01 Қыркүйек, 2016

Алдағы басымдықтар айқын

246 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Парламент (2)Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті VI сайланымының  екінші сессиясы өз жұмысын бастайды. Парламент өзінің негізгі міндеті – заң шығарудан басқа елдегі демократия үдерісінің қай деңгейде екендігін көрсететін айнасы іспеттес. Оның жұмысының барынша ашық, барынша мөлдір, жарияланымды болуын сайлаушылардың талап етуге де қақы бар. Өйткені шығарылатын заңдар – ел өмірінің жақсылыққа өзгеруіне ықпал ететін басты құжаттар. Сондықтан әрбір азамат олардың экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ел мүддесін жақтауын тілейді. Әсіресе жаңадан сайланған Мә­жіліс депутаттарына деген үміт зор. Ұсынылған заң жобасын алғаш­қы болып мақұлдап, барынша жетіл­діруге тиісті палата осы болған­дық­тан ел назары көбінесе соған ауып, бар үмітін соған артады. Еске сала кететін болсақ, алтын­шы шақырылымның сайлауы үсті­міздегі жылдың 20 наурызында өтті. Онда Парламентке өту табал­дырығын (7 пайыздық дауыс үлесі) сайлауға түскен алты партияның үшеуі еңсеріп, Мәжіліс құрамына кірді. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы – 82,2%; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,18%; Қазақстан Коммунистік Ха­лық партиясы (ҚКХП) – 7,14% дауыс үлесін жинап, партиялық тізі­м бойынша «Нұр Отаннан» – 84, «Ақ жолдан» – 7 және ҚКХП-дан 7 адам депутаттыққа өтті. Ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Алтыншы сайланған Мәжі­ліс құрамына алдыңғы шақыры­лым­ның 43 депутаты енді. Бар­лық де­пу­таттар саны 107 болған­дық­тан депу­тат­тық корпус 60%-ға жаңар­ды. Мәжілістің жаңа құра­мын­да ер­лер 78 (73%), әйелдер – 29 (27%) адам. Депутаттардың орташа жасы – 55, соның ішінде 40 жасқа дейін­гілер – 7, 40-тан 60-қа жасқа дейін­гі­лер – 77 және 60 жастан асқандар – 23 депутат. Шақырылымның алғашқы үш айында Мәжіліс Төрағасы қызметін Бақтықожа Ізмұхамбетов атқарған, ал алғашқы сессия өз жұмысын аяқ­тар алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Төр­аға болып белгілі мемлекет қай­рат­­­кері Нұрлан Нығматулин сай­­­лан­ды. Ол бұған дейін де бе­сін­­ші сайланған Парламент М­ә­жі­­л­і­сі­нің Төрағасы қызметін 2012-2014 жыл­­дары атқарған бола­т­ын. Одан әрі екі жыл атқарған Прези­­дент Әкім­шілігінің Басшысы қыз­меті­нен қайта оралып, алтыншы ш­ақы­рылымның Төрағасы болып сай­ланғанда, көптеген депутат­­тар оның сол кездегі іскерлігін, ба­­­тыл шешімдерін ауызға ал­ған еді. Біз, БАҚ өкілдері де Нұр­лан Зай­рол­лаұлының демо­кра­тия­­лық құн­дылықтарды қат­ты баға­лай­ты­нын, Парламент жұмы­сы­ның ашық әрі мөлдір болуын жақ­тай­­тынына куә болғанбыз. Жаңа сес­сияның жұмысы алдындағы ой­лары­мен бөлісуді сұраған «Власть» Ин­тернет журналының тілшісі И.Севостьяноваға берген жауабында ол: «Қоғам алдында тұрған және оларды парламент шешуге тиісті барлық мәселе­лер бойынша кең ауқымдағы әріптестік орнатуды мен бірінші кезектегі міндет деп білемін. Бүгін Мәжілісті елдегі барлық қоғам­­­дық және саяси күштердің, соның ішінде Парламент қатарына өтпеген саяси партиялардың, үкі­меттік емес ұйымдардың, кәсіп­одақ­тардың қоғам­дағы барлық маңыз­ды мәсе­лелер бойынша пікір алмасуға мүм­кіндік жасай алатын тиімді диа­лог алаңына айналдыру керек. Көп партиялы парламенттің фор­маты түрлі талқылаулары, пі­кір­сайыстары, дебаттар мен келіс­сөздері болатын белсенді саяси диалогтарды қолдау екенін түсіну керек», деді. Егер Мәжіліс осындай сапаға көтеріле алса, ол шын мәніндегі демократиялық парламенттердің озық үлгісінің бірі болары сөзсіз. Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, алдағы уақытша комитеттердегі талқы­лау­ларға, жұмыс топтарының оты­рыс­тарына дейін БАҚ өкілдері жібе­ріліп, тіпті салыстырмалы кесте­лер­мен де танысуға рұқсат берілетін болады. Алдағы жоспарлар туралы сұра­ған жоғарыда айтылған тілші­нің сұрағына спикер: «Алдағы жос­пар дегеніміз барынша қара­пайым деуге болады. Ол – депу­тат корпусындағы барлық әріп­тес­­терімізбен бірге Мемлекет бас­шы­сы алдымызға қойған міндет­терді тиімділікпен орындау үшін бар­лық күшімізді салып жұмыс істеу. Ол үшін Президенттің Пар­ла­­мент сессиясының жұмысын аш­­қа­­нында, Қазақстан халқына ар­­на­­ған Жолдауларында және бас­қа сөздерінде заң шығару мәсе­ле­лері­не қатысты айтылған бар­лық тапсырмаларын сарап­тадық. Сарап­тау барысында не орындалып, не орын­далмай жатқанын аны­қтадық. Сонымен қатар заң шығару мәсе­лелерін тиімді жүргізуге қол­байлау болып жүрген мәселелер де анықталды. Ол үшін жазғы кезең­ді белсенді пайдаланып, сай­лаушылармен кездесулер өт­кіз­дік, Үкіметтен, жергілікті әкім­дерден, саяси партиялардан, ірі ҮЕҰ-дан консультациялар ал­дық. Осы консультациялардың қоры­­тындысы бойынша бірлес­кен жұмыстарымыздың басым­дық­тары айқындалды. Сөйтіп күзгі сес­сияға біз жіті дайындалып келіп отырмыз, қаралатын заң жоба­ларының портфелі дайын», деп жауап берген Нұрлан Зайроллаұлы. Ал алтыншы сессияда қарала­тындардың қатарында терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттер жасауды, миграцияны реттеуді, халықтың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік-еңбек қатынастарын қарастыруды және т.б. көздейтін заң жобалары бар. Сондай-ақ эко­логия мен көлік мәселелеріне қа­ты­сты депутаттардың өз баста­ма­шылдығымен әзірленген заң жобалары да сессияның күн тәрті­біне енгізілмек. Тілшіге берген сұхбатын­да Нұр­лан Нығматулин Фран­циядағы, Бельгиядағы, Түркия мен Ресейдегі және өзіміздің ел­дегі түрлі ради­кал­дық діни теріс ағымдардың терро­ристік бел­сенділігіне өкініш біл­діре оты­рып, оларды құрықтау мақ­сатымен заңнаманы жаңғырту қажеттігі туып тұрғанын да атап өткен. «Соңғы кездегі оқиғалар терроризм үшін ешқандай шекара жоқ екенін және олардың ұлт­тар мен діндерге ешқандай қатыс­сыз жалпы адамзат өркениетіне қатер екенін көрсетті», деді ол. Сон­дықтан да олардың әрекет­теріне қатаң тыйым салынуы заңды екен­дігі сөзсіз ғой. Сөйтіп жаңа сессия бүгін өзі­нің алғашқы жұмыс күнін бас­тайды. Іске сәт дейміз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»