Осыдан 70-80 жыл бұрын салынған ескі үйлерден Семей де кенде емес. Әуезов даңғылындағы әбден тозығы жеткен сондай үйдің бірі қысқы қатты аязда адам тұрғысыз жағдайға жетіп, қатып қалды. Сол апатты жағдай мұнда екі-үш аптаға созылды. Жұмысқа жаңа кіріскен қала әкімі Айбек Кәрімов сол шақта күндіз-түні осы арадан табылды десе де болады. Ақыр соңында әлгі ескі үйге жылу беріліп, ондағы тұрғындар бір жасап қалды.
Бірақ мұнымен бар шаруа шешілді деуге болмайды. Өйткені, ескінің аты ескі. Мұндай үйлерде ертең тағы да апатты жағдайдың орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жуырда осы 41-ші үйдің тұрғындарымен кезіккен облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мұндай жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар екендігін айтты. Яғни, республика Үкіметінің енді қабылданғалы жатқан бағдарламасында көп қабатты ескі үйлерді жөндеуден өткізу мақсатымен игі шара қарастырылып отырған көрінеді.
Әзірше осы бағдарлама бойынша еліміздің екі қаласында тәжірибе жұмысы жүргізілетін болса, соның бірі Семей екен. Екі қалада көп қабатты он үй арнайы сараптамадан өткізілмек. Сонсоң әлгі сараптама негізінде мемлекет тарапынан тиісінше қаражат бөлінбек. Барлық қаражаттың 70 пайызын мемлекет өзі көтеріп алмақ. Қалған шығын тұрғындардың есебінен жабылмақ.
Өкінішке қарай, осы кездесуде қайсыбір тұрғындар бұл үйде негізінен зейнеткерлер тұратындығын айтып, өздері үшін әлгі қалған қаражатты табудың өзі күшке түсетіндігін мәлімдеп жатты. Бұл енді артық талап па дейміз. Өйткені, дамыған елдердің өзінде ешкім де барлық міндетті мемлекеттің мойнына іліп отырған жоқ қой. Облыс басшысы айтқандай, онда басқа амалын қарастыру керек. Мүмкін осындай үйлердің астыңғы қабаттарына орналасқан түрлі мазмұндағы сауда нүктелерінің иелері көмекке келер. Тұрғындардың басым бөлігі қалай болғанда да Үкіметтің бұл оңды қадамын құптайтындығын білдіріп жатты. Шындығында үй мәселесіндегі тығырықтан шығудың бір жолы осы болар.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.