01 Қыркүйек, 2016

Бейбітшілік жолындағы бәтуа

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Габит«Тентек шоқпар жинайды» деген сөз бар қазақта. Осы сөзді заман ыңғайына қарай өрнектесек, «Тентек ел қару жинайды» деп айтуға дәл келетін тәрізді. Қару болғанда да қандай қару десеңізші, ядролық қару. Іске қосыла қалған күнде халықты жаппай қырып-жоятын арсенал. Хиросима мен Нагасаки ядролық қарудың трагедиясын күллі дүниеге әйгілеп берді емес пе? Ядролық сынақ жүргізудің залалы мен зардабы қандай болатынының тағы бір дәлелі – Семей полигоны. Ядролық қару демекші, күні кеше ғана елордада әлемнің 50 елінен келген жақсылар мен жайсаңдар ядролық қарусыз әлем құру төңірегінде әңгіме-дүкен құрып, озық ойларын ортаға салды. Ядролық қарудың ешкімге опа бермейтіні, адамзат атаулыны біржола құрдымға жіберетін қару екендігі туралы қайта-қайта айтылды. Жалпы, отырыста болсын, секцияларда болсын сөз алған шешендердің қай-қайсысы да Қазақстан Президентіне алғысын, ыстық ықыласын білдірді. Шетелден келген қонақтардың алғысын білдіретіндей-ақ жөні бар, әлі Қазақ елі тәуелсіздік алмаған кездің өзінде Қазақстан Президенті өзінің қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын Семей полигонын жабуға Жарлық шығарды. Осылайша, Қазақстан күні бүгінге дейін ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр. Тіпті, ширек ғасыр бұрын ядролық қаруды сақтап қалуды сұрап, Қазақ елінің басшысына өтініш айтқан, мұсылман әлемінің аманатын жеткізген елдер де табылыпты. Алайда, шоқпар жинаудың түбі жақсылыққа соқтырмайтынын терең түсінетін Нұрсұлтан Назарбаев алып арсеналдан түбегейлі бас тартты. Астанада өткен алқалы жиында Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқаны төңірегінде де жиі-жиі әңгіме қозғалып, халықаралық конференцияға қатысушылар Елбасының бейбітшіл бастамаларына қолдау көрсетті. Олай дейтін жөні бар бас қала қонақтарының. Басқасын айтпағанда, биылғы жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Қазақстан Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялаған болатын. Ол сол манифес­те әлемдегі ахуал туралы, күштілердің текетіресі төңірегінде айта келіп, «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола алмайды, онда бәрі де жеңіледі» деген еді. Елбасының осы пікірі төрқаладағы жиын барысында да оған қатысушылар тарапынан сан мәрте қайталанды. Оған қоса, «Ядролық арсеналы бар мемлекеттер Қазақстаннан үлгі алу тиіс» деген сөз де қайта-қайта айтылды. Ядролық қаруы бар елдер жаппай қырып-жоятын қарудың зардабын да жақсы біледі. Әйтсе де, ядролық шоқпардан бас тартуға ешқайсысының мойны жар бермей, асқақ кеудемсоқтығын жеңдіре алмай келеді. АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, ҚХР сияқты ядролық қарудың қожайындары әлі күнге дейін «қару барда, қауіп жоқ» деген саясатты ұстанады. Әйтпесе, әлем жұртының басым көпшілігі қатерлі қаруды таратпау идеясын қолдайды. Соның бір айғағы, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты 188 ел қолдаса, одан Израиль, Пәкістан мен Үндістан ғана тыс қалды. 2003 жылы Солтүстік Корея шарттан шығатынын мәлімдеді. БҰҰ ықпалымен әуелі Антарктида, сосын Кариб бассейні елдері, Тынық мұхиты жағалауында жатқан елдер, кейінірек Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ядролық қарудан азат аймақ деп жарияланған еді. Бүгінде әлемнің 115 мемлекеті осындай аймақтың қатарына кіреді. БҰҰ Таяу Шығысты ядролық қарудан азат аймақ деп қарар қабылдағанымен, ұсыныс әлі жүзеге аспай отыр. БҰҰ ядролық қаруды сынауды біржола доғару туралы ұсыныс жасаса, оны 181 ел қолдап, 150 мемлекет бекітті. Келісім күшіне толық енуі үшін АҚШ, Қытай, Израиль, Иран, Пәкістан және Солтүстік Корея қол қоюлары керек. Ядролық қауіпсіздікке қатысты әлемдік картинаның әзірге көрінісі осындай. Астана жоғарыдағы қауіпсіздік картина­сын­дағы көңілге қуаныш сыйлайтын бояулар­ды көбейтіп, бейбіт рәуіштегі қимылдарға басым­дық беретіндей тағы бір қадам жасады. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен алқалы жиын­ға қатысушылар ядролық қарусыз әлем құру жө­нінде бәтуаласты. Ең бастысы, Қазақ­станның төрқаласынан тараған бейбітшіл баста­ма жаһанның бұрыш-бұрышына жетіп, бейбіт­шілікті қуаттайтын халық қолдауына ие болады деген сенімдеміз. Беделді қару жинау арқылы емес, бейбітшіл бастамалар арқылы биіктетудің орны бөлек екенін «тентек елдер» түсінетін кез келді. Оған Қазақстанның ұстанымы дәлел. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»