Еліміздегі этностардың ынтымағы мен достығын нығайтады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жария етілгеніне он бес айдың жүзі болды. Ұзақ мерзімді қамтитын Ұлт Жоспарындағы бес реформаның бірі – Біртектілік пен бірлік. Еліміздегі түрлі этностардың ынтымағы мен достығын әрі қарай тереңдетуді көздейтін осы бағыт бойынша қандай ауқымды іс-шаралар қолға алынды? Оларды көпшілік көңілінен шығатындай етіп өткізудің түпкі мәні неде?
Қазіргі кезде елімізде біртектілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған, сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің тәжірибесіне негізделген жиырмаға жуық нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Қолданысқа енгізілген осы құжаттардың нәтижесінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын табысты жүзеге асырудың негізгі факторы болып табылатын қоғамдық келісімді, қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытуға байланысты барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын үйлестіруші ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) институттық рөлі күшейтілді. Сонымен қатар, Ассамблеяның жұмыс сапасын әрі қарай арттыру мақсатында жыл сайын Мемлекет басшысына есеп беру тәжірибесі енгізілді.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап, онда тұратын этностардың бірлігін сақтау және оны нығайту мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі болып келеді. Алдағы уақытта да солай бола бермек. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап 1 наурызда атап өтілетін Алғыс айту күні бекітілді. Бүгінде мемлекет пен этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктермен іс-қимылдың, сондай-ақ, ҚХА-ның халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттердің азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттесуінің жаңа форматтарын енгізу жөнінде жұмыстар қолға алынуда. Жалпы, алдағы уақытта мемлекеттік міндеттер кешенін шешуде этномәдени бірлестіктердің қатысуы жанданатын болады.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 85-қадамы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің жалпыұлттық құндылықтарын насихаттау арқылы оларды бүкіл қазақстандықтардың бойына сіңіруге бағытталған. Осыған байланысты ҚХА-ның ХХIV сессиясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі қабылданды. Міне, бұл қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту үшін маңызды оқиға болды. Тіпті, оны барлық қазақстандықтардың базалық құндылықтары жинақталған бірегей құжат дегеніміз жөн. Ал құжатта жеті негізгі бағыт көрсетілген. Олар – тәуелсіздік, жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім, рухани құндылық, еңбексүйгіштік құндылықтарын нығайту, тарихты, тілді, мәдениетті сақтау және ұлттық қауіпсіздік.
Қазақстан халқы Ассамблеясының және еліміздің полиэтностығының тарихы залдарын ашу – патриоттық тәрбие басымдықтарын ілгерілетуге, біртұтас азаматтық қауымдастық – Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру үшін интеллектуалдық, мәдени және рухани ынталандыруды құруға негіз болмақ. Ассамблеяның даму тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын көрсететін маңызды жобалардың тағы бірі – «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыру. Ол 2015-2018 жылдар аралығын қамтиды. Осындай және басқа да қолға алынып жатқан ірі жобалар Ассамблеяның еліміздегі әлеуметтік-экономикалық үдерістерге араласу форматы бұрынғыға қарағанда ауқымды түрде жаңғыртылғанын көрсетеді.
Әлемнің көптеген елінде мемлекеттік рәміздерді қолданудың тәртібі белгіленген. Мысалы, Ұлыбританияда «Ұлыбритания туының хаттамасы бойынша басшылық» деген құжат бар. Аталған құжатта ресми шараларда және өзге де жерлерде тудың қалай қолданылатыны, тудың бейнесі қалай салынатыны туралы ақпарат келтірілген. Ал АҚШ-та 1923 жылдан бері елдің рәміздерін қолдану дәстүрі мен ережесін реттейтін ерекше құжат – «Ту кодексі» жұмыс істеп келеді. Бұл құжатқа 1943 жылы федералды заң мәртебесі берілген. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, біздің елімізде де мемлекеттік рәміздерді қолданудың қазақстандық тәжірибесін жетілдіру мақсатында 2015 жылғы 28 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесі құрылып, жұмысын бастады. Кеңестің бірінші отырысы биылғы жылдың 25 ақпанында өтті.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 87-қадамында азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, соның аясында технологиялық жобалар серияларын іске қосу қарастырылған. Оларды жүзеге асыруда өзге мемлекеттік құрылымдармен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің де ауқымды жұмыстар атқаруына тура келді. Министрлік ең алдымен мәдениет саласына қатысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді қолға алды.
Еліміз материалдық емес мәдени мұраны қорғау және Қазақстанның БҰҰ-ның (ЮНЕСКО) қызметіне толыққанды қатысуы үшін 2011 жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялаған еді. Осыған байланысты тиісті заңнамалардың нормаларын осы Конвенцияның нормаларына сәйкес келтіру үшін материалдық емес мәдени мұра институты енгізілді. Сонымен бірге, театр, музыка, цирк, хореография өнері, кино индустриясы, кітапхана ісі, археология, бейнелеу өнері, тағы басқа да мәдени-тарихи және өнер салаларының қызметін реттейтін салалық көркемдік кеңестер құру жұмыстары қолға алынды.
Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін қолданыстағы «Мәдениет туралы» Заңда отандық музейлер мен кітапханалардың тікелей құзыреттігі нақты көрсетілмеген еді. Олар негізінен кеңестік кезеңдердегі нұсқаулықтарды немесе өзге де құжаттарды пайдаланып келді. Ұлт Жоспарының талаптарына сәйкес заңнамаға музейлер мен кітапханалардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, оның ішінде аталған салаларға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу бойынша уәкілетті органның құзыретін кеңейтуге байланысты бірқатар түзетулер енгізілді. Мәдениет саласының айрықша ұйымдары ретінде цирктердің қызметі реттелді. Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік тапсырыс аясында қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруды регламенттеу жөніндегі жаңа нормалар қарастырылып отыр.
Ондаған жылдардан бері мәденит ұйымдары мен мекемелері желісінің үлгілік стандарттарын әзірлеу мәселесі шешілмей келген болатын. Бұл мәселе өткен жылы шешімін тапты. Сөйтіп, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, сондай-ақ, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың және селолық деңгейдегі мемлекеттік мәдениет ұйымдарының үлгілік штаттары бекітілді.
Елімізде бұған дейін Денешынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасы жасалмаған еді. Бұл өз кезегінде саланың ұзақ мерзімді дамуының пайымын сипаттауға қиындық туғызып келді. Қазіргі кезде барлығы басқаша. Өткен жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Денешынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін денешынықтыру мен спорт саласының даму моделін қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ, ол қазақстандықтар өмірінің сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде осы құжатты іске асыру барысында денешынықтыру және спортпен шұғылданатындардың жоспарланған нысаналы индикаторы 4 миллион 586 мың адамға жетті. Тұжырымдаманы іске асыру барысында аталған нысаналы көрсеткіш жыл сайын 1,2 пайызға өседі деп болжанып отыр.
Жылдың басында Қазақстан Республикасында мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары бекітілген еді. Жоспарды іске асыру қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылының нормативтік базасын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға қатысты ауқымды іс-шаралардың қатарында елімізде тілдерді дамыту мәселесі де бар. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ондағы ең басты қағидат – үштілді білім беру моделін қалыптастыру және оны дамыту. Өйткені, бүгінгі және болашақ ұрпақ жаһандану үдерісінен қалып қоймауы тиіс. Үштілділік қай кезде де, қай жерде де қажет екенін өткен уақыт дәлелдеді. Оның бүгін де, ертең де, одан кейін де керек болатынын көптеген елдердің тәжірибесі көрсетті.
Биылғы жылдан бастап Ұлт Жоспары аясында қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастады. Олар ел алдында тұрған биік белестерді бағындырып, ең ұлы құндылық – Тәуелсіздігімізді мәңгі етуге қызмет етеді. Өйткені, біздер, Елбасымыз атап өткендей, дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат еткен елміз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»