02 Қыркүйек, 2016

Қазақстан-Қытай: Стратегиялық серіктестікке соны серпін

251 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
03(2) Лянюнган 1Әдетте тыныш өтетін демалыстар маусымы үстіміздегі жылы дәстүрінен жаңылғандай болды. Жаздың үш айында бірнеше резонанстық оқиғалар орын алды. Дәл осы жаз айларында ірі әлемдік ойыншылар арасында маңызды кездесулер өтіп, ұзаққа созылып бара жатқан проблемалық мәселелер талқыланып, оң шешімін тапты. Демалыстар маусымы Түркі әлемінің елдері үшін де тып-тыныш бола қойған жоқ. Бауырлас түрік елінде әлемді елең еткізген сәтсіз мемлекеттік төңкеріс, бірнеше жауыздық террорлық акт орын алды. Сондай-ақ, осы кезеңде Түркия мен Ресей басшылығы арасында маңыз­ды келіссөздер жүріп, нәтижесінде тараптар бұрынғы достық қарым-қатынастарын қалпына келтіруге шешім қабыл­дады. Ал мұхиттың арғы бетінде АҚШ президенттігіне кандидаттар Д.Трамп пен Х.Клинтон арасында бәсеке қыза түсті. Қазіргі кезде екі үміткердің де үлкен елді басқаруға мүмкіндігі тең делініп отыр. Жаздың аса «ыстық» болға­нына қарамастан, күз де одан қалыс­пайтын сыңайлы. Саяси оқиғалар тізбегін «Үлкен жиырмалық» ел­дері­нің басшылары бастап бермек. Бұл айтулы басқосу биыл ал­ғаш рет Қытайда өткізілмек. Мұ­ның осындай пішімдегі он бірін­ші кездесу екенін және оның Қытай­дың Ханчжоу қаласында ұйым­дастырылатынын да айта кетейік. Мамандар қазірдің өзінде саммиттің табысты аяқта­ла­тынына үмітпен қарайды. Келе­шекке серпін берер шешімдер қабыл­да­нады деп сенеді. «Үлкен жиыр­малықтың» саммиті өзінің алаңына әлемдегі аса ықпалды мемлекет қайраткерлерін тартатынын да айта кеткеннің артықтығы жоқ. Қытай бұқаралық ақпарат құрал­дарының хабарларына құлақ түр­сеңіз, жоғары деңгейдегі маңызды форумға дайындықтың үлкен ыждағаттылықпен жүргі­зіл­­­гені көлденең тартылады. Ал дәс­түрге сәйкес бұл басқосуға пла­нета­мызда аса ірі экономикасы бар елдердің бірінші басшылары жиналады. Дәстүрлі 20 мемлекеттен бөлек, биыл құрметті қонақ ретінде бірнеше басқа елдердің өкілдері де шақырылыпты. Атап айтқанда, қабылдаушы жақ­тың, яғни саммит иесі ҚХР Төр­ағасы Си Цзиньпиннің арнайы ша­қыруымен «Үлкен жиыр­малық» саммитіне құрметті қонақ ретінде Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын болады. Сонымен қатар, 24 тамызда Қытайдың партиялық ресми газеті «Жэньминь жи­бао» «жиырмалыққа» қатысу­шы­лардың тізімін жария­лады. Бұл хабарламада мына мем­ле­кеттердің: Аргенти­на­ның, Австра­лияның, Бра­зи­­­лия­­ның, Ұлыбри­тания­ның, Гер­­манияның, Үндіс­танның, Ин­донезияның, Ита­­лия­ның, Ка­наданың, Қы­тай­дың, Мек­сиканың, Түр­кия­ның, Ресейдің, Сауд Ара­бия­­­сының, АҚШ-тың, Фран­­цияның, Оңтүстік Афри­ка Республикасының, Корей Республикасының, Жапо­ния­ның басшылары, сон­дай-ақ, Еуропалық одақ ел­дері­нің жетекшілері кездесуге қатысатындықтарын қуат­тағаны атап көрсетіледі. Бұл жолғы саммиттің оның алдыңғыларынан ерекшелігі мынада: Ханчжоу саммитінде «жиырмалықтың» отырысын ұйымдастырушылар бар­лық қатысушыларды тек эконо­микалық мәселелер бойынша талқылаулар өткізіп, шешімдер қабылдауға шақырып отыр. Қытай тарапының аталған бас­тамасы қазіргі кезде әлемдік экономиканың күрделі кезеңді басынан өткеріп, іс жүзінде барлық елдерде экономикалық өсімнің баяулағанымен байланыс­тырылады. Көптеген әлемдік эконо­мистердің сөз саптауларына қарағанда, қазіргі кезде әлем­дік экономикалық ахуал бұрын­ғысынша дағдарысты жағдайда тұр. Біраз елдер экономикалық өсімнің баяулауы, төменгі пайыздық мөлшерлеме, төменгі сұраныс, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, үлкен қарыздар сияқты проблемалармен бетпе-бет қалып отыр. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы және кейбір дамушы елдердегі тоқырау әлемдік экономиканы қалпына келтіру үдерісіне кедергі келтіруде. Осындай жағдайда, ең интенсивті өсімі бар әлемдегі аса ірі дамушы экономикалық субъект бола отырып, Қытай аталған мәселені шешуге жаңа қырынан келуі ғажап емес. Атап айтқанда, Бейжің дамыған және дамушы елдердің өзара іс-қимылын үйлестіруге септігін тигізетін тұжырымдама мен жоспар ұсынып, әлемдік эко­но­микадағы ахуалды айтарлықтай жақсартуға оң ықпал етуі әбден мүмкін. Қысқасы, әлем елдері Ханчжоудағы G20 саммитінен үлкен үміт күтеді. Соңғы 10 жыл бедерінде Қытайдың әлемдік экономикаға үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Сөйтіп, бұл ел шын мәнінде әлемдік экономика өсімінің локомотивіне айналды. Тіпті, 2015 жылы жаһандық сауда-саттық көлемі теріс сипат алған кездің өзінде Қытайдың әлемдік саудадағы үлесі өсім бергенін атап өткен абзал. Осы орайда, әлемдік қоғамдастық, тағы да қайталап айтсақ, G20-ның Қытайда өтетін саммитіне үлкен үмітпен көз тігеді. Қытайдың Азияның ин­фра­құрылымдық инвестиция банкі (АИИБ), Жібек жолының Экономикалық белдеуі қоры, БРИКС-тің даму банкі сияқты бастамалары елдің халықаралық экономикалық және қаржы тәртібін реформалауға бел­сенді қатысып отырғанын ай­ғақтайды. Сондықтан Қытай осы саммит кезінде бастамашы рөлін атқарады десек, қателесе қоймаспыз. Мұның алдында, яғни үсті­міздегі жылғы шілде айын­да G20 елдері сауда министрлерінің кездесуі өткен еді. Шанхайдағы басқосу барысында әлемдік сау­даны басқаруды жақсартуға бағытталған жаһандық сауда өсімінің стратегиясы, жа­һан­дық сауданың өзара құнын төмендету, сауда және ин­вестициялық сая­сатты үйлес­тіруді күшейту, сауданың өсі­міне қызмет көрсету арқы­лы ықпал ету, сауданы қаржы­лан­дыруды ұлғайту, сау­да белсен­ділігінің жаһандық индексін жасап, электронды сау­даны дамытуды ынталандыру мәселелері талқыланған болатын. Сөйтіп, тараптар көп қырлы сауда жүйесін қолдау үшін шектеу шараларын төмендету қажет деген ұстанымға келген еді. Кез­десуде, сондай-ақ, G20 елде­рі осы жылдың соңына дейін ДСҰ-да сауда ресімдерін оңтай­ландыру туралы келісімді рати­фикациялау қажеттігі бойынша мәмілеге қол жеткізген-тін. Қазақстан үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың G20 сам­миті күндері болатын Қы­­тай­ға жұмыс сапарының маңызы да айтарлықтай жоға­ры. Өйткені, Аспанасты елі Қа­зақстанның стратегиялық әріп­тесі болып табылады және өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді дер кезінде тал­­қылап шешу екі жаққа да тек тиімділік әкелмек. Қазақ­стан өзінің Қытаймен страте­гия­лық серіктестігін берік сау­да-эко­номикалық байланыс­тар не­гізінде құруын жалғас­тыруда. Қазақстан Шығыстағы көрші­сімен тәуелсіздігінің алғаш­қы күндерінен бастап тығыз қарым-қатынас орнатса, бұл үде­ріс күні бүгінге дейін ел сырт­қы саясатындағы басым бағыт­тардың бірі болып келе жатыр. Қытаймен өзара сенімге, тү­сіністікке, тарихи көршілес­тік тәжірибесі мен берік сау­да-экономикалық бай­ланыс­тарға негізделген қарым-қа­ты­насымыз қа­шанда тұрақ­тылығымен ай­шық­талады. Тіпті, Қазақстан өз тәуел­сіз­дігінің түрлі жылдарында бет­пе-бет келген экономикалық дағдарыстар уақытында да Қы­таймен ынтымақтастығын жоғары деңгейде сақтап қала алды. Еліміздің Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің Қы­тайға өткен жылдың қыр­күйек айындағы соңғы сапары барысында атап өткеніндей, «атал­ған сапарды екі ел қарым-қаты­настары тарихындағы бет­бұрысты кезең деп айтуға болады. Бұрындары Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы тек шикізатты өткізуге бағ­дар­ланып келсе, бүгінде әңгіме бірлесіп жаңа өнімдер өндіру, нысандар салу хақында болып отыр». Қазақстанның сыртқы сая­сат тұжырымдамасына сәй­кес, Қытайға Ресеймен және Орталық Азия елдері­мен бірге Қазақстан Респуб­ли­касы сыртқы саясатында ерек­ше орын беріледі. Қытай тарапы да айрықша атап көр­сетіп отырғанындай, Қазақстан­мен өзара тиімді, ізгі көршілес­тік қарым-қатынас қалып­тастыру – ҚХР үшін де басым ба­ғыттардың бірі. Бұған Ханч­жоу қаласындағы G20 сам­митіне Қытай басшылығының құрметті қонақ ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы шақыруы айқын дәлел бола алады. Сөзіміздің соңында атап көрсететін бір жайт, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы табысқа жоғары деңгейдегі конструктивті саяси үнқатысу серпін беріп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен Ташкенттегі ШЫҰ саммитіндегі соңғы кездесуі кезінде тараптар Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы қарым-қатынас көпжақты стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне шыққанын ерек­­ше атап көрсеткен еді. Қы­тай­дың жетекші ақпарат агент­тіктері жазғанындай, Бейжің Астанамен қарым-қатына­сын энергетика, сауда-саттық және туризм салаларында әрі қа­рай нығайтуға дайын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға осы жолғы жұмыс сапары барысында Қа­зақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ара­сындағы стратегиялық серік­тестік қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтуға оң ықпал ететін жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілетіні еш күмән туғызбайды. Руслан ІЗІМОВ, қытайтанушы