Астана әкімі Әсет Исекешев мектеп түлектеріне – жетімдерге, мүгедектерге, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, көп балалы отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға елордалық ЖОО-ларда оқу ақысын төлеу үшін әлеуметтік көмек көрсету туралы куәліктер табыс етті.
– Бұл – мемлекеттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы қамқорлығының бір белгісі. Елбасы әрқашан да білімді ұлттың болашағы жарқын болады дейді. Білімнің арқасында біз бәсекеге қабілетті, әлеуетті боламыз. Білім саласын дамыту – мемлекеттің басымдықтарының бірі болып табылады, – деді куәліктер тапсыруға арналған басқосуда Әсет Исекешев.
Астана әкімінің білім гранттары елордалық еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінеді. Бұл ретте техникалық, педагогикалық және медициналық мамандықтарға басымдық берілген. Атап айтар болсақ, 2008 жылдан бастап білім гранттарына ие болған 268 түлек диплом алды. 81 студент оқуын жалғастыруда, оның ішінде 34 студент – С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, 13-і – Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде, 8-і – медицина университетінде, 2-уі – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де, 21-і – Еуразия гуманитарлық институтында, 1-уі – Астана университетінде, 2-уі Технология және бизнес университетінде білім алады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 41 өтініш қабылданды, оның ішінде 21-і республикалық грант бойынша, 20 өтініш арнайы комиссияда қаралды. Нәтижесінде жалпы сомасы 7 210 000 теңгені құрайтын гранттар бөлінді. Жалпы, биыл жергілікті бюджет есебінен 101 студентті оқытуға (оқуын жалғастырып жатқан 81 студент + биылғы 20 студент) 38,9 млн теңге жұмсалды. Қала әкімдігі ЖОО басшылықтарымен бірлесіп студенттердің үлгерімін тұрақты бақылауға алатын болады.
Ұлан САНЖАР
АСТАНА