Жасыратыны жоқ, Семей полигонын ешкім ашық айта алмайтын. Кеңес заманында Семей полигоны ұлт дертінің жасырын ошағы болды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезде ғана бұл мәселе қоғамдық деңгейде көтеріліп, әлем елдерінің назарын аударды. Елордада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция осының айғағы.
Елбасымыз «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі жалпы адамзат алдындағы қауіпті ашық айтып, жетекші державалар арасындағы текетірестің жаһандық соғысқа ұласуынан қауіптенетінін, Мемлекет басшысы ретінде алаңдайтынын әлем назарына салды.
Азуы айды білеген қанқұйлы дәуірден де өтіп, еңсесін көтеріп, есін жиған Қазақ елінің бастан кешкені бұл жиында да бүкпесіз айтылды. Жиырма бес жыл бұрын жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қараша жұрттың қасіреті мен жанайқайына құлақ асқысы келмегендердің бір сәт ойланып, кідіріп қалуына тура келгендей. Естігенін айтуға, көргенін жариялауға болмайтын шідерліге жан бітіп, әлем қауымдастығының алдында ой тасталды. Жеті басты айдаһарға жан бітіргісі келетін адамзат ойының ұшқыр қиялы бір сәт демін жұтып, күнәсіз құрбандардың көз жасынан бас тартуды да қалайтын күн туар.
Назым Хикмет: «Сен жанбасаң лапылдап, Ол жанбаса лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ», депті. Мың өліп, мың тірілген қазақ жұртының аспаны ашылып, Мәңгілік Елге жол бастайтын күн туды.
Роза МҰҚАНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург
Астана