Биылғы жаз Алматы облысы, Кербұлақ ауданы Қарымсақ ауылы тұрғындары үшін ерекше болды. Облыстық және аудандық әкімдіктердің қолдауымен ауыл мен Алматы – Жаркент тас жолын байланыстыратын 7 шақырым кірмежолға тұңғыш рет асфальт төселді.
200-ге жуық үйі бар Қарымсақ ауылы шөбі шүйгін, қандай қуаңшылық болмасын астығы бітік шығатын, малға жайлы, тоғайы қалың, суы мол ауыл. Ауылдың ең үлкен мәселесі шаңы шыққан, ойқыш-ойқыш, әбден тозығы жеткен жол еді. Бұл ауылдың, тіпті КСРО заманында да тас жолы болмаған.
Жергілікті халық жолдың азабын әбден тартқан. Ауыл терең сайда орналасқаннан кейін елді мекенге кіреберіс тұста 1,5 шақырымға созылған тік жота бар. Сол жота қыс мезгілінде шығуға қиын кәдімгі мұз айдынына айналады. Ал қалың қар жауса қатынас қиындап кететін. Көктем айларында таулардан аққан су жолды жырып, көліктер батпаққа батып, ауылдан шығу мүмкін емес кездер әр маусымның көрінісі.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Алматы облысы мен Кербұлақ ауданы әкімдіктерінің тікелей қолдауының нәтижесінде бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, ені 5 метр, ұзындығы 7,5 шақырым жерге жоғары сапалы асфальт төселіп, пайдалануға берілді. Бұрын 7 шақырымды жүріп өту үшін 40 минут кетсе, қазір 7 минут жеткілікті.
Бұдан бөлек биыл ауылға автоматтандырылған су мұнарасы салынып, көшелерге су құбырлары тартылып, әр үйге су кіргізілмек. Сондай-ақ, аудандық қазынадан Қарымсақ орта мектебінің күрделі жөндеуіне 7,5 млн теңге бөлінді. Мектеп директоры Ғалия Балғымбаеваның айтуынша, жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Билік тарапынан жасалған осындай игілікті шараларға ауыл тұрғындары қарап қалмай, өздерінің қаражатына орталық көшенің қақ ортасынан күмбезді мешіт салып жатыр. Ауыл ақсақалдары мұнымен қоймай орталық көшеге дала шамдарын да тұрғызбақ жоспарлары бар. Көп ісінде – береке.
Ауыл ақсақалы Ысқақ Кибиров:
– Бұл тас жолды біз ұзақ күттік. Облыс, аудан әкімдеріне алғысымыз шексіз. Енді ауылдан ешкім көшпейді, қайта жанданып, тұрғындар саны көбейеді. Биыл өзі берекелі жыл болды, шөбіміз қалың, астығымыз мол, нағыз сабантой жылы.
Жолдың сызбасына атсалысқан жобалаушы инженер Қанат Миникаев:
– Жолдың сызба жобасы, сметалық құжаты осыдан 3 жыл бұрын жасалған болатын. Бұл жоспар 2016 жылы ғана жүзеге асты. Жүктелген шаруа уақтылы орындалды. Ең бастысы, еңбегіміз ауыл тұрғындары көңілінен шығып отыр.
Тақтайдай тегіс жаңа жол тұрғындарды серпілткендей. Үйлері сиреп, күңгірт тартқан ауыл көрінісі бүгінде жоқ. Көшелер бойы әдемі қақпалар қойылып, терезелер сырланып, гүлдер құлпырып тұр. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар өңірлерге жаңа дем беріп отыр. Ауыл тұрғындарының ел басшылығына айтар алғысы шексіз.
Әлия АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы