03 Қыркүйек, 2016

Төр арқылы төмендеу

668 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кыз узатуЕліктеуден алдына жан салмай тұрған халық біз-ау деп қаласың кейде. О заман да бұ заман, қай ата-бабамыздың дәстүрінен ұзатылып бара жатқан қызды болашақ күйеуімен тойдың төріне қос аққудай қатар қондырып, үлкен-кішінің оларға көл-көсір тілек арнағанын көріп едіңіз? Оны айтасыз, қазақы қалыппен қабыспайтын, тамыры тереңге жайылған ондай дәстүрсымақтармен күресудің өзі қиын соғуда. Әлпештеп өсірген аяулы көгершінін бақыт ұясына қондыруды армандаған әрбір ата-ана бір сәт қызының ұзатылу тойы туралы ойланып, баяғы ата-бабаларымыз салтынан ұлағат іздеп көрсе, ғибрат пен ақыл-кеңесті көкірекке түйіп зерделесе, небір жауһарларды өзімізден де молынан табар еді-ау дейсің. Той-думаннан қазағымды Құдай лайым еш айырмасын дейсің-ау, бірақ «әттеген-ай» дегізетін жайттар жағамыздан алмаса. Жақында Кәмила есімді құрбым ауылдан телефон соқты. Басынан өткізген жайларды баяндағанда, көңіл шіркін, бір мезет балалықтың шыбынсыз жазына ойы­сып, мәре-сәре күй кештік. «Биыл той жылдағыдан көп. Мейрамханалар ақшаның астында қалып жатыр», деді құрбым әлденеге қобалжыған көңілін баса алмай... «Болсын, лайы­м. Шаттансын, қуанышты бөліссең көбейеді деген! Құрбым-ау, оған сенің көңілің соншама егіліп, жақсылыққа неге жабырқап отырсың?», деймін оның жүрегінің неге ауырып тұр­ғанын сырттай топшылап... Ауыл жазы қандай ғажап! Құда түсу, қыз ұзату, үйлену, шілдехана, бесік той... Той дүбірі түні бойы көз ілдірмейді. Аспандағы жұлдыздар тым жақыннан қол бұлғайды... «Жоқ, мұны бұлай еркімен жі­беруге болмайды. Қазақтың той­­ларына түзету енгізу қажет, – демесі бар ма кенет, қиялдың қия құзына зулай ұшқан көңілдің көк дөненін ылдиға бір-ақ түсіріп. – Біз халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, байырғы бабаларымыздан қалған, бүгінде ұмыт болып бара жатқан ізгі істерін түлетуді қолға алмасақ, тамаша дәстүрлерімізден айдың-күннің аманында оп-оңай көз жазып қалатын түріміз бар. Ол үшін, шіркін, әуелі қазақтың тойларына көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Өйткені той – халықтың қазынасы. Бірақ ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған құндылықтың тамырын енді біздер, кейінгі ұрпақ әрі қарай жайқалтып өсіре алмасақ, елдігіміз бен қазақтығымызға сын емес пе?» «Мұндай ойға келуіңе не себеп болды?», деп суыртпақтап сыр тарта түстім. «Жақында сыйлас бір кісі анасының 90 жылдығын атап өтіп әрі жан дегендегі жалғыз қызын ұзатып, қос қуанышына игі жайсаңдарды шақырып, мейрамханада ұлан-асыр той өткізді. Көңілім қонақтарды дастарқан басына отырғыза бастағаннан нілдей бұзылды. Шаңырақ көтеріп жатқан жастардың төрге ұзауын әнмен өрнектеген бүкіл қауымның ықыласы екеуіне ауды да, ал 90 жасқа толып жатқан ақ самайлы ардақты апамыз екінші кезекке ысырылып қалып қойды. Гүлдей құлпырған қос ғашық қасындағы жолдас қызымен, жігітімен алшаңдай басып, ақша қардай төрдегі ақ шатырдың астына барып жайғасты. Осы тойға менімен ілесіп келген өзге ұлттың өкілі екеуміз бір мезетте «90-ға толған той иесі – апамызды да мерекесімен құттықтап, қолын алып келейік», деп көптің ішінен аласұрып әжейді іздесек, ол кісі төменгі жақтағы ағаларымыз бен апаларымыздың арасында елеусіз отыр. Қарияның жанарынан өмірде өзіміздің әлі де көп нәрсені онша елемей жүргенімізді ұқтым. Құдайшылығын айтсақ, имандылықпен өлшесек, бұлай болмауы керек еді. Төрге, әлгі жастарды үлпілдеткен үлкен орынға баталы, аталы сөз айтатын ардақты аталар мен апалар отыруы тиіс емес пе еді?! Айнадай ажарлы, 90 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан асыл анамызға төрден неге орын ти­мей қалды? Осы туралы ойланып қалдым. Ал мынадай тасыраң «дәс­түр» қазақтың рухани төрін қай кезде жаулап алған?! Қай халықтың салт-жоралғысын қорамызға абайсызда кіргізіп алғанбыз? Қазақы ұғымға салсақ, ықылым заманнан қариямызды қадірлеп төрге оздырмаушы ма едік? «Тоқсандағы қарт апамыз торығып неге төменде отыр?» деген ой миымды шымшылап, қатты әсер еткені соншалық, тойдан жабырқап қайттым», деп бір әрекетке риза еместігін білдірді. Біреудің ісінен мін іздеу кімге абырой әкеле қойсын? Мұндайда Абайдың: «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып, болма мазақ. Біреу олай, біреуі бұлай тартып, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ...» – дегені еске оралады. Бірақ өкі­ніштісі, қазағымның той­ла­рын­дағы оспадар, олқы іс-әре­кеттер Абай заманынан гөрі қайта қазір тым көбірек көрініс табатын сыңайлы. Осы әңгімеден кейін шынымен де қыз ұзату тойларында қалыңдық пен күйеуді төрге қосып отырғызып қойғанымыз дұрыс па өзі деген ой келді. Біріншіден, әлі шаңырақ құрып, ерлі-зайыпты атанбаған екі жасты қатар отырғызудың өзі айып. Екіншіден, «Күйеуге төс тартылады. Күйеу төрге отырмайды, бас ұстамайды. Жас күйеу табаққа бата бермейді» деген халқымыздың ежелден келе жатқан жол-жоралғысын аяқасты етпейміз бе мұнымен. Этнограф-ғалым Сейіт Кенжеах­метұлы бұл туралы былай айтқан: «Әкесі – күйеу, шешесі – қалыңдық болмаған ба?» деп бізді міндейді. Ки!» деп дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киі­мінің бәрін кигізді» (М.Әуезов). Қалыңдығын алатын жас күйеу міндетті түрде күйеу киімін кию­ге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сон­дықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Түр-түсі өзгеше бешпент, зерлі желбегей шекпен, сыптығыр шалбар, өкшелі сармантай етік, тағы басқалар. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз-келіншектердің ортасына түскен күйеу небір азапты әзіл-қалжыңға төзеді. Оның мінген атын «күйеу атымен күл тасы» дегендей, ауыл балалары мініп алып қызыққа бөленеді». Жылт еткенге жалп етіп құлап, бөтеннің бөзімен мидай аралас­қанымыз былай тұрсын, алтынға бергісіз мұндай салт-дәстүрімізді за­манға лайықтап қайта жаңғыртуды ойлап жүрген түріміз байқалмайды. Технология дамыған сайын адамдар да жылдам әрі тез шешім қа­былдамаса ұтылады. Уақыттан қалып қоймасақ екен дейді, сол үшін тойдың ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесінен гөрі, оның қызық өтуіне, мықты асаба табуға артығырақ мән береді, ел-жұрт «пәленшекеңнің тойында анадай әнші келіп өнер көрсетіпті, оған мынадай танымал тұлға қатысыпты, пәленбай мың ақша жұмсапты» десін деп, мақ­таншылыққа, дарақылық пен дақпыртқа жаны жақындар азаймай тұрғанда, ұлттық құндылықтарға қауіп төне түсетінін түсінесің. Осын­дай өрескел әдеттерден бойла­рын аулақ салып, жиіркенудің орнына, мұны айналасына үлгі-өнеге ретінде сүйсіне әңгімелейтін әпербақандарды көргенде, көңілдің көркі тіпті азаяды. Үйлену тойларында ата-енесіне торт асат­қан келіннің оғаш әрекетін, қа­­лың­дықтың құр­былары мен қыз-қырқынға сыртымен тұрып гүл лақ­тыратын сәтін, «оны кім еп­тілік­пен қағып алса, келесі кезекте сол тұр­мысқа шығады» деген сан­ды­рақтарды сынап-мінеп біраз уақыт шулап қоя беріп едік, тәубе, тойларда қазір мұндай өрескел әдет-дағдыдан халық бойын біртіндеп аулақ сала бастады. «Үйлену дегеніміз, өз құқы­ғың­ның жарымын азайтып, мін­детіңді екі есе көбейту деген сөз» деген бұрынғының қағидасы әрбір қадам өмірде үлкен рөл атқа­ра­тынына мән бергізеді. Мұн­дайда ата-бабаларымыздың алма­ғайып кезеңдерде байырғы салт-дәстүрді көз қарашығындай сақтап қала алғандығына ғана емес, асыл мұ­ра­мызға бөтендердің көз сұғын қадауына, жат әдет-ғұрыптардың енуі­не жол бермеген мығымдығына таңыр­қай сүйсінесің. Жеке басымыз қазақтың еш­қандай тойына қарсы емеспіз. Алай­да, халқымыздың көптеген ұлттық салт-дәстүрлері той ар­қылы көбірек насихатталып жататын­дықтан, бұған айрықша көңіл бө­ле­тін кез жетті деп санаймыз. Қа­зір көп асабалардың тілі сайрап тұрғанмен, кейде орынды-орынсыз қылжақ әңгімеге бой алдырып, онымен қоймай, ақ самайлы аналарымыз бен ақсақал қария­ларымызды мазақтап, келемежге айналдырып тұрып алатын қылығына, арзанқол әрі анайы анекдоттарына қанымыз қайнайды. Кейінгі ұ­рпақ тойда тәрбиеленіп жатқанын ұмыт­пайық, ағайын! Өйткені бүгінде той көп. Тіпті, тойдан қазақтар бір-бірімен жарыс өткізуге көшті. Мән берсек, «Пәленшекеңнің тойына 200 адам қатысса, мен одан 50-100 кісі асырып шақырдым» дейтін өзара бәсекелестікті қазір өзгелер күлкіге, мазаққа айналдыра бастады. Тіпті, Ресей арнасынан берілген сондай бір әжуалаудан қарадан қарап бетіміз ду етті. Әйгілі әзілкеш Сер­гей Светлаков өзінің кезекті қал­жыңында қазақтардың ресейлік жұлдыздарға қыруар ақша төгіп, тойға шақыратынын шымшыды. Осыны көріп отырғанда намыстан қалай жарылып кетпейсің. Тойымыз қазақты күлкіге айналдырмайтын, керісінше, қадірін өсіретін таза айдынымыз болсын, лайым! Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»