03 Қыркүйек, 2016

Бес мектеп, төрт балабақша

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_9263«Елу жылда ел жаңа» деген, соңғы жылдары Түймекент ауылын­да тұрғындар саны көбейіп, осындағы 600 балаға арналған орта мектепке оқушылар сыймауға айналған-ды. Содан амал жоқ, үш ауысыммен оқуға мәжбүр болды. Енді, міне, кешегі білім күнінде түймекенттік өрендер жаңа оқу ғи­ма­ратының табалдырығын аттап, үлкен қуанышқа бөленді. – Елімізде білім беру саласын дамытып-өркендетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу бағытында үлкен істер қолға алынып жатқанынан барша жұрт хабардар. Басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуы үшін барынша жағдай жасау, – дейді осы жөнінде Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев. Мектеп кабинеттерінің бар­лығы дерлік заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Мультимедиялық, лингафондық, компьютерлік сыныптар, химия-биология, физика пәндері зертханалары үшін жаңа құрылғылар алынған. Биологиялық, географиялық, лабораториялық-тәжірибелік жұ­мыс­тарды ұйымдастыруға арнал­ған оқу-тәжірибелік аймағы бар. Жаңа ғимараттағы ер балаларға арналған шеберханаларда ағашпен, темірмен жұмыс жасауға қажетті станок­тар, тағы да басқа құрал-жабдықтар тұр­са, қыздарға арналған шебер­ханаларға жаңа тігін машиналары қойылыпты. Тұсауы енді кесілген бұл білім ошағында 450 оқушы дәріс ала бастады. Сондай-ақ бұл күндері Тараз қаласының «Құмшағал» шағын ауданында 300 орындық мектеп, сондай-ақ Тараз, Жаңатас, Масаншы ауылында 280 орындық мемлекеттік және Шу қаласын­да 200 орындық мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде салынған балабақшалар ашылды. Жаңа мектепке дейінгі білім меке­мелерінде барлық заманауи талаптарға сай ең озық құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған. Жалпы алғанда жаңа оқу жылына өңірде 5 жаңа мектеп, 4 балабақша пайдалануға берілді.  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ