02 Қыркүйек, 2016

Жұмысшы беделін көтеруге бетбұрыс

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_6727Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша елімізде заманауи технологияларға негізделген жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрынғы зауыт-фабрикалар жаңғыртылды. Оларға білікті инженер-техниктер мен кәсіби жұмысшы мамандар ауадай қажет. Өкінішке қарай, осыған байланысты елімізде білікті жұмысшы кадрлардың тапшылығы өткір сезіле бастады. Жасыратыны жоқ, жастарымыз жұмысшы мамандығын игеруге құлшыныс танытпайды. Тіпті, зауытқа барып, темір бұрауға арланады. Ата-аналар да «Менің балам кімнен кем, ол неге қара жұмысқа баруы керек?» –  деп малын сатып, барын салып, баласын жоғары оқу орнында ақылы оқытады. Сөйтіп, қаптаған жекеменшік ЖОО-лардың дипломдарын алған заңгерлер, экономистер және басқа гуманитарлық сала мамандарынан көз сүрінеді. Қарағайдай дипломы бар жаңағы «мамандар» еңбек нарығының сұранысынан сырт қалып, еліміздің есепте бар және есепте жоқ жұмыссыздар отрядын толықтырып жүр. Осы «дипломды жұмыссыздардың» 100 пайызы дерлік қазақтар. Бір ғана мысал, осыдан бірер жыл бұрын жолымыз түсіп Рудный қаласында болдық. Осында ССКӨБ құрылымдарына жұмысшы мамандарын даярлайтын тамаша жабдықталған кәсіптік-техникалық оқу орны бар екен. Оның электрмен дәнекерлеушілер, слесарьлар мен токарьлар даярлайтын бөлімдерінен бірде-бір қазақ жастарын таба алмай қайран қалдық. Бүгінгі кезеңде қарапайым жұмысшы маман­­дығының беделі төмендегендігі ащы шын­дық. Кеңес дәуірінде мектеп бітірген жастар жұмыс­шы әулеттерін толықтыруға асығатын. Зауыт­тар мен екпінді құрылыс алаңдарындағы жұмысшылардың жалақысы да жоғары болатын. Маман жұмыс­шылар даярлайтын кәсіптік-техникалық училище белгілі бір зауытқа немесе ірі өндіріс орталығына бекітілетін. Ал бұл өндіріс орталығы училищені қажетті станоктармен, техникалық құралдармен қамтамасыз ететін. Училище оқушылары сол зауытта еңбек тәжіри­бесінен өтетін. Әрбір шәкіртке сол зауыт жұмыс­шы­лары қатарынан тәлімгерлер тағайын­далатын. Училище түлектері оқудан кейін мін­детті түрде сол өндіріс орталығында жұмыс­қа қа­был­­дана­тын. Қазір мұның бірі де жоқ. Өндіріс орта­­лық­тары­ның бәрі жекеменшік, кәсіптік-тех­ни­ка­лық училищелердің жартысынан астамы жеке­­ше­лендірілген. «Өз көйлегім өзіме жақын» қағи­­дасын ұстанған жекеменшік субъектілер шы­ғы­­ны шаш-етектен келетін кәсіптік оқу орын­дары­­на қаржы шығындап қайтеді. Одан да қажет ете­­тін білікті жұмысшыларды квотамен келетін шетел­­дік дайын мамандармен толықтыра бермей ме?! Тағы бір алаңдатарлық мәселе, алдағы уақытта еңбек нарығында еліміздегі демографиялық ахуалға байланысты жұмысшы кадрларының тапшылығы қалыптасатын түрі бар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректері бойынша, 2014-2018 жылдар ара­лы­ғында жұмыс күшіне деген сұраныс 700 мың адамдай болса, бұл кезеңде эконо­микалық белсенді тұрғындар санының өсімі 400 мың адамды құрайды екен. Яғни, 90-шы жыл­дар­дағы орын алған бала туу деңгейінің күрт төмен­деуі нақ осы кезеңде еңбек нарығындағы ахуалға кері әсерін тигізеді. Бұл қиындықтан шығар жол бар ма? Эко­но­микалық-әлеуметтік саланы тығырыққа тіреген бұл күрделі түйіннің шешімін де Елбасы тауып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты тарихи мақаласында «2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім жобасын жүзеге асыруды» ұсынды. Елбасының жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасына сәйкес бүгінгі кезде еліміздегі оқу жүйесінің бұл саласында біршама кешенді шаралар жүзеге асырылды. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта елімізде тегін кәсіптік-техникалық білім беру шарасын енгізу аясында еңбек нарығына қажетті жұмысшы кадрларды даярлаудың үлесін арттыруға бетбұрыс жасалды. Маман жұмысшы кадрларын даярлауды жүйеге келтіру мақсатында кәсіптік стандарттар негізінде 147 модульдік оқу бағдарламалары экспериментті түрде кезең-кезеңмен оқу үрдісіне енгізіледі. Колледждерді бейімдеу жұмысының нәтижесінде Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, жиырмадан астам колледждің нақты бейіні  белгіленді. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашылды. Яғни, енді тегін кәсіптік-техникалық білім беру жұмысы шеңберінде қазіргі кезде өз күнін өзі көріп жүрген ауыл жастары мен қара базарда жалдамалы жұмыспен нәпақа табатын жастарды білікті жұмысшы мамандығына баулуға бетбұрыс басталды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»