03 Қыркүйек, 2016

Өнімді өндірушіден – өңдеушіге

379 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
100-590Атырауда экономиканы әртараптандыру бағытында тың жобалар бар Атырау десе, алдымен, өңірдегі мұнай мен газ қорының молдығы ойға оралады.  Бұл өңір мұнайшылары бір ғасырдан бері «қара алтынға» баланған өнімді молынан өндірген болса, енді өзге салаларды дамытуға бет бұрды. Енді шикізаттық өнімді өндірушіден өнім өңдеушіге қадам жасаған өңір  енді бұл өңір бұдан былай тек жер астындағы табиғи  байлыққа тәуелділіктен құтылады деуге бола ма? «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед те өңірге сапары барысында осы мәселеге баса назар аударды.  Рас, өнім өңдеуге бетбұрыс жасау үшін алдымен экономиканы әртараптандырудың маңызы айрықша екені даусыз. Мұны Елбасы Н.Назарбаев та ұдайы айтып келеді. Мәселеге осы қырынан ой жүгірткенде, соңғы жылдары Атырауда  ауыл шаруашылығы саласын қарқынды өркендету бағытындағы жобалардың іске асырыла бастағанын айта аламыз. Әсіресе, Жайық өзенінің қос жағалауын жағалай қоныс еткен Махамбет және Индер аудандары көкөніс пен бақша дақылдарын өсіруге қолайлы екені дәлелдене түсуде. Бұрын ауыл шаруашылығы саласының өкілдері өңір климатының қатаңдығы мен жартылай шөлейттігін алға тартушы еді. Қазір осынау қасаң көзқарас түп-тамырымен өзгерді. Өңірдің әр ауданында ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге ден қоюшылар қатары көбейіп келеді. Соның ішінде Махамбет ауда­нында осы саланы өрге сүйрей­тін бірнеше  жоба іске асырылды. Ауданда адал еңбекпен Атырау­дың аңқаны кептірер аптап ыстығы мен сағым ойнаған сары  даласын­да да көкөніс пен бақша дақылда­рының түр-түрін өсіруге, сөйтіп, мол өнім жинауға болатынын дәлелде­ген­дердің қатарындағы ағайынды Қоныс пен Ақтұрлан Ермановтар да бар. Олар 2002 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрған. Содан бері ерін­бейтін Ермановтар өздеріне тиесілі жер көлемін 1500 гектарға жеткізіпті. Бұл, әрине, бір шаруа қожалығы үшін аз емес. Десек те, әр қадамды тиімді пайдалануды мақсат еткен ағайынды жігіт­тер бас­тапқыда төрт түліктің санын молай­туға жұмыстанды. Бұлар тек мал өсі­румен ғана шектелмей,  дәмі тіл үйі­рер қауын мен қарбызды да,   кар­топ пен жуаны да, сәбіз бен баклажан­ды да өсіреді. Тіпті, асқабақты да «Дастанның» алқабынан табуға болады. – Біздің  қожалығымызда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар­дың орташа жалақысы – 60 000 теңге,  – дейді «Дастанның» құрылтайшысы Қоныс Ерманов. – Соңғы жылдары тамшылатып суару әдісін қолдануды қолға алдық. Оның технологиясын Израильден алдырған едік. Бұл – суға кететін шығынды едәуір азайтуға жол ашты. Соның нәтижесінде биыл 125 гектарға көкөніс, бақша өнімдерін ектік. Мемлекет тарапынан төрт түліктің аналығына да, көкөніс, бақша өнімдеріне де қаржылай қолдау жасалып отыр. Махамбет ауданының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлының айтуынша, биыл 300 гектарға бақша, 680 гектарға көкөніс егіліпті. Мұның сыртында 531 гектарға егілген картоп және бар. Ауданда тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданысқа енгізіліпті. Соңғы 5 жылда тамшылатып суарылатын алқап 5 есеге ұлғайып,  1050 гектарға жетіпті. Аталған ауданда әуелден ауыл шаруашылығы саласы кең қанат жайған. Енді мұнда «Агробизнес-2020» секілді бағ­дар­ламамен осы заманғы технологиялар енгізілген жобалар қатары көбею­де. Оны аудандағы ешкі және тауарлы-сүт бағытындағы сиыр ферма­ла­рының іске қосылуымен байланыс­тыруға болады. Аудан аумағындағы өткен ғасыр­лардан жеткен тарихи орын – «Са­райшық» қалашығымен аттас Шекшек ата тұқымы өсірілетін фермада 20-дан астам ешкі сүтінің өнімі нарыққа шығарылды. Тіпті, тауық жұмыртқасынан әлденеше кіші болғанмен, екі еседей қымбатқа бағаланатын бөдене жұмыртқасын шығаратын ферма да бар. Мұнда жылына бөдененің 700 мың дана жұмыртқасы мен 2 тонна еті өндірі­леді. Ал «Алмалы құс» фабрикасында  бір жылда 60 млн жұмыртқа өнді­руге бағыт ұсталып отыр. Сондай-ақ, «Первомайский» ЖШС-інде күні­не 18 литр сүт беретін асыл тұқым­ды сиырлар үшін көк балауса өсіріледі. Арпа мен сұлыға бергісіз көк өскін­нің ұзындығы  14-15 см-ге жетеді. Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын өрге бастырар жобалардың бірнешеуімен танысқан соң «Дастан» шаруа қожалығының жұмысшыларымен де әңгімелесті. Елбасы жақында ғана жерді оның қадірін білетін, жаңа технологияларды енгізу арқылы құнарлылығын арттыруда тәжірибесі бар адамдардың игеруі қажеттігіне тоқтаған-тын. Осыған сәйкес Аты­рау облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету ісі қолға алынған. Голландиядан әке­лінген сиырдың біреуі 30 литрге дейін сүт беретін бұрын-соңды болмаған жаңа шаруашылықтар пайда болған. Екіншіден, бір ғана «Дастан» шаруа қожалығының  алқаптарында 12 түрлі өнім өндіріліп отыр. Және мұ­ның бәрі – экологиялық таза өнім­дер. Өнімді өндірудің, оны өткізу­дің арасында ешқандай проблема жоқ. Бұл шаруашылықтың өнімін облыс, аудан орталығындағы халық сол мезетінде алып кетіп жатыр. Сондықтан бұл өңірге Елба­сы­ның қамқорлығы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамы­туға, көкөніс шаруашылығын дамытуға, оның үстіне түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде, сүт, жұмыртқа, құс өнімдерін өндіруде үлкен нәтижелерге қол жеткізілген. Және бұл алдағы уақыт­та Мемлекет басшысының қолдауы­мен дами береді. Мемлекет қашан да жермен жұмыс істейтін адамдарға тиісті қолдау көрсетуге әзір және көрсете беретін болады, деді Мұхтар Абрарұлы. Өңір экономикасын әртарап­тан­дыру бағытындағы басты жобаның қатарында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын айтуға болады. Өйткені, арнайы экономикалық аймақта  бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру мүмкін болып отыр. Мәселен, «Полимер Продакшн» серіктестігінің пластикалық қаптама өндірісі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, Орталық Азия елдерінде де теңдесі табыла қоймайтын бірден-бір жоба болып отыр. Кәсіпорынның цехтарында  азық-түлік өнімдері мен киім-кешек, жұпар иісі аңқыған гүлдер мен көз жауын алар ең әсем сыйлықтар, тіпті, парфюмерия секіл­ді алуан-алуан заттарды орайтын  қаптамаларды шығаруды қолға алды. Қазір мұнда 277 адам жұмыспен қамтылыпты. Бәрі де Австрия және Германия технологияларында жұ­мыс істеуді меңгерген. Болашақта олардың саны 350-ге дейін жетеді. Әзірге шикізат Ресейден алынып отыр. 2023 жылы химия зауыты ашылады. Сол кезде шикізат өз елімізден де табылады. Жоба қуаттылығы өте ауқымды, алдағы жылы 40 млн дана полипропилен қапшығын, 3 мың тонна полиэтилен және 11 мың тонна биаксальды полипропилен қабықшасын шығару жоспарланған. Тек осы жобаның өзін іске асыру үшін 16,9 млрд теңге салын­ған. Мұнымен қоса, бірнеше инвес­тициялық жоба да қолға алыныпты.  Мәселен,  «KPI Inc.» серіктестігінің газ-химия кешенінің бірінші кезек­тегі құрылысына 694,3 млрд теңгеге бағаланып отыр. Мұнда бастапқыда жылына 500 мың тонна полипропилен шығару көзделіпті. Ал KLPE серіктестігі кешеннің 800 мың тонна полиэтилен шығаратын екінші кезең­інің құрылысына 1 530 млрд теңге жаратпақ ниетте екен. – Жыл сайын Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша еліміздің түрлі кәсіпорындарына 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінуде. Егер салыстыратын болсақ, бұл Қазақстан Республикасының 2003 жылғы бюджетімен пара-пар,  – деді Мұхтар Абрарұлы. – Сол үлкен қар­жының алтыдан бір бөлігі Атырау облысында игеріліп жатыр. Атырау мұнай өндіруші өңірден мұнай өңдейтін өңірге айналып келеді. Қазақстанның мұнай химиясының үлкен орталығына айналды. Бұрын-соңды өзімізде өндірілмеген поли­этилен, полипропилен сияқты түрлі өнімдер Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, тағы басқа шет елдердің нарығына шығарылуда. Ал мына зауыт Австрия технологиясымен жабдықталған. Осының барлығы Елбасының Қазақстан экономикасын әртараптандыру, баламалы экономика құру жөніндегі мақсатынан туындайды. Және осы мақсатты жүзеге асыруда атыраулықтар үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Мұны Елбасының «Нұрлы Жол» бағдар­ламасының жемісі деп білуіміз керек. «Нұрлы Жол» бағдарламасының өңірде іске асырылуына нұротан­дықтар да белсенді атсалысуда. Осы орайдағы жұмыстардың тиімділігін арттыру «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының  активімен кездесуде кеңінен талқыланды. Биыл мұнайлы өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  2,6 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаражаттың есебінен ағымдағы жыл соңына дейін 35 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өңірлік кешенді жоспарына сәйкес бүгінге дейін 8 мың адам жұмысқа орналастырылған.  Әрине, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз жіктері үшін жаңа жұмыс орындарын ашуда тым тәуір мысалдар келтіруге болады.  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде қағаз пакеттерін шығаратын кәсіпорын ашылды. Оны мүмкіндігі шектеулі жан басқарады. Ол өзі басқаратын шағын цехқа  арбамен жүретін 6 мүгедекті жұмыспен қамтып отыр. Партияның өңірдегі белсенді мүшелері атсалысқан осы тектес жобалардың өзі экономиканы әртараптандыруға жол ашарына екпін түсірген Мұхтар Абрарұлы сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан міндеттер мен мақсаттарға кеңінен тоқталды. Өңірлік филиалдың жұмысын әлі де жандандыра түсудің қажеттігін баса айтты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы