01 Қыркүйек, 2016

Қазақ футболынан қауқар қашқаны ма...

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
футболФутболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрнағы күні Біш­кекте Қырғызстанның бас командасымен өткізген жолдастық кездесуінде 0:2 есебімен ұтылып қалуы, жұмсартып айтқанның өзінде, өте қолайсыз оқиға болды. Бұл екі жамағаттың бұған дейінгі өзара жеті рет кездесуінде біздің аяқдоп шеберлерінің ұдайы дес бермей келгені бір себеп шығар. Сөйтіп, осы қарсыласымен ұшырасуларда 5 рет жеңіске жетіп, 2 рет қана тең ойнаған, ешқашан жеңіліп көрмеген дәстүрімізге бір-ақ сәтте сызат түсті. Құрама бас жаттықтырушысы лауазымына жақында ғана ресми түрде бекітілген Талғат Байсуфиновке де бұл жеңіліс оншалықты абырой әпере қоймаса керек. Егер матчта Қазақстан құра­масы жоғары дәрежелі ойын көрсете алған болса, әңгіме басқа. Бірақ олай болмады. Алаң иелері кездесудің басынан оның тізгінін қолдарына ұстады. Олар бірінші таймды қонақтар қақпасын ұдайы қарауылға алып, шабуылдаумен өткізді. Соның нәтижесінде ойын­ның осы бөлігінде өз басым­дықтарын голға айналдыра білді. 43-минутта бұрыш­тама­дан берілген допты қорғаушы Ва­лерий Кичин алыстан ұрып түсірді. Кездесудің екінші таймында Қазақстан құрамасының бас бапкері алаңдағы бірқатар ойыншыларды алмастырды. Осыдан кейін жерлестеріміз біршама батыл ойнай бастады. Бірақ бұдан түйінді қорытынды шығаруға қауқарсыздық танытты. Мұның есесіне қырғыздар тағы да шалттық көрсетіп кетті. Осылайша 82-минутта Мирлан Мурзаев есепті 2:0-ге жеткізді. Қазақстан құрамасы келесі ойынын 4 қыркүйек күні Астанада өткізеді. Ол осы күні өтетін 2018 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің бірінші ойынында Польша командасын қабылдайды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ