚАЗТЕСТ жүйесінің мазмұны төрт бөліктен тұрады. Олар мыналар: тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым және жазылым. Әрбір бөліктің ерекшелігіне байланысты тапсырма да алуан түрлі, яғни әрбір тапсырманың өз мақсаты, бағалайтын білік-дағдысы болады. Жүйенің алғашқы бөлігі тыңдалым бойынша күнделікті өмірде қолданыста бар, әрбір деңгейдің лексикалық қорына сәйкестендірілген диалог, монолог, полилог және әр алуа­н мазмұндағы мәтіндер ұсынылады. Тест тапсырмалары аудиомәтіндер және тест тапсырмалары арқылы тіл үйренушінің білік-дағдыларын бағалайды. Анықтамаға сүйенсек, дағды – көп рет қайталау жолымен қалыптасатын автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген әрекет. ҚАЗТЕСТ азаматтардың қазақ тілін меңгеруін бес деңгей бойынша бағалайтыны көпшілікке таныс (А1 – қарапайым, А2 – базалық, В1 – орта, В2 – ортадан жоғары, С1 – жоғары), төменде Тыңдалым бөлігі бойынша (А1, А2 деңгейлері) тапсырма түрлері, тапсырманың мақсаты, тестіленушінің бағаланатын білік-дағдылары көрсетілген:  
 Деңгей   Тапсырма түрлері Тест тапсырмаларының мақсаты Тестіленуші білуі керек білік-дағдылар
А1 Диалогті жалғас-тырыңыз   Бұл тапсырма бойын­ша қарапайым жағдайларда диалогті жалғастырады   Қарапайым жағдаяттарда коммуникацияға қатысу: - қатысымды бастау, жалғастыру, аяқтау формалары; - сөйлеу әдебі формулалары (амандасу,танысу, кездесу, қоштасу, кешірім сұрау, өтініш айту)
А1 Сұхбат-тасушы адамды анықтаңыз   Айтылған ақпарат арқылы сөйлеушінің кім екенін, қандай қызмет атқаратынын анықтайды   - Қажетті деректерді таба алу дағдысы: - сөйлеу фразалары; - кәсіби қарым-қатынастар мамандық иелері; - туыстық атаулар; - отбасылық қарым-қатынас
А1, А2 Диалог кімдердің арасында өткенін анықтаңыз   Диалогтің арасынан қажетті сөздерге мән бере отырып, кімдер өзара сөйлесіп тұрғанын анықтайды Қажетті ақпаратты таба алу дағдысы: - күнделікті тұрмыстық, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда қолданылатын сөздер; - туыстық, мамандық атаулары; - телефон арқылы сөйлесу формалары
 
А1, А2 Диалог қашан өткенін анықтаңыз   Диалогтен уақыт, сағат, мезгіл туралы ақпаратты түсінеді   Қажетті деректерді таба алу дағдысы: - ай, күн, жыл атауларының берілуі; - тәулік, уақыт, мезгіл, жыл мезгілдері; - табиғат, ауа райы
А1, А2 Диалог қайда өткенін анықтаңыз Диалогтен орын, мекен туралы ақпаратты түсінеді Қажетті деректерді таба алу дағдысы: - жер-су атаулары; - мекен мағыналы сөздер
А1, А2 Диалог/мәтін мазмұнын анықтаңыз   Мәтіннің жалпы мазмұнын түсіне отырып, негізгісін, өзекті ойды анықтайды. Негізгі және екінші дәрежелі ақпараттарды ажырата алады Негізгі ойды түсіну дағдысы: - әрбір деңгейге сәйкес жеткілікті сөздік қор; - күнделікті-тұрмыстық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-әлеуметтік жағдаяттарда айтылатын сөздер; - хабарландыру, жарнама.
А1, А2     Диалогке/мәтінге сәйкес ақпаратты көрсетіңіз. Диалогке/мәтінге сәйкес емес ақпаратты көрсетіңіз Берілген төрт жауап нұсқасынан мәтін бойынша дұрыс берілген немесе, керісінше, дұрыс берілмеген ақпаратты таба алады Ақпаратты жіктей алу дағдысы: -орындалатын/орындалған іс-әрекет туралы сипаттама ақпарат беру; -ресми және кәсіби қарым-қатынастар; -әңгіме болып отырған ақпаратты түсіндіру, түсінік беру, мәлімет беру толықтыру, нақтылау, жинақтау, талдау
А1, А2 Диалогте/мәтінде жоқ ақпаратты көрсетіңіз. Диалогте/мәтінде бар ақпаратты көрсетіңіз Мәтін мазмұнына жақын, бірақ мәтінде айтылмаған артық ақпаратты таба алады   Ақпаратты жіктеу дағдысы: -мәтіндегі ақпаратты толық, дұрыс түсіну; -адам, зат, дерек, оқиға, іс-әрекет туралы нақты ақпаратты бере алу, ала алуы
А2 Диалогте/мәтінде жауабы бар сұрақты табыңыз. Диалогте/мә­тінде жауабы жоқ сұрақты табыңыз Мәтін мазмұнына байланысты сұрақтар беріледі. Сұрақтардың біреуіне мәтін бойын­ша жауап беруге болады, яғни мәтінде сол сұраққа жауап бар қажетті деректерді таба алу дағдысы: -мәтіндегі ақпаратты толық, дұрыс түсіну; -адам, зат, дерек, оқиға, іс-әрекет туралы нақты ақпаратты бере алу, ала алуы  
А1, А2 Мәтін тақырыбын таңдаңыз Айтылған бірнеше ойдан бәріне ортақ біреуін таба алады. Өзекті мәселені саралай алады Негізгі идеяны түсіну дағдысы: -терминдер; -әдеби норма; -жеке тұлға және оның қоғамдағы орны
    ҚАЗТЕСТ жүйесінің тағы бір ерекшелігі – лексика-грамматикалық құрылымның бөлек қамтылуында. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша қазақ тілінің грамматикасын тестілеу жоғарыда аталған мемлекеттік стандартқа сәйкес қарапайым деңгейде қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын меңгеру, қарапайым лексикалық бірліктердің қолданысын игеру, олардың мағынасын түсіну, жалғаулардың және етістік шақтарының қарапайым құрылымдар арқылы қолданысы қамтылады. Базалық деңгейде белгілі бір коммуникативтік қарым-қатынасқа түсу үшін қолданылатын құрылымдарды меңгеру, фонетикалық заңдылықтардың қолданысы, сөздердің жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтар, жалғаулардың қызметі, сын-сапаны білдіретін сөздердің қызметі, сан есімдердің қолданысы, болжам мәнді құрылымдар, шақ категориясы беріледі. Орта деңгейде тұрмыстық-әлеуметтік, қоғамдық-әлеуметтік салаларға қатысты және ресми-іс­керлік лексика, синоним сөздер, тұрақты сөз тіркестері, сөздердің жасалу ерекшеліктері, жалғаулар қызметінің кеңеюі қамтылады. Ортадан жоғары деңгейде қоғамдық-әлеуметтік, кәсіби салаларға қатысты лексика, тұрақты сөз тіркестерінің қолданысы, синоним, омоним сөздердің қолданысы, сын есім, сан есімдердің синтаксистік қызметі, құрмалас сөйлемдер ұсынылады. Жоғары деңгей мазмұны ұлттық мәдениет пен ұлттық танымға қатысты ұғымдарды берумен, жай сөйлем түрлерінің қолданысын білумен, сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрастырылуы, мағыналық жағынан ажыратылуымен толықтырылады. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тестіленушінің тілдік білімі функционалды тұрғыдан бағаланады. Тест тапсырмалары тестіленушінің тілдік бірліктердің функционалды (қолданым) ерекшеліктерін ажырата алу дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын құрастыруда тілдік терминдер қолданылмай, тест тапсырмасын кез келген мамандық иесі түсіне алатындай, мәнмәтінге, лексикалық-грамматикалық құрылымдардың тіркесуіне қарай, дұрыс жауапты таңдай алатындай етіп беріледі. Тест тапсырмалары мағыналық жағынан анық болып, онда жартылай түсініксіз, сирек қолданылатын, диалект сөздердің болмағаны абзал, әрине, бұл талаптардың орындалуы ҚАЗТЕСТ тарапынан қатаң түрде бақыланып отырады. Мысалы, тестіленушінің лексикалық қорын анықтау, синоним сөздерді ажырата алу дағдысын қалыптастыру мақсатында: – Мағынасы жақын сөздерді табыңыз; – Мағынасы қарама-қарсы сөздерді және т.б. табыңыз. Тест тапсырмаларының сапалы, ықшам, деңгейге сай болып құрылуы үшін тілдік материалдарды екшеп, сұрыптап алу өте маңызды. ҚАЗТЕСТ азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын еліміздегі бірден-бір біріздендірілген жүйе, сондықтан ондағы тапсырмалардың талапқа сай, мінсіз болуы ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Сөйлеу әрекетінің тағы бір маңызды түрі – оқылым, себебі, тіл үйренуші кез келген сөйлеу әрекетінің басқа түрлерін осы түрі арқылы іске асырады. Ғылыми анықтама бойынша оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу. Оқылым бөлігінің негізгі құрылымын анықтайтын ең басты көрсеткіш – мәтін. Мәтін қызықты, өзекті, күнделікті өмірге сай, шынайы және адамның эмоционалды-психологиялық күйіне кереғар әсер етпейтін болғаны жөн. Оқылым бөлігі мәтіндерінің құрылымы тіл үйренушінің тілдік қабілетіне (қазақ тілін меңгеру деңгейіне) сәйкес түсінікті, ғылыми тұрғыда сұрыпталып, өңделген болғаны дұрыс. Зерттеуші-ғалымдар мәтіндерді әр қырынан қарап, түрлі талаптар қояды. Мәтін шартты түрде үш қырынан: мазмұндық-әдістемелік, лексика-синтаксистік және стильдік жағынан тексеріліп, бағаланады. Мәтіннің мазмұндық-әдістемелік сипатына: ғылыми мазмұны, оның өзектілігі, қайталаусыз жүйелі баяндалуы, теориялық абстракциялық деңгейі, әр деңгейге және тіл үйренушінің білімі мен логикалық ойлау деңгейіне сәйкестілігі, терминологиялық сөздердің бірізді қолданылуы, түрлі ақпараттық және фактілік материалдардың мөлшері және т.б. жатады. Деңгейге байланысты мәтін көлемі мен тапсырма саны өзгеріп отырады. Мысалы, А1 деңгейінде тапсырма саны 2-5-ке дейін, ал мәтін көлемі 2-3 сөйлемнен басталып 100 сөзге дейін өседі. Мәтін түрлері хабарлама, қысқаша SMS-хат, жарнамадан басталып шағын мәтіндерге дейін ұлғаяды. Әр деңгей бойынша берілген тапсырма түрлері белгілі бір білік-дағдыларды қалыптастыруға негізделген және деңгей өскен сайын білік-дағдылар да күрделеніп отырады.
Тест түріндегі тапсырма Берілген тест тапсырмалары арқылы қалыптасатын білік-дағдылар
Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты таңдаңыз Қысқа мәтінді толық түсінуіне, берілген ақпараттан өзіне керек мәліметті ажырата алады. Қарым-қатынас түрлеріне тән сөз әдептерін игереді
Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз Мәтіннен өзіне керекті негізгі ойды білдіретін мағыналы, маңызды сөздерді іріктей алады. Тірек сөздерді қолдану арқылы өзінің сөздік қоры арта түседі. Іскерлік қатынастағы тіл табысуға қажетті тілдік амалдарды орнымен жұмсай алады
Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты табыңыз Берілген ақпараттан керекті толық және нақты мәліметті іріктеп алып, өз ойын жинақтап ақпаратты нақты, дәл, толық жеткізе біледі. Ойды айқын, әсерлі жеткізуде сөз мағыналарын дұрыс қолдана алады. Тіл табыса білуге қажетті коммуникативтік дағдыларды меңгереді
Мәтінге нақтырақ тақырып таңдаңыз Күрделі емес мәтіндегі дәйектемелер тізбегін түсініп, қорытынды жасай алады. Мәтіннен негізгі ойды ажырата алу дағдысын меңгереді
Мәнмәтіндегі (контекстегі) асты сызылған сөз тіркесінің мағынасын ашыңыз Мәтінде берілген сөз тіркестерін түсініп, күнделікті өмірде қолдана алады. Сөз сапасына қойылатын талаптарды анықтай алады. Іскерлік қатынасқа тән сөз орамдарын пайдалана алады
Мәтін мазмұнына мақал-мәтелді сәйкестендіріңіз Сөз құдіретін танытатын мақалдар мен даналық сөздерді сөйлеу дағдысына сіңіреді
    Оқылым мәтіндер негізінде жүзеге асырылады, сондықтан, тілді меңгерушіге тілді үйретуде күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарды негізге ала отырып, тіл меңгерушінің сөйлеу дағдыларын қалыптастырады әрі мәтіндерге қызығушылығын арттырады. Тыңдалым және оқылым сөйлеу әрекетінің өнімсіз түрлеріне жатса, жазылым және айтылым сөйлеу әрекетінің өнімді түрлері болып табылады. Кез келген өнімді алу үшін оған күш, қарқын, уақыт жұмсалады. Оларсыз өнім алу яғни, сапалы жақсы өнім алу мүмкін емес. Сөйлеу әрекетінің түрлері айтылым мен жазылымда да осындай. Тыңдалымда да, оқылымда да сондай күш, уақыт жұмсалады, ойланып жұмыс жасалады, бірақ ол жерде тек дайын берілген ақпараттың ғана мән-мағынасы ашылады, ал айтылым мен жазылымда сол ақпараттың көзі адамның өзі, тіл үйренуші болады. Сондықтан ол өз ішінен өнім шығаратын болғандықтан өнімді сөйлеу әрекеті деп аталады. Тіл үйренушінің жаза білу қабілетін қалыптастыратын, дамытатын сөйлеу әрекетінің келесі түрі – жазылым әрекеті арқылы іске асып жүр. «Жазылым» термині «жазу» деген мағынаны емес, «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді. Жазу ауызша сөзді жай ғана таңбалап қана қоймай, адамның тіл туралы түсінігін кеңейтеді, тереңдетеді және ең бастысы, тілдің күрделі деңгейге дәл жетуіне әсер етеді. Тіл үйренуші бірнеше рет тыңдалған немесе оқылған мәтінді сауатты жазғандығын, берілген сұрақтарға сүйене отырып, көрсетілген коммуникативтік тапсырмаға сай, ұсынылған тақырып бойынша өз атынан мәтін құрағандығын бағалауда ҚАЗТЕСТ жүйесінде бірнеше жазба жұмыстары ұсынылады және әр деңгейде жазба жұмысының түрі нақты анықталған. А1, A2 деңгейлерде – диктант, B1, B2 деңгейлерде – мазмұндама, C1 деңгейде – эссе. Тестіленушілердің жазбаша сөйлеу тілінің, орфографиялық дағдыларының қалыптасқандығын, өз ойын жазбаша дұрыс бере білуге дағдыланғанын анықтау жаттығу жұмысының тәжірибелік әдістерінің бірі – диктант арқылы айқындалады. Диктант және диктант мазмұны бойынша берілген тапсырмаларды орындауда бағаланатын дағдылар мен тестіленушінің білуі тиіс біліктіліктері:  
Деңгейі Тапсырма түрі Біліктіліктер Бағаланатын дағдылар
А1, А2 Диктант • грамматикалық, лексикалық сауаттылық, қосымшаларды орынды қолдана алуы; • тиісті орынға тыныс белгілерін қолдану ережелерін білуі; • сөйлемді сауатты құрау, сөйлем мүшелерінің тиісті орындарын білуі; • деңгейге сәйкес лексикалық қорының болуы. • орфография мен тыныс белгілерін сақтап, сөйлемді дұрыс жаза білу дағдысы; • қарапайым жай сөйлемдерді құрастыра білу дағдысы; • мағыналас сөздерді пайдалана білу дағдысы; • сөздер мен сөйлемдерді өзгертіп жаза алу дағдысы.
    Тестіленушілердің оқылған мәтінді жүйелі баяндай білу қабілеті көрінетін, жазбаша тілін дамытуда жүргізілетін жазба жұмысының келесі бір түрі – мазмұндама. Алдымен тыңдалған мәтін негізінде жоспар құрылады. Жоспарға сәйкес өз сөздерімен мазмұндама, сонымен қатар, оған берілген тапсырмаларға жауап жазылып, соңында ресми құжат түрін рәсімдеу ұсынылады. Мазмұндама жоспарын құрастыру – жазылымға дайындық жұмысы болып табылады. Жоспардың құрылымына қарап логикалық ойлау қабілеті бағаланады. Жоспар мәтіннің бөліктеріне ат қою мақсатын көздейді және ол мәтінді оқып, талдаған соң құрастырылады. Мазмұндама жоспар негізінде жазылғанда тиянақты ойды білдіреді. Мазмұндама жазуда келесі дағдылар ескеріледі: Ø мәтінге жоспар құрай алу дағдысы; Ø тыңдалған мәтіннен негізгі мәліметтерді, мәтіннің мәнін логикалық түрде жаза алу дағдысы; Ø мәтін бойынша өз ойын, көзқарасын, пікірін дәлелдерді пайдалана отырып жаза білу дағдысы; Ø мәтіннің көлемін сақтап, мәтінді қайталамай, стилін бұзбай, мазмұнын мәтіннен алшақтатпай жеткізе білу дағдысы; Ø өздігінен қорытынды жасай алу дағдысы. Тапсырманы беруде тестіленушінің жас шамасына, тілді білу деңгейіне қарай материалдар таңдап берілсе, тестіленушінің қалыптасқан дағдылары нақты бағаланады. Сұрыпталып берілген мәтіндер мен тапсырмалар тестіленушінің дұрыс оқып, жазуына, ондағы ақпараттарды ұғынуына жетелейді. Тағы бір бағаланатын жазба жұмысының түрі – эссе. Ол қандай да бір берілген өзекті тақырып аясында кең түрде орындалатын жазбаша жұмыс. Жазба жұмыстарының бұл түрінде адамның дүниетануға деген құлшынысының артуы, өз бетімен дүние сырын танып білу құштарлығының оянуы байқалады. Тестіленушінің берілген тақырып бойынша эссе жазуы оның іс-әрекетін, өз қабілетінің, тілдік білімінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. С1 деңгейі кезінде бағаланатын дағдылар: Ø берілген тақырыпты жан-жақты талдап, нақты жос-пар құра алу дағдысы; Ø тақырыпты өз сөзімен ашып, логикалық түрде ойын жеткізе білу, сөз етіп отырған жайды рет-ретімен, ұсынылған тірек сөздерді, қыстырма құрылымдар мен шылау­ларды қолданып, жүйелі баяндап жазу дағдысы; Ø айтылған пікірді жинақтап, тұжырымдап, қорытынды жасай алу дағдысы. Тестіленушінің бұл дағдыларды толық игергендігін өздерінде қалыптасқан білімдері арқылы білуге болады: – жоспар құруда аз сөзге көп мағына сыйғыза алу; – жай сөйлем, құрмалас сөйлемдердің түрлерін білу; – кіріспе, негізгі ойлар, қорытынды жасай алу; – оқиғаның байланысы, оқиғаның шарықтаған жері, шешілуін баяндай алу; – жинақтап, тұжырымдар жасай алуы; – сөйлемді сауатты құрау, сөйлем мүшелерінің тиісті орындарын білуі; – деңгейге сәйкес лексикалық қоры болуы. Тіл үйренушінің тілді қаншалықты меңгергендігі оның тіл тазалығынан көрінеді. Ал, тіл тазалығы – тіл үйренушінің сауатты жазып, тілдік элементтерді дұрыс пайдаланып, жатық, анық жеткізуде. Демек, тіл үйренушінің тыңдап түсіну, оқып түсіну және лексика-грамматикалық құрылымды дұрыс пайдалана білу қабілетін жазылым бөлігі нақтылай отырады. Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы