Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Тіл әлемі» атты жаңа портал және ономастика саласына арналған – «аtau.kz», орфографияға арналған – «еmle.kz», сондай-ақ терминология бойынша «termincom.kz» сайттары іске қосылды.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен аталған веб-ресурстардың түсаукесер рәсіміне Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, тіл мамандары, журналистер қатысты.
Жаңа порталдардың көмегіне Қазақстан тұрғындарынан бөлек, Қытайда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Түрікменстанда, Түркияда және Еуропа елдерінде тұратын диаспора өкілдері де жүгіне алады.
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асыловтың айтуынша, тілді насихаттау ешқашан маңызын жоймайтын тақырып. «Бұл жоба аясында сіздер мемлекеттік тіл, сондай-ақ елімізде тұратын этнос тілдері туралы жаңалықтармен, тіл үйренуге арналған еңбектермен, еліміздегі тілдік ахуалмен, тілге қатысты ой-пікірлермен, аудио және бейне материалдармен, жалпы алғанда, еліміздегі тілдердің тыныс-тіршілігімен барынша толығырақ таныса аласыздар» дейді ол.
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, порталды ашудағы негізгі мақсат 2011-2020 жылдардағы Тілдерді дамыту стратегиясын жүзеге асыру болып табылады.
Алқалы жиынға қатысқан тіл жанашырлары бұл бастаманың мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсудегі маңызына тоқталып, портал жұмысына табыс тіледі.
«Егемен-ақпарат»