01 Қыркүйек, 2016

Өгейлікке өзіміз салып жүрген жоқпыз ба?

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Без имени-1(«Егемен Қазақстан», «Майысқақ мәтіндер». 23 тамыз, 2016 жыл) «Егеменнің» көп жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Газет беттерінде жұртшылық көкейінен шығатын танымдық мақалалар жүйелі жарияланатындықтан, әр санын тағатсыздана тосамын. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты үнқатуларым аракідік жарық көріп жүр. Осындағы қалам иелерінің мақалаларын үлкен сүйсініспен оқушы едім. Қарашаш Тоқсанбайдың «Толғандырар тақырып» деген айдармен берілген «Майысқақ мәтіндер» деген мақаласы маған үлкен ой салып, қолыма қалам алуға тура келді. Қаламы жүйрік журналист құдіреті күшті өнердің бүгінде қолжаулыққа айналып бара жатқанын үлкен өкінішпен айта отырып, қазіргі аянышты халіне қынжылады. Жалғыз әсем әніміз ғана ма, сахнадан ысырылып, санамыздан бұлбұл ұшып бара жатқан? Мен мәселені кең ауқымда қозғауды жөн көріп отырмын. Қаншама ұлттық құндылықтарымыз аяққа тапталып, қазақы қалпымыздан айырылып жатырмыз. ХХІ ғасыр небір техникалық, әлеуметтік жаңалықтарға толы екенін жоққа шығара алмайтынымыз айдан анық. Әйтсе де... Біздің аталарымыз бен әжелеріміз қалта телефонның не екенін білмей өтсе, бүгінгі күннің қария­лары ұл-қыздарымен, немерелерімен қолма-қол хабарласып, жаңалық-хабарды лезде біледі. Мұндай жетістіктерге, әрине, қуанасың. Алайда, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміз бен адамгершілік, мәдени асыл қасиеттеріміздің көзден таса қалып, тарих қойнауына еніп бара жатқанына көңіл құлазиды. Осындайда әкемнің айтқан бір әңгімесі есіме түседі. 5-6 жастағы ойын баласы болсам да, көкейімде жатталып қалыпты. Бірде сот баукеспе ұрының қылмыстарын мойнына қойып, ұзақ жылға түрмеге қамауға үкім шығарады. Ол ақырғы сөзінде «пятачок загубил» дейді. Судья оның не айтқанын түсінбей қалады. Сонда ол мектепте оқып жүргенде көрші баланың бес тиын күмісін ұрлап алғанына, содан бергі ғұмыры лас іспен былығып, ақыры түбіне жеткеніне қатты өкініш білдіріпті. Әкемнің әңгімесінен жаман әдеттердің неге әкеліп соқтыратынын біл. Ерінбесең, өз күшіңе сенсең, байлық та, дәулет те, бақыт та болады, деген пайымды ұқтым. Бүгінгі күні желкілдей өсіп келе жатқан жас ұрпақ арзан еліктеулерден аса алмай жүргені өкінішті. Күні бойы интернет деген «пәлеге» желімше жабысып алып, ой-санасын әбден сүттей ұйытып, билетіп алған. Бесіктен белі шықпай жатып, қолдарына бір-бір қалта телефон ұстап алғандары шошындырады. Оған «әй дер әже, қой дер қожа» болмағаннан кейін жаман тағылым жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап қаптамағанда қайтеді? Мұның бәрін жаһандану дәуіріне ысыра салып, «судан таза, сүттен ақ болу» оп-оңай. Күншығыс елі адамзаттың өркениет үрдісінен қалып жатыр деп ешкім айта алмайды. Соған қарамастан, Жапонияда ұлттық құндылықтарға ерекше басымдық беріліп, бала кішкентай кезінен ата-баба тәлімдеріне қанығып өседі. Өйткені, ұлттық дәстүрлер жойылса, ұрпақ арасындағы сабақтастыққа, жалғастыққа зор қауіп төнетінін жапон халқы жақсы түсінеді. Сол себепті, ұлттық тәлім-тәрбие мемле­кет­тік идеологияның басты ұстанымы ретін­де таңдап алынуы жайдан-жай емес. Соғыс уақытының өзінде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен білек сыбана еңбек еткен үлкендер адамгершілік, ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңіруді бір сәт те естен шығарған емес. Мәселен, біреудің жалғыз сиыры бұзауласа, үй иелері уызын жеткенінше көрші-қолаңға таратып беретін. Мұның арғы жағында бірлікке, ұйымшылдыққа жетелеу қағидаты жатқанын қазіргі жастар білсе, жамандыққа бой алдырмас еді. Өткеннен сабақ, ғибрат ала білу – өнегенің бір түрі. Құстың сүтінен басқаның бәрі бола тұра, құдайын ұмытып, астамшылыққа бой ұрып жататынымыз өтірік емес. Көрші мен көрші араласпайтын, есік ашпайтын, хал-жағдай сұраспайтын болдық. Оны көріп өскен жеткіншек қандай тәлім алмақ? Ертеректе сонау Алматыдан әйгілі әртістер келіп, астық сақтайтын қоймаларда концерт қоятын. Бүгінгідей көлік тасқыны жоқ. Аудан орталығынан өгіз жеккен арбалармен әкелетін. Ел ішіндегі жоқтықты, тарыншылықты көріп-өскен аға ұрпақ еңбектің, маңдай тердің, бір үзім нанның қадірін білгенімен, кейінгі ұрпақ бардың қадірін бағалай алмайтыны неліктен? Әлде «заман қиындығын» сылтау етіп, қара бастың «амандығын» ғана қуалап кет­кендері ме? Қазіргі айтатын әндері дан­дырақ: «Сен қайда бара жатырсың? Мені де соңыңнан ала кет», деген секілді арзан шумақтар, мәнсіз мәтіндер... Киген киімдері де олпы-солпы. Бұлар халқымыздың атам заманнан бергі салтын, мәдениетін білсе, мұндай «қойыртпақтарға» жол бермес еді. Өзіміздің таңсығымызды көзге ілмей, өзгенің қаңсығына еліктеушіліктен туған мұндай жаман әдеттердің қарақұрттай қаптап бара жатқаны жасырын емес. Жартылай жалаңаш әншілердің «өнерін» тамашаламақ түгілі екі құлағыңды басып, қашып шыққандай боласың. Есімде, қазақтың алып тұлғаларының бірі Ілияс Омаров Мәдениет министрі болып тұрғанда қаншама өнер тарландарын қапысыз танып, қамқор болғанын санамалап айтудың өзі қиын. Парламент депутаттары үшін жастар тәрбиесіне бір кісідей атсалысып, телеарналардағы атыс-шабыс, кісі өлтіру секілді небір зорлық-зомбылықты насихаттайтын сериалдарға тосқауыл қоятын заң нормаларын қабылдау соншалықты қиын ба? Қ.Тоқсанбай жазғандай, сананы улаған ондай келеңсіздікті келешекте қалай жою керек, солқылдаған жас шыбық үшін ненің пайдалы, ненің зиянды екенін қалай жеткізуге болады деген көңілдегі алаңды көппен бөліскенге не жетсін. «Ел іші – алтын бесік» деп өбектеп жатамыз. Қазір осы сөз ақылға қонымды, санаға сыйымды ма? Кесіп айту қиын. Өйткені, қазақ елді мекендерінің қатары селдіреп, қазір шамалы үйден ғана тұрады. Кезінде шағын ауылдардың болашағы жоқ, күңгірт деген сылтаумен мектептер, балабақшалар жабылып тынды... Әлеуметтік, рухани салаларда орын алған оралымсыздықтар мен келеңсіз­діктерді көре отырып, өскелең ұрпақты өгей­лікке өзіміз салып жүрген жоқпыз ба деген де ойға келесің. Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері ПЕТРОПАВЛ