08 Қыркүйек, 2016

Қырғыздар озып тұр

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
07-09-16-igry-1Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтіп жатқан Көшпелілердің дүниежүзілік II ойындары бұрнағы күнгі сайыстарының қорытындысында алаң иелері алға шықты. Олардың қоржындарында қазір 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медаль бар. Екінші орынға 10 алтын, 5 күміс және 6 қола медальмен Ресей құрамасы жайғасты. Ал 5 алтын, 6 күміс және 7 қола медалі бар Қазақстан спортшылары үшінші болып келеді. Бұл күнгі жарыстар Қырчындағы ат бәйгесінен басталды. Спорт кешенінде қырғыз көреші мен түріктің аба-гюреші ойналды. «Көгілдір Ыстықкөл» пансионатында қырғыздық ордо атты асық ойыны, «Аврорада» тоғызқұмалақтың қырғызша нұсқасы – тогуз-коргоол мен түрікше түрі – мангала шайқастары жалғасты. Қырчын шатқалында өткен 80 шақырымдық аламанда қырғызстандық Жениш Батыркуловтың Аққұласы көмбеге бірінші болып келді. Көрермендер осы жерде киіз үйді жылдам жинастырудан құралған жарысты да қызыға тамашалады. Оған Қырғызстанның барлық 7 облысынан 33 команда қатысты. Сол күні жайлауда қырғыз тазылары – тайғандарды жарыстыру да болып өтті. Садақ атудан қырғызстандық Азамат Акунов бірінші орынды жеңіп алды. Ал Чолпон-Ата ипподромында көкпардың топтық ойындары аяқталды. Онда А тобынан Қазақстан құрамасы көш бастады. В тобында Қырғызстан командасы ешкімді шақ келтірмеді. Енді осы командалар арасындағы финалдық сайыс бүгін өтеді. Үшінші орынның тағдыры башқұрт және қытайлықтар арасындағы ойынмен шешіледі. Мұнда Аспанасты елінің намысын сонда тұратын қандастарымыз қорғап жүргенін де айта кетейік. Қырғыз күресі 7 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Алаң иелері барлық бірінші орынды өздері жеңіп алды. Қазақстан балуандары 3 күміс, 1 қола медальға ие болды. Атап айтқанда, күміс медальды Айылбек Айткалы (60 кг), Қуаныш Ысқақов (66 кг), Сұңғат Зәкәряев (96 кг), қола медальды Оспан Дауылбай (55 кг) әкелді. Ойындар бүгін өзінің мәресіне жетеді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ