03 Қыркүйек, 2016

Шырғалаңға түскен шаруалар

327 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
5-бетке-1үлестен үміт үзбейді Бүгінде ұжымдасып жұмыс істеу ғана еңбек өнімділігін арттыратындығын дәлелдеп берді. Осы тұрғыдан алғанда кезінде Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Сұрат ауылының тұрғындары «Сыпатай батыр» ЖШС-на жер телімдерімен кірген еді. Алайда жағдай басқаша сипат алыпты. Шаруалар өздеріне тиесілі үлестерін ала алмай қалды. Сондықтан қарапайым ауыл тұрғындары газет редакциясына жолдаған хаттарында аталған серіктестік басшысы Қанат Шайхиевтің өз жерлерін жалған құжаттар арқылы заңсыз алдап алғандығын ашына жазыпты. Қарапайым ауыл тұрғындары бұл жағдай туралы алдымен Меркі ауданының әкімі Б.Көпбосынов пен осы ауданның прокуроры С.Төлеуовтің атына арызданған екен. Онда 2014 жылдың қараша айынан бері Қ.Шайхиевтің тұрғындарға тиесілі жер мен мүлік пайларын иемденіп, «Сыпатай батыр» жа- у­ап­кершілігі шектеулі серіктестігі тапқан табыстан ауылдықтарға үлес тимей келе жатқандығы айтылған. Серіктестік басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іс үш рет қысқартылып, 2014 жылдың қараша айында Бас прокуратура қайта тексеруге жіберген. Жалпы, бес рет ашылған қылмыстық іс аяғына жетпей, қайта жабылыпты. Қазіргі кезде аталған қылмыстық іс Бас прокуратура бақылауына алынып, Жамбыл облысы бойынша кіріс басқармасы тарапынан тергелуде көрінеді. Бұл ретте Жамбыл облысының маман­дандырылған ауданаралық экономикалық соты­ның шешімімен «Сыпатай батыр» ЖШС-ның 2013 жылғы 12 тамыздағы және 2015 жылғы 30 сәуірдегі жиналыстарының шешімін заңсыз деп тану туралы қаулысы да шыққан. Аталған шешімге сәйкес Шайхиев 2013 жылдың 12 тамызынан серіктестікті заңсыз басқарып келген болып саналады. Орайы келгенде нақты тек­серістерге де назар аудара кеткен жөн. 2015 жылғы 3 сәуірдегі аудиторлық тексеріс барысы және де сол жылдың 8 мамырындағы жүргізілген сот-бухгалтерлік сараптамада Шайхиевтің «Сыпатай батыр» ЖШС-ның 2013 және 2014 жылдар аралығындағы шаруашылық жұмысынан түскен серіктестіктің үлескерлеріне берілуге тиісті қыруар қаражатты өзіне тиесілі «Қасапхана» шаруа қожалығына заңсыз аударып жібер­гені анықталыпты. Сонан 2008 жылы 28 қаңтарда жасалған «Сыпатай батыр» ЖШС-ның хаттамасы бойынша Шайхиев аталған серіктестіктің жарғылық қорының 49,4 пайызын иемденсе, қалған 200-ден астам үлескерге небәрі 50,6 пайызын ғана қалдырған. Мұндай әділетсіздікке төзбестік таныт­қан Сұрат ауылының тұрғыны Б.Чотбаев байқаусызда айтқан бір ауыз сөзі үшін жауапкершілікке тартылыпты. Нақтылап айтқанда, аудан прокуроры С.Төлеуов тарапынан заңның кейбір баптары бойынша қудалауға түсіп, 500 000 теңге моральдық зиян өндірілуге мәжбүрленіп отырған жайы бар көрінеді. Қазіргі таңда қарапайым ауыл тұрғынының үстінен қылмыстық іс жүргізіліп, тергеу жұмыстары да басталып кеткен. Ауыл тұрғындары тіпті өз құқықтарын қорғау үшін Елбасының атына хат та жолдаған. Олар «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қ.Шайхиевтің іс-әрекеттері «Жауапкершілігі шектеулі және қосыша жауапкершілігі бар серіктес­тіктер туралы» 1998 жылғы 22 сәуірдегі Қазақстан Республикасы заңының талаптарына қайшы деп санайды. Өйткені серіктестіктің жалпы жиналысы шешіміне сәйкес табысты қатысушылар арасында бөлу бойынша әркім серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесіне сәйкес бөлігін алуға құқылы. Осы тұрғыдан келгенде, шөп және әрбір гектар жерден 100 килограм бидай берілетін болып шешілсе, қатысушыларды алаламай, барлығына өз үлестерін таратып беру атқарушы органға міндетті. Алайда бұл мәселе әлі де күрделі күйінде қалып тұр. Оған бір ғана мысал келтіре кетсек. Серіктестік қатысушысы Нүсіпбек Нұржановтың жұбайы Қ.Шайхиевтің алдына тамыз айының соңына қарай барғанда оның қолына екі құжат ұсынылыпты. Оның біріншісі дивиденд ретінде өз үлесіне сай бидай алу болса, екіншісі – құрылтайшы капиталындағы мүлік үлесінен бас тарту. Осылайша не бидай, не мүліктік үлестен бас тарту туралы ұсыныстан кейін мұны арандатушылыққа санаған Н.Нұржановтың жұбайы ештеңеге қол қоймастан шығып жүре берген. Тұрғындарға дөрекілік көрсететін серіктестіктің қазіргі басшысы үс­тінен қылмыстық іс қозғалғанымен, «Маған ештеңе істей алмайсыңдар, қолдарыңнан не келеді? Бәрін сатып аламын», деген сөзін қайталаумен келеді екен. Оның мұндай қылығына шыдамаған ауыл тұрғындары Асқар Әбішев, Жолай Қарнақов және Ақан Базылов Меркі ауданы прокуратурасына жүгінген. Олардың тоғыз жыл ішінде аталған серіктестіктен ешқандай шөп алмағандығы, ал бидайдың жартысы ғана берілетіндігі туралы шағымына прокуратураның 2015 жылғы 28 шілдедегі шығысы №2-0706-15-03139 санды жауабында серіктестік қатысушыларының үлестері және бөлініп шыққанда қалай алуы керектігі ғана көр­сетіліпті. Орайы келгенде Қ.Шайхиевтің үс­тінен 2014 жылы 17 қарашада қоз­ғалған қылмыстық іс пен тағы екі іс Жамбыл облыстық ІІД тара­пынан заңсыз қысқартылыпты. Тарқатып айтқанда, 54 адамның арызы көрсетілген хабарлама бо­йын­ша қозғалған қылмыстық істі қысқарту туралы қаулыны прокурор С.Төлеуов шығарып, ол туралы тек Б.Чотбаев ғана хабардар етілген. Сондықтан да арызданушылар 2015 жылы облыстық прокуратура басшылығына кіріп, солардың пәрменімен іс материалдарымен аудандық прокуратурада танысуға мүмкіндік алған. Осылайша, «Сыпатай батыр» ЖШС үлескерлері өздерінің құ­қығын қорғау мақсатында табанды әрекетке көшкенін көрсетті. Олар Қ.Шайхиевтің үстінен қылмыстық істің қозғалуын және оның нәтижесі болуын талап етіп отыр. Үлестен қағылып келе жатқан жандар үшін бұл «ар мен бардың», тіпті қажет десеңіз, бала-шағасы алдындағы борышының мәселесі екендігі даусыз. Сондықтан да тиісті органдар мұндай келеңсіздікке жіті араласып, нақты шешімдер қабылдайды деген ойдамыз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»