07 Қыркүйек, 2016

Ыстықкөлдің жағасы ыси түсті

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
06-09-16-igry-7 06-09-16-igry-4Кеше Қырғызстанның Ыс­тық­көл облысында өтіп жатқан Көш­пелілердің бүкіл­әлемдік II ойындары төртінші жарыс күні сайыс қыздырды. Осы күні қыр­ғыздың күрөші мен түріктің аба гюреші өзінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдерін анықтады. Осымен бір мезгілде әзербайжанның гюлеші мен тү­рікменнің горешінің бел­де­сулері де басталып кетті. Бұдан әрі 80 шақырымдық қа­шықтықты құрайтын аламан бәйгенің де қорытындысы шықты. Ал тоғызқұмалақтың қыр­ғызша нұсқасы – тогуз-коргоолу, түрікше нұсқасы – мангала және қырғыздың асық ойыны – орда жарыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен бірге, көкпардан жартылай финалдық ойындар да ойналды. Енді садақ ату (жаа атуу), ат үстінен найза ату (джириту), аударыспақ (эр эниш) және ит жарыстыру (тайган жарышу) сайыстарының іріктеу сынақтары басталғалы тұр. Жалпы, II ойындарға 62 елдің мыңға тарта спортшысы қатысуда. Олар бағдарламаға енген 26 түрлі сайыс бойынша күш сынасуда. Әзірге командалық есепте Ресей командасы бірінші орында келеді. Бұл елден келген сайыскерлер ойындарға үш команда болып қатысуда. Ал екінші орында Қазақстан құрамасы тұр. Үшінші орынға Грузия командасы орналасса, төрттікті алаң иелері тұйықтап отыр. Көшпелілердің бүкіләлемдік ойындарының келесі үшінші жарысы 2018 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін болып белгіленді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ