2015 жылғы 8 сәуір, Астана қаласы
Азаматтық пиротехникалық заттарды және
олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 25) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған «Азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекіту туралы» қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттерінің бастықтары осы бұйрықты тиісті қызметтер қызметкерлерінің зерделеуін ұйымдастырсын және оның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов
«КЕЛІСІЛДІ» «КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі Ұлттық экономика министрі
_________________Ә. Исекешев _________________ Е. Досаев
2015 жылғы « » ___________ 2015 жылғы « » ___________
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі
№ 319 бұйрығымен бекітілген
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып
жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы заңдарына сәйкес азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды (бұдан әрі – пиротехникалық заттар мен бұйымдар) сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар кез келген қауіптілік дәрежесіндегі өндірістік пиротехникалық заттар мен бұйымдарға қолданылмайды.
3. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қолдану кезінде әлеуетті қауіптілігі дәрежесіне қарай 5 сыныпқа бөлінеді:
1) I сынып – қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, кинетикалық қозғалыс энергиясы 0,5 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 0,25 м қашықтықтағы акустикалық сәулеленуі 125 ДцБ-дан аспайтын, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы 0,5 м-ден артық емес бұйымдар;
2) II сынып – қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, кинетикалық қозғалыс энергиясы 5 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 2,5 м қашықтықтағы акустикалық сәулеленуі 140 дБ-дан аспайтын, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы 5 м-ден артық емес бұйымдар;
3) III сынып – қауіпті фактор қатарында соққы беретін толқындар мен жарылыс кезінде жан-жаққа ұшатын жарықшақтары жоқ, бағытталған қозғалыс кезіндегі кинетикалық энергиясы 5 Дж-дан астам, бағытталмаған қозғалыс кезінде 20 Дж-дан аспайтын, бұйымнан 5 м қашықтықтағы акустикалық сәулеленуі 140 дБ-дан артық емес, ал қалған факторлар бойынша қауіпті аймақ радиусы III сыныптың 30 м-ден артық емес және ІІІа төменгі сыныбы үшін 20 м-ден аспайтын бұйымдар;
4) IV сынып – қауіпті факторлар қатарында соққы беретін толқындар жоқ, ал қауіпті аймақ радиусы қалған факторлардың ең аз дегенде біреуі бойынша 30 м-ден астамды құрайтын бұйымдар;
5) V сынып – I-IV сыныптарға кірмеген өзге де пиротехникалық заттар мен бұйымдар.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдар мақсаты бойынша пиротехникалық заттар және тұрмыстық мақсаттағы бұйымдар (І-ІІІ сыныптар) мен пиротехникалық заттар және техникалық мақсаттағы бұйымдар (IV-V сыныптар) болып бөлінеді.
2. Азаматтық пиротехникалық заттар мен
бұйымдарды сақтау және есепке алу тәртібі
4. Азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау ішкі істер органдарының рұқсаты негізінде жүзеге асырылады.
5. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға рұқсат беру үшін қойма қызмет көрсететін аумағында орналасқан ішкі істер органына заңды тұлға:
1) сақтауға жататын пиротехникалық заттар мен бұйымдардың атауы мен санын (салмағын, өлшемін), сақтау үшін жауапты адамның тегін, атын, әкесінің атын, жеке куәлігінің немесе паспортының сериясы мен нөмірін көрсете отырып, қолдаухатты;
2) өртке қарсы қауіпсіздігі қағидаларының талаптарына сәйкес келетін және есепке алынған өнімнің сақталуын, есепке алуды және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін дайын пиротехникалық өнімді сатуға арналған үй-жайлар мен оларды өткізуге арналған қоймалардың меншік құқығын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау үшін меншік қойма болмаған жағдайда, үшінші тұлғадан сақтауға не қойманы (қоймаларды) жалға алуға арналған шарттың (шарттардың) көшірмесін ұсынады.
6. Пиротехникалық заттар мен бұйымдардың сақтауға арналған рұқсатты аумақтық ішкі істер органдары:
1) заңды тұлға өтініш білдірген кезде оны қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге шыға отырып, тексеру талап етілмеген кезде күнтізбелік он бес күн;
2) заңды тұлға өтініш білдірген, оны қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге шыға отырып, тексеру талап етілген кезде күнтізбелік отыз күн ішінде береді.
7. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған рұқсат үш жылдық мерзімге беріледі.
Рұқсат беруден дәлелуі бас тарту рұқсат беру үшін белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
Мынадай:
1) егер осы Қағидалардың 5-тармағының талаптарына сәйкес құжаттар ұсынылмаған;
2) сақтау орны осы Қағидалардың 10-34-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда рұқсат беруден бас тартылады.
8. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған рұқсаттың мерзімі аяқталған кезде ол ұзартуға жатпайды.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған рұқсатты жоғалтқан, бүлдірген кезде рұқсат иесі рұқсаттың телнұсқасын алуға құқығы бар.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған рұқсаттың жоғалған, бүлінген бланкілері ішкі істер органдары жоғалғаны немесе бүлінгені туралы өтінішті алған күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Ішкі істер органдары өтінішті берген күннен бастап екі жұмыс күн ішінде жоғары оң жақ бұрышында «телнұсқа» деген жазбалармен және рұқсатты бастапқы берген күнін және телнұсқаны берген күнін көрсете отырып, пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған рұқсатының телнұсқасын беруді жүргізеді.
9. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау пайдалану құжаттамасының талаптары мен өрт (өндірістік) қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес жүргізіледі және пиротехникалық бұйымдары бар орамдарға күн сәулесінің және атмосфералық жауын-шашынның тікелей түсуіне жол берілмейді.
10. Тек арнайы бөлінген орындарда және ескерту ақпараты болған кезде ғана жарамсыз болған (ақауға жатқызылған) пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қоймаларда уақытша сақтауға рұқсат етіледі.
11. Азаматтардың жеке пайдалану үшін сатып алынған, салмағы бойынша 333 кг брутто аспайтын тұрмыстық мақсаттағы пиротехника заттар мен бұйымдар өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып және тиісті пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қолдану жөніндегі нұсқаулық бойынша сақталады.
12. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау көтерме, шығыс қоймаларында және бөлшек сауда желілерінің қоймаларында штабельдер (төсемелерде немесе ағаш төсемдерде) және стеллаждарда жүзеге асырылады. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды жабдықталған көлік құралдарында немесе жүргізілетін жұмыстың технологиялық циклі шегінде пайдалану орындарында уақытша сақтауға рұқсат етіледі.
13. Тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттар мен бұйымдардың бөлшек саудасы, оған тікелей күн сәулесінің және атмосфералық жауын-шашынның түсуін болдырмай өнімнің сақталуын қамтамасыз ететін дүкендерде, дүкендердің бөлімдері мен секцияларында, павильондар мен дүңгіршектерде жүргізіледі. Сауда үй-жайларын пиротехникалық заттармен және бұйымдармен толтырудың тікелей нормасы сауда үй-жайының әрбір 25 шаршы метріне брутто бойынша 1200 кг пиротехникалық бұйымдар мен заттарға есептеліп белгіленеді. 333 кг аспайтын тұрмыстық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды 25 шаршы метрден аз сауда үй-жайларында сақтауды және сатуды біруақытта жүргізуге болады.
14. Тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сату жүзеге асырылатын үй-жайлар штаттан тыс жағдайлар кезінде адамдарды шығару үшін кедергі келтірмейтін орында орналастырылады. Тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сатуға арналған сауда үй-жайлары өрт сигнализациясымен және өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен жабдықталады.
15. Сауда үй-жайларындағы тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттардың үлгілері бар сөрелер сатып алушының пиротехникалық заттар мен бұйымдардың жазбаларымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді және сатып алушылардың бұйымды сырттай көзбен шолуынан басқа кез келген іс-әрекеттерін болдырмайды.
16. Тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттар мен бұйымдар жылыту жүйесі аспаптарынан 0,5 м қашықтықта орналасады. Тұрмыстық пиротехникалық заттар мен бұйымдар бар үй-жайларда механикалық және (немесе) жылу әрекеттерімен жасалатын жұмыстарға жол берілмейді.
17. Өзіне-өзі қызмет көрсету дүкендерінің сауда үй-жайларында тұрмыстық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сатуды тек мамандандырылған секцияларда сатушы-консультант жүргізеді, сатып алушыларға тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдарды тікелей ұстауға болмайды.
18. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған үй-жайдың екі жиынтық кілті болуы тиіс. Кілттің бір жинтығы үнемі бұйыдардың сақталуына жауапты адамда, екіншісі - сақтауға рұқсат берілген ұйым басшысында мөр қойылған пеналда болады.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға арналған үй-жайдың кілттерін бөгде адамдарға қолжетімді жерлерде қалдыруға болмайды.
19. Техникалық мақсаттағы қауіптілігі IV сыныптық азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау қоймалары олардың мақсатына байланысты тұрақты (базистік), шығыс және жылжымалы қоймалар болып бөлінеді:
1) базистік қоймалар - бұйымды ұзақ уақыт сақтау үшін қызмет етеді;
2) шығыс қоймалары - бұйыммен ағымдағы қажеттілікті қанағаттандыру үшін қызмет етеді;
3) жылжымалы қоймалар - бұйымды қысқа уақыт сақтау үшін қызмет етеді.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау үшін жарылғыш материалдардың жұмыс істеп тұрған қоймаларын пайдалануға болады.
20. Қауіптілігі IV сыныптық пиротехникалық заттар мен бұйымдар Астана және Алматы қалаларының, облыстардың және Көліктегі ішкі істер департаменттері (бұдан әрі - ІІД, КІІД) аумақтылығы бойынша берген басқа да заңды тұлғаларға оларды сақтау орны бойынша қоймалардан сатылады.
21. Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды толықтыру нормасы:
1) базистік қоймалар үшін - 200 000 кг-нан;
2) шығыс қоймалары үшін - 5 000 кг-нан;
3) сауда ұйымдарының (дүкендердің) қойма үй-жайлары үшін - 5 000 кг-нан аспауы тиіс.
22. Сақтау орындарын желдету үшін құлыппен жабылатын торлы металл есіктер, ал терезелер мен желдеткіш қақпақтарына металл торлар мен торшалар орнатылады. Торлы есіктер мен торлардың көздері көлемі 150 мм х 150 мм аспауы, тор шыбығының қалыңдығы 10 мм кем болмауы тиіс.
23. Әрбір сақтау қоймаларында пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға аумақтық ішкі істер органдары берген рұқсат етілген санынан аспайтын мөлшерде сақтауға рұқсат етіледі.
Әрбір базистік және шығыс қоймаларының паспорты болады.
24. Барлық қоймалар бұйымның түрі мен толықтыру нормасына байланысты қауіпсіз ара қашықтықта орналасады.
Қоймалардың арасындағы жеке ғимараттардың қауіпсіз ара қашықтығы құламаған күйде 100 метрден (бұдан әрі - м), құлаған күйде 50 м кем болмауы тиіс.
Базистік қоймалардың жекелеген сақтау орындарының арасындағы ара қашықтық құлаған күйде 200 м. кем болмауы тиіс.
Шығыс қоймалары тұрғын үйлерден, фейерверк көрсететін алаңдардан және адамдардың көп жиналатын орындарынан қауіпсіз ара қашықтықта, бірақ 100 метрден жақын емес аралықта орналасуы тиіс.
Барлық қоймалар:
1) аудандық маңыздан төмен емес тас жолдан, кеме жүзетін өзендер мен арналардан, тұрғын үй құрылыстарынан жеке тұрған қоймаға апаратын жолдарды қоспағанда, темір жолға бөлінген жолақтар шекарасынан - 400 м;
2) станциялық ғимараттарға, қоймалар мен басқа да станциялық құрылыстарға бөлінген жолақтар шекарасынан - 1000 м;
3) халқының саны 10000-ға дейін және 10000 адамнан асатын кенттер мен басқа да елді мекендер аумақтары шекарасынан - тиісінше 800 м және 1000 м;
4) қоймаға тиесілі емес басқа өндірістік ғимараттар мен құрылыстардан 1500 м кем емес қашықтықта орналасуы қажет.
25. Тұрақты және шығыс қоймалардың аумағы биіктігі 2,5 м кем емес тікенекті сыммен қоршалады.
26. Барлық сақтау орындары жанбайтын материалдан жасалған, бір қабатты, жылытылмайтын болуы тиіс. Сақтау орындарының қабырғалары мен төбесі ақталған болуы тиіс.
Қоймалардың едендері өндірістік ғимараттардың еден құрылғыларына арналған техникалық шарттарға сәйкес ұшқын шығаруды болдырмайтын, жанбайтын материалдан жасалады.
27. Сақтау орындарының көлеміне қарай екі шығатын есігі болады. Ұзындығы 10 м кем қойманың бір шығатын есігі болады.
Сақтау орнына кіретін есіктер сыртқа қарай ашылуы тиіс. Күн жаққа қарайтын терезенің әйнектері күңгірт болуы немесе ақ бояумен боялады.
Жасанды жарықтандыру сыртта болуы тиіс. Қойма үй-жайларында кезекші жарықтандыру, сондай-ақ газ плиталарын, электрлік-қыздырғыш аспаптарды пайдалану және штепсельді қосқыштарды орнатуға болмайды.
28. Қоймаларда электр жабдықтар қолдану аяқталғаннан кейін, тәуліктің түнгі уақытында тоқтан ажыратылады. Электр қуат көзін өшіруге арналған аппараттар қойма үй-жайынан тыс жерде, өртенбейтін материалдан жасалған қабырғада немесе жеке тұрған тіреуіштегі шкафта немесе пломбалау және құлыппен жабу үшін икемделген құрылғысы бар ойықшада орналасады.
29. Бір сақтау орнында пиротехникалық заттар мен бұйымдардың бірнеше түрін сақтау кезінде сақтау орны жанбайтын бөлгіштермен бөлінген секцияларға бөлінеді.
Бұйым орамалары штабельдерде немесе стеллаждарда сақталады. Штабельдерде және стеллаждарда фейерверк бұйымдары бар жәшіктерді сақтау кезінде олар партиялармен қойылады.
Штабельдерде сақтауға арналған бұйымдары бар ағаш жәшіктер сөрелерде бірінің үстіне бірі қақпақтарын жоғары қаратып қойылады, төменгі қатарлардың астына ауа алмасуды қамтамасыз ету үшін тақтайлардан төсем жасалады.
Әр штабельде және стеллаждың сөрелернде бұйым атауы немесе индексі, партия нөмірі, орындар саны, келіп түскен күні көрсетілген көрсеткіш бекітіледі.
30. Штабельдердегі және стеллаждардағы бұйымдар олардың желдету, штабельден (сөрелерден) оларды алу, қарау мүмкіндігін қамтамасыз ету тәртібінде орналасады. Штабельдерді орналастыру кезінде олардың арасындағы өту жолы: қарау үшін – кемінде 0,7 м, жүкті тиеу және түсіру үшін – кемінде 1,5 м, кіреберістегі қабырға жағынан штабельдің соңына дейінгі қашықтық – кемінде 1,25 м және штабельдерден артқы және бүйірлік қабырғаларға дейін – кемінде 0,7 м қалтырылады. Штабельдердің биіктігі кемінде 2,5 м, ені – кемінде 5 м.
Стеллаждардың жоғары сөрелерінің биіктігі еденнен 1,65 м аспайтын, төменгі қабаттың еденге дейінгі қашықтығы - кемінде 0,15 м және жоғары сореуен төбеге дейін - кемінде 1 м болуы тиіс.
Стеллаждарды толықтыру кезінде олар төмен түсіп және қисайып кетпейтіндей түрде құрылады. Сақтау қоймаларындағы стеллаждардың барлық бөліктері бір-бірімен өзара металл қолданылмай тиекпен және сыналанып бекітілуі тиіс. Стеллаждардың тақтайларын шегелердің бастарын 0,5 см\ге кіргізе қағып, бекітуге және ойық жерлеріне шпатлевка жағуға болады.
31. Сақтау орындарында жүкті қабылдау және беру тәуліктің жарық кезінде жүргізеді. Қажет болған жағдайда бұл жұмыстарды сыртқы жасанды жарықтандырумен жүргізуге болады.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдардың сақтау орындарында (қоймаларында) жүк тиеу-түсіру жұмыстарына арналған механизмдер жарылғыштан қорғалған күйде орындалады, ал ішкі жану қозғалтқыштарының пайдаланып шығарылған газдардың бейтараптандырушылары және ұшқын өшіргіштері орнатылады.
32. Сақтау орны мен қойма аумағын таза ұстау қажет, сынған ыдыстарды, бөгде және жанғыш материалдарды сақтауға жол берілмейді. Қойма ғимаратының кіру жолдарын, өрт сөндіру, су көздерінің, сондай-ақ өртке қарсы мүккамалдар мен жабдықтарға бару жолдары үнемі бос болуы тиіс.
Қоймалар арасындағы қауіпсіз қашықтықтарды қандай да бір материалдар, жабдықтар мен басқа да заттарды сақтау үшін пайдалануға болмайды.
Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды пайдалану өрт қауіпсіздігі талаптарын ескере отырып әзірленген пайдалану құжаттамасының немесе белгіленген тәртіпті бекітілген технологиялық нұсқаулықтар (техникалық процестер) талаптарына сәйкес жүргізіледі. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды мақсатсыз пайдалануға жол берілмейді.
Адамдарға пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сатып алумен, сақтаумен, есепке алумен, тасымалдаумен, пайдаланумен тікелей байланысты жұмыстарға рұқсат беру адамдарға жарылғыш материалдарына рұқсат беру талаптарына сәйкес жүргізіледі.
33. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қоймалар және бөлшектеп сату орындарында дайын өнімді есепке алу кітапшасы жүргізіледі.
Дайын өнімді көтерме тұтынушыларға босату есебі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті кітапта жүргізіледі.
Дайын өнімді есепке алу және дайын өнімді көтерме тұтынушыларға босату есебінің кітаптары нөмірленеді, тігіледі, ішкі істер органдарының «Лицензиялау-рұқсат беру жүйесі» деген бедері бар мөрімен мөрленеді.
Қоймалардан жіберілетін өнімнің әрбір түрін жеке есепке алу қажет. Кітаптағы жазбалар кіріс-шығыс құжаттардың негізінде жүкті алған немесе берген кезде жүргізу қажет.
3. Азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды
пайдалану (фейерверктер көрсету) тәртібі
34. Қазақстан Республикасының аумағында қауіптілігі IV сыныптық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды пайдалануды (көрсетуді) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, оларды пайдалануға берген лицензиясы бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
35. Фейерверктерді қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шараларда қолдану тек аумақтық ішкі істер органымен келісілген, жұмысты жүргізуге құқығы бар құжаттамалар бекітілгеннен кейін жергілікті әкімшіліктің рұқсатымен жүзеге асыратын заңды тұлғаларға рұқсат етіледі.
Бұл ретте пиротехникалық заттар мен бұйымдарға техникалық құжаттамалар, орналастыру-жоспары, бұйымдарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған көлік келісуге ұсынылады.
36. Осы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стандарттарды, өртке қарсы техникалық қауіпсіздік нормалары мен қағидаларын басшылыққа алынады.
37. Мәдени-көпшілік және бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде фейерверктер көрсету үшін ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органға іс-шара өткізуге дейін кемінде 10 жұмыс күн бұрын қолдаухатпен өтініш білдіреді.
Қолдаухатта мынадай мәліметтер:
1) іс-шараны өткізуші ұйымның атауы және мекенжайы лауазымдарын мекенжайларын және байланыс телефондарын көрсете отырып, ұйымдастырушылар мен олардың уәкілетті адамдарының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
2) іс-шараның атауы мен мақсаты;
3) іс-шараның, оның ішінде фейерверк көрсетудің басталуы және аяқталу күні, орны мен уақыты;
4) іс-шараға қатысушылардың болжамды саны;
5) пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға, сатып алуға құқық беретін лицензияларды, оларды сақтауға арналған рұқсаттарды қоса бере отырып, фейерверк көрсетуді өткізіп жатқан заңды тұлға туралы мәлімет;
6) фейерверк көлемі, пайдаланылатын фейерверк бұйымдарының сипаты мен жүргізілу тәртібі;
7) фейерверк басшысы және фейерверк көрсетуге тартылатын персонал туралы мәліметтер және фейерверкке басшылық ету мен жүргізу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері;
8) қоғамдық тәртіпті қорғауды және өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған қажетті күштер мен құралдар көрсетіледі.
38. Фейерверкті дайындау және пайдалану кезеңінде бұйымдарды қысқа уақытқа сақтау кезінде тұрғын үйлерден, қоғамдық құрылыстардан, адамдар көп жиналатын орындарынан қауіпсіз қашықтықтағы жылжымалы қоймаларда (аумақтық ішкі істер органдарының әкімшілік полициясының келісімі бойынша арнайы жабдықталған көліктер) жүзеге асырылады. Қойманы күзету үшін күзет қызметін көрсету жөніндегі кілісім шарт жасалады.
39. Фейерверкті өткізетін адамдар фейерверк көрсетілімдерінде қауіпсіздікті, персоналды қорғау шаралары мен фейерверк бұйымдарынан сақталуын қамтамасыз етеді, ішкі істер органдарымен күзет іс-шараларын келіседі. Фейерверктер құрылғылары орналастырылатын орындарды күзету ішкі істер органдары мен осы іс-шараны өткізетін ұйымға жүктеледі.
40. Фейерверктер көрсетілетін орынды таңдау мен келісу фейерверк бұйымдарын қолдану болжанған қауіпті аймақтардың радиусын, жер бедерін, метеожағдайларды, жақын орналасқан объектілердің сипатын, қауіпті аймақты күзету сенімділігі мен көрсетілім қауіпсіздігіне ықпал ететін басқа да факторларды ескере отырып, жүргізілуі тиіс.
Қауіптілігі IV сыныпты азаматтық пиротехникалық заттармен және бұйымдарымен фейерверктерді көрсетуге арналған орын өртенетін құрылыстардан, отын қоймаларынан, піскен дәнді дақылдар немесе пішен алқаптарынан, сабандар, қылқанды ормандардан, электр желілерінен кемінде 500 м қашықтықта, өртенбейтін құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта орналасады.
Фейерверк үшін ең ыңғайлы орын үлкен су қоймаларының жағалаулары болып табылады. Құрылғыларды іске қосу орны көрермендердің іске қосу алаңынан 100 м қашықтықта, жел жағында болатындай түрде таңдалады.
41. Фейерверктер көрсету үшін тыйым салынатын орындарға:
1) азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін аумақтар, ғимараттар, құрылымдар, құрылыстар;
2) қауіпті және зиянды өндірістерге жақын орналасқан аумақтар мен объектілер, сондай-ақ көлік тораптары (көпірлер, өтпе жолдар, автомобиль жолдарының болу жолақтары, темір жол мұнай-газ құбырлары және жоғары вольтты электр тарату желілері, өрт және аса қауіпті жарылғыш объектілері);
3) аурухана ғимараттары мен балалар мекемелеріне тікелей жақын орналасқан аумақтар;
4) рухани - мәдени маңызы бар объектілердің аумағы, тарихи және мәдени ескерткіштер, зираттар мен ғибадат ету құрылыстары, қорықтар, қаумалдар және ұлттық саябақтар мен қажылық ету орындары объектілерінің аумақтары жатады.
42. Фейерверк тек мекеменің (кәсіпорынның) жауапты адамның күзет дайындығы мен өртке қарсы іс-шаралардың орындалуы туралы маман-пиротехниктің журналына қол қойғаннан кейін ғана басталуы мүмкін.
43. Фейерверктерді көрсету кезінде тек белгіленген тәртіпте аттестацияланған іске қосу құралын пайдалануға рұқсат етіледі. Фейерверктер көрсету үшін қолданылатын пиротехникалық заттар мен бұйымдар және іске қосу құралы оған қоса берілетін пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа қатаң сәйкестікте пайдаланады. Қолданылатын бұйымдарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты сақтамағаны үшін фейерверктер көрсетуді өткізетін ұйым жауапты болады.
44. Пиротехникалық заттар мен бұйымдардың ұрлану немесе жоғалуы фактісі туралы аумақтық ішкі істер органдарына дереу хабарлау қажет.
45. Фейерверк жүргізілетін алаңдарда:
1) темекі шегуге және от жағуға;
2) мас күйде жұмыс істеуге;
3) фейерверк құралдарын күзетусіз қалдыруға болмайды.
46. Фейерверк аяқталғаннан кейін жанбай қалған бұйымдар мен элементтерді жинау мақсатында көрсету шарасын ұйымдастырушылар фейерверк жүргізілген алаңды мұқият қарайды.
47. Фейерверк жүргізілетін алаңды күзету барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін фейерверк басшысының келісімімен ғана алынып тасталуы мүмкін.
Қауіпті аймақты күзету мен өртке қарсы іс-шаралар фейерверк аяқталғаннан кейін және фейерверктерді экспонаттауға жауапты адамдардың тексеруінен кейін ғана тоқтатылады.
48. Фейерверк аяқталғаннан кейін оның еткізілгендігі және сөндірілу туралы акті үш данада жасалып, оған фейерверк басшысы мен фейерверкке тапсырыс беруші өкіл қол қояды.
4. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды тасымалдау тәртібі
49. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды тасымалдау үдерісінде мынадай қауіпсіздік талаптары орындалады:
1) пиротехникалық заттар мен бұйымдарды тасымалдау олардың қасиеттерінің сақталуын қамтамасыз етеді және өнімнің қауіптілік сыныбын ескере отырып, көлік түріне қолданылатын жүк тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
2) пиротехникалық заттар мен бұйымдар оралған, таңбаланған, манипуляция белгілері қойылған, тауарға қажетті ілеспе құжаттары бар және тасымалдау кезінде олардың тұтынушылық қасиеттері сақталған және пайдалану бойынша құжаттама талаптарына сәйкестік қамтамасыз етілген кезде ғана оларды тасымалдауға рұқсат етіледі;
3) азаматтардың жеке пайдалануы үшін тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдарды пиротехникалық өнімдерді пайдалану құжаттарының талаптарын сақтай отырып, брутто салмағы бойынша 333 кг аспайтын мөлшерде тасымалдауға рұқсат етіледі.
50. Көліктік қауіптіліктің 1.4-тен астам кіші класы бар IV кластың пиртехникалық заттары мен бұйымдарын, сондай-ақ Кеден одағының мүшесі - жеке мемлекеттің аумағы бойынша автокөлік құралдарымен тасымалдауға рұқсат етілген қауіпті жүктердің тізбесіне сәйкес V кластың пиртехникалық заттары мен бұйымдарын тасымалдау Кеден одағының мүшесі - тиісті мемлекеттің аумағында қолданылатын қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларына сәйкес;
1) Кеден одағына мүше жеке мемлекет аумағы бойынша Кеден одағына тиісті мүше мемлекет аумағында қолданыстағы қауіпті жүкті тасымалдау қағидаларына сәйкес;
2) Кеден одағына мүше кем дегенде екі мемлекеттің немесе үшінші елдің аумағы бойынша халықаралық жолдарда қауіпті жүкті тасымалдау туралы (ЖҚЖТ) Еуропалық келісімге сәйкес жүргізіледі.
51. Көлік қауіптілігі 1.4 кіші тобының пиротехникалық заттары мен бұйымдары салмағы шектеусіз қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсаты туралы куәлігі бар жүргізуші басқаратын бір көлік құралымен тасымалдау ережесін сақтай отырып, жүк жіберуші немесе жүк қабылдаушы әзірленген бағыт бойынша автомобиль көлігімен жүргізіледі.
52. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды темір жол көлігімен тасымалдау 1996 жылғы 5 сәуірдегі достастық елдерінің қатысушы мемлекеттері Темір жол көлігі бойынша кеңестің 15-отырысында бекітілген темір жол арқылы қауіпті жүктерді тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
53. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды әртүрлі көлік түрлерімен тасымалдау кезінде олардың күзетілуі қамтамасыз етіледі.
54. Тасымалданатын жүк шайқалған және қатты қозғалған кезде оның құлауы, үйкелуі, бір-біріне және көлік қабырғасына соғылуы болмайтындай түрде орналастырылады.
Барар жолда жартылай түсірілуге жататын өнімді тасымалдау кезінде олардың әрбір партиясының әрқайсысы бір-бірінен бөлек қойылып, қалған жүктер өз орындарынан қозғалмайтындай түрде бекітілуі тиіс.
5. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды жою тәртібі
55. Тұтынушылық қасиетін жоғалтқан және (немесе) техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін пиротехникалық заттар мен бұйымдар жойылуға жатады, оның ішінде:
1) электрлік – тұтандырғышы істемей қалған;
2) құрамы тұтанбай қалған;
3) бұйым толық күйде жұмыс жасамаған;
4) электрлік – тұтанғыш сымдарының үзілген;
5) жарамдылық мерзімі аяқталған;
6) сәйкестендіру белгілері жоқ (жоғалған);
7) ақаулық белгілері анықталған;
8) контрафактілік пиротехникалық бұйымдар.
56. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды кәдеге жарату үдерісінде мынадай қауіпсіздік талаптары орындалады:
1) пиротехникалық заттар мен бұйымдар тұтынушылар өрт қауіпсіздігі және жарылғыш қауіпсіздігі шаралары талаптарын сақтай отырып, пайдалану құжаттарында немесе бұйымдардағы таңбалау белгілері түріндегі көрсетілген талаптарға сәйкес жоюға жатады;
2) пиротехникалық заттар мен бұйымдарды өндіруге рұқсат құжаты бар ұйымдар Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 16 тамыздағы № 770 шешімімен бекітілген «Пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес технологиялық нұсқаулыққа (технологиялық үдеріске) сай пиротехникалық заттар мен бұйымдарды жоюға, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарынан қосарлы өнім (шикізат, материалдар, жинақтау элементтерін) алу мақсатында жүзеге асырады.
57. Барлық жұмыс істемей қалған бұйымдар мен элементтер жеткізуші зауыт әзірлеген нақты бұйымдарды пайдалану нұсқаулығына сәйкес жоюға жатады.
58. Жарамсыз пиротехникалық заттар мен бұйымдарды жою ішкі істер органы өкілінің қатысуымен жүргізіледі.
6. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды Қазақстан Республикасына
әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету тәртібі
59. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен келісілетін экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органның лицензиясы бойынша мынадай құжаттардың негізінде жүзеге асырылады:
1) ерекшелігі қоса берілген, пиротехникалық заттар мен бұйымдарды жеткізуге арналған келісімшарт көшірмесі;
2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі берген импорттаушының (соңғы пайдаланушының) кепілдік міндеттерінің көшірмесі, (экспорттаушы елдің заңнамасында осындай құжатты, ұсыну көзделген жағдайда) ұсынылады;
3) пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сатып алуға аумақтық ішкі істер органы берген рұқсаттың көшірмесі.
60. Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды автомобиль көлігімен әкелу (әкету) кезінде қауіпті жүкті тасымалдаудың әкімшілік полициясы органдарымен келісілген бағыты ұсынылады.
61. Ішкі істер министрлігі «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес импортқа (экспортқа) арналған лицензияларды келіседі немесе импортқа (экспортқа) лицензияға келісуден бас тартады.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау,
есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларына
1-қосымша
Пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған дайын өніммен олардың
құрамдас компоненттерін есепке алу кітабы
____________________________________________________________________________________________
(кәсіпорын, ұйым атауы)
20___ жылғы «__» __________ басталды
20___ жылғы «__» __________ аяқталды
р/с № Келіп түскен күні Дайын өнім немесе компоненттерді босатқан ұйым атауы Заттар мен бұйымдарды сатып алуға берілген лицензияның нөмірі және берілген күні, лицензияны берген ішкі істер органы Заттар мен бұйым-дардың атауы Кило-грамм Дана Қоpaптар Ескертпе
1 2 3 4 5 6 7 8 9
Ескертпе: Кітап нөмірленеді, бауланады және аумақтық ішкі істер органының «Лицензиялау-рұқсат беру жүйесі» мөрінің бедерімен бекітіледі.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларына
2-қосымша
Пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған дайын бұйымдарды көтерме сауда тұтынушыларына босатуды есепке алу кітабы
________________________________________________________________________________________
(ұйым, мекеме атауы)
20___ жылғы «__» __________ басталды
20___ жылғы «__» __________ аяқталды
Р/с
№ Дайын өнімді босату күні Заттар мен бұйымдарды сатып алуға берілген лицензияның нөмірі мен берілген күні, лицензияны берген ішкі істер орган Заттар мен бұйым-дардың атауы Килло-грамм Дана Қорап-тар Өнімдерді сатып алған заңды тұлғаның атауы Тауарды алуға жауапты адамның Т.А.Ә. Ескертпе
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Ескертпе: Кітап нөмірленеді, бауланады және аумақтық ішкі істер органының «Лицензиялау-рұқсат беру жүйесі» мөрінің бедерімен бекітіледі.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 27 мамырындағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 11193 болып енгізілді.