АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті Элиотт халықаралық қатынастар мектебіне қарасты Еуропа, Ресей және Еуразияны зерттеу институты директорының орынбасары, Орталық Азия бағдарламасының директоры Марлен ЛАРЮЭЛЬМЕН әңгіме
– Марлен ханым, Ауғанстандағы әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелер әлі де шешімін таппай келеді. Сіздің ойыңызша, аталған мәселелердің түйінін тарқатудағы келесі АҚШ Президенті әкімшілігінің рөлі қандай болмақ? Орталық Азияның Ауғанстан мәселесіне қатысты үдерісі қалай өрістейді?
– Менің ойымша, келесі АҚШ Президенті әкімшілігінің Ауғанстандағы жағдайға қатысты рөлі қауіпсіздік қалқанының толықтай әлсіреуіне жол бермеу сипатында ғана болады. Жалпы, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты қызығушылығы соңғы кездері жаһандық тұрғыда төмендей бастады. Бұл ретте, Ауғанстан мәселесіне орай, Вашингтоннан қауіпсіздік төңірегінде қайта жандану мен жаңа белсенділікті күту орынсыз. Алдағы уақытта да қазіргі деңгей сақталады. Тіпті, әрі қарай төмендей беруі де мүмкін.
АҚШ-тың Орталық Азиядағы мәселелерді шешуге бағытталған «С5+1» бастамасы негізінен дипломатиялық белсенділікке бағытталғаны белгілі. Яғни, Орталық Азия мемлекеттерінің Вашингтонмен жұмыс істей алу қабілетін орнықтырудан ғана туындап отыр. Екіншіден, «С5+1» бастамасы Ресей мен Қытайға «АҚШ-тың Орталық Азияға ықпалы бар» дегенді көрсетуге ғана арналған. Бірақ, мұндай жобалардың орындалуы екіталай. Өйткені, ондай бастаманы дипломатиялық көзбояушылықтан алшақ қарастыруға болмайды.
– Кейбір сарапшылар Орталық Азиядағы Ресей мен Қытайдың рөлін талқылағанда, Мәскеу мен Бейжіңнің аймақтағы «еңбек бөлінісін» айтып жатады. Жалпы, Ресей мен Қытайдың Орталық Азиядағы қазіргі орны қандай?
– Қазіргі таңда Ресей мен Қытайдың Орталық Азия мәселесіндегі қызмет күші біріккенін айтуға болады. Жалпы алғанда, Орталық Азия мәселесіндегі ықпалдастықта қос мемлекет арасындағы келісім сақталып келеді. Бұл ретте, Ресей Қытайды өзінің батысқа бағытталған тежеуші нарративі ретінде қарастырса, Қытай Ресейді өзінің мүдделерін алға қарай жылжыту үшін пайдалануда. Қалыптасқан жағдай Қытайдың Орталық Азия аймағына қатысты жаңа саяси мүдделері пайда болғанға дейін жалғаса бермекші. Егер Бейжіңнің басқа саяси мүдделері болмаса, бүгінгі жағдай ұзақ уақытқа дейін созылады, себебі, мұндай қызмет бөлінісі екі ойыншыға да ыңғайлы. Ал Қытайдың жаңа саяси мүддесі билікке ұлтшыл бағыттағы басшылардың келуінен кейін пайда болуы мүмкін.
Қытайдың Орталық Азиядағы инвестициялар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің жеке жауапты салалары да бар. Бұл ретте, Ресей жеке өзінің мүддесіне сәйкес келетін және жоғары деңгейдегі саяси қатерлерді реттеуге ғана қатыса алады. Басқа деңгейдегі келіспеушіліктерді реттеу Қытайдың құзыретінде қала бермек. Қытайдың Орталық Азиядағы инвестициялар қауіпсіздігін сақтау мәселесінде Бейжіңнің мүддесі басым болғандықтан, Ресейдің бұл мәселеге араласу мүмкіндігі төмендеу.
– «Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасы Орталық Азияның көлік-логистикалық жобалар арқылы интеграциялануына жол ашады» деген түсінік бар. Сіздің ойыңызша, аталған бастама Орталық Азияда қандай басымдыққа ие болуы мүмкін?
– Сіз айтқан екі сценарий бір мезгілде жүзеге асуы да ықтимал. Көліктік стратегия бойынша Қазақстан ұтқандар қатарында болуы әбден мүмкін. Жобалар негізінен Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа арқылы жүзеге асады. Ал Қырғызстан, Тәжікстан және әлеуетті тұрғыда Өзбекстан арасында Қытай көліктік жобалары үшін өзара бәсекелестік туындайды. Егер де Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа тарапы бірінші кезекте жүзеге асып, дамитын болса, басқа Орталық Азия мемлекеттері ұтылуы мүмкін. Сондай-ақ, Қытай үшін Иран және Парсы шығанағы маңыздырақ екенін ескерсек, онда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және, мүмкін, Ауғанстан көліктік жобалар арасында бәсекелестік пайда болады. Себебі, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық дәстүрі әлі де қалыптаса қойған жоқ.
– Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасы Орталық Азия аймағына басқа да сыртқы факторлар назарын аудара ала ма?
– Бастама аясындағы қарым-қатынас Қытай мен басқа елдердің шектелген техникалық және логистикалық қызметі деңгейінде ғана болмақ. Ал мемлекеттер арасындағы ұзақмерзімді және стратегиялық ынтымақтастық туралы нақты болжам жоқ. Өзара бәсекелестіктегі Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай тараптарының Орталық Азия мәселесіне қатысты ынтымақтастығын елестету әсте мүмкін емес. Бұл ретте, тек қана Қытай мен Парсы шығанағы мемлекеттерінің бастама аясындағы бірлескен қызметін байқауымызға болады. Ал Еуропалық одақ Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасына техникалық мамандарды даярлау секілді білім беру бағдарламалары арқылы ынтымақтастық орната алады.
– АҚШ-тың, Еуропалық одақтың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның және өзге де елдердің Орталық Азия мемлекеттерінің интеграциялануына қатысты жобалары бар. Бұл жобалардан қандай нәтиже күтуге болады?
– Cыртқы факторлардың барлығы Орталық Азия мемлекеттерінің бірлесе қызмет атқару тетігін нығайта түсті. Себебі, олар үшін біріккен тұрақты аймақпен қызмет атқару айтарлықтай ыңғайлы әрі тиімді болатыны анық. Дегенмен, Орталық Азия мемлекеттері реинтеграцияға қарағанда, екіжақты тарап бойынша жұмыс істеуді әлдеқайда пайдалы деп шешті.
Қазіргі таңдағы Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара байланыстың төмендігі саяси бәсекелестіктен де өзекті болып тұр. Себебі, аймақтағы әр мемлекет ұлттық бағытта жеке-дара дамығанымен, келер буын бірлескен іс-әрекеттің нәтижесі қандай болатынын іздестіруі ықтимал. Мұндайда, жастарды мәдени және діни факторлар біріктіре алады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер бір-бірімен бәсекелестікке ие болды, ал қазіргі таңдағы көрсеткішке қарасақ, олардың экономикалық даму деңгейі әрқилы екеніне көз жеткіземіз.
Алайда, Батыстың халықаралық ұйымдары мен институттары аймақтық интеграцияның дамуы қақтығыстарды шешуде өте ықпалды күш бола алатынына сеніммен қарайды.
– Енді Орталық Азия елдерінің ішкі мәселелеріне қарай ойыссақ. Кеңес Одағы кезіндегі аймақты біріктіруші факторлар қазіргі таңда өз маңызынан айырыла бастады. Себебі, әр мемлекет өз даму жолына түсті. Бұл көршілес мемлекеттердің бір-бірінен алшақтауына әкеліп соқпай ма?
– Орталық Азия мемлекеттері экономикалық, саяси, әлеуметтік қарым-қатынастары бойынша аймақаралық байланысқа қарағанда, өзге дамыған мемлекеттермен ынтымақтастықта болғанды қалайды. Жалпы, беделді әрі дамыған елдермен ықпалдастықта болудың экономикалық сипаттан бөлек, символикалық мәні жоғары. Болашақта ислам діні мемлекеттерді біріктіруші факторлардың қатарында болуы мүмкін. Ал қазіргі таңда, өкінішке қарай, елдердің бір-бірінен бөлектенгенін мойындауға тура келеді.
– Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздіктің ширек ғасырлық бедерінде қандай мәселелерді шешуде жетістікке қол жеткізді? Қандай жұмыстар нәтижесіз болды?
– Мемлекеттер халықаралық байланыстар орнату мен брэндинг жасау тұрғысында айтарлықтай жақсы жұмыстар атқарды. Ұлттық мемлекет құру тарапындағы бастамалары да нәтижелі болды. Себебі, мифтендіру мен символика халықтан қолдау тапты. Бұдан бөлек, Тәжікстандағы азамат соғысынан басқа, Орталық Азия бүгінгі күнге дейін үлкен қақтығыстарға жол берген жоқ. Оңтүстік Кавказ мемлекеттерімен салыстырғанда, қақтығыстардың деңгейі қаншалықты төмен болғанын байқап, бағамдауға болады. Алайда, мықты қызмет атқаратын институттар құру мен экономикалық, әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша әлі де қарқынды жұмыстар атқарудың қажеттілігі сезіле бастады.
– Сіз Орталық Азиядағы сыртқы көші-қон мәселелерін де зерттеп жүрген мамансыз. Экономикалық жағдайдың төмендеуі кезінде аймақтағы көші-қон мәселесінде қандай жаңа трендтерді байқадыңыз?
– Ең басты трендтердің бірі ретінде мыналарды айтар едім. Мәселен, Ресейдегі орталықазиялық еңбек мигранттарының (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) ақша аударымдары төмендегенімен, олардың саны айтарлықтай көлемде азайған жоқ. Әрине, статистикаға назар аударатын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда, еңбек мигранттарының саны 1 миллионға жуық кеміген, бірақ жаппай төмендеу қарқыны байқалмайды. Бұдан бөлек, Ресейден басқа елдерге қарай көші-қон жолдарын іздестіру фактілері кездеседі, бірақ оған мүмкіндіктері өте аз. Мәселен, Өзбекстан мигранттарының Оңтүстік Кореяға бару үдерісі жалғасуда. Тәжікстаннан Парсы шығанағы мемлекеттеріне қарай жылжыған көші-қон толқындары пайда бола бастады. Орталықазиялықтарға Түркияға бару мүмкіндігі бар, алайда, бұл жердегі барлық ұсақ жұмыстарды сириялық босқындар иемдене бастады. Жалпы алғанда, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен шығатын көші-қон қарқыны төмендемейді, керісінше, жоғарылауы мүмкін.
– Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Мұның Орталық Азия аймағының мәселелерін күн тәртібіне шығаруға ықпалы болуы мүмкін бе?
– Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері арасынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелікке сайлануының, әрине, аймақтық тұрғыда әсері айтарлықтай болатыны анық. Екіншіден, бұл Қазақстанның сыртқы саяси имиджін көтеруге де ықпал етпек. Қазақстан дипломаттары үшін де жақсы тәжірибе болмақ. Себебі, олар БҰҰ құрылымдарымен тығыз қарым-қатынасқа негізделген байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Кейін жинақталған тәжірибені Қазақстан үшін пайдаланса, оның тиімді тұстары көп болуы әбден мүмкін.
Әңгімелескен
Берікбол ДУКЕЕВ,
саясаттанушы,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
АҚШ, ВАШИНГТОН