08 Қыркүйек, 2016

Әуезов театры әулиелер еліне барады

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
4d039fe999c3d624f73c88ebae036af3-1000x700Театр жаңалықтарынан құлағы түрік жүретін жандар М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театры өзінің 90 жылдығы аясында көктемде Жетісу өңіріне өнер сапарымен барып, Талдықорған және Текелі қалаларынан табыс­ты оралғанын ұмыта қойған жоқ. Театр осы үрдісті жалғас­тырып, алдағы уақытта Маңғыс­тау облысына гастрольге аттан­ғалы отыр. Сонымен аталмыш театр 22-26 қыркүйек күндері Жаңаөзен қаласына, 28 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Ақтау қала­сына қарай жол тартпақ. Бұл жо­лы да театр ұжымын театрдың көр­кемдік жетекшісі, КСРО ха­лық әртісі Асанәлі Әшімов пен театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл бастап барады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саңында Батыс өңірге бағыт алған Әуезов театры Жаңа­өзен, Ақтау қалаларындағы көрер­мен­деріне арнап 7 бірдей спектакль апара жатыр. Бірін бірі қайталамайтын тамаша қойылымдардың тақырыбы да, көтеретін мәселесі де әр алуан. Театр ұжымы ұлы ақынның тағдыр талайынан сыр шер­тетін «Абай» трагедиясы, қа­зақ қызының қайсарлығын паш ететін тұтқындағы ару – «Таңсұлу» әфсанасы, қатар­дағы құлдан Мысырдың билеушісіне көтерілген Дешті қып­шақ ұла­ны Сұлтан аз-Захир Бей­барыстың өмірі суреттелетін «Бейбарыс сұлтан» тарихи дра­масы, тәуелсіздіктің елең-алаңы мен елдің ертеңі туралы толғайтын «Қыз мұңы» драмасы, бауыр еті баласы үшін құрбан болған ана мен намыс­тан тентіреп кеткен отағасының жан күйзелісі арқау болған «Тендерге түскен келіншек» дра­масы, бақытты кездесулері баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұрған жастардың сезімдері туралы сыр шертетін «Қоштасқым келмейді...» драмасы, Түркі дү­ниесінің ортақ тұлғасы Қо­жанасыр жайлы «Қожанасыр тірі екен...» музыкалық комедия­сы шалғайдағы көрермендер кө­ңілінен шығатынына сенеді. Пьесалар Жаңаөзен қаласында «Мұнайшы» мәдениет үйінде, Ақтау қаласында Маңғыстау об­лыстық Н.Жантөрин атын­дағы Қазақ музыкалық драма теа­трының ғимаратында қойылады. Спектакльдерде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бек­темір, Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп, Азамат Сатыбалды сынды көрер­мен қауымға театр және телеэкран арқылы танылып жүрген белді әртістер мен қазақ театр өнерінің майталмандары бастаған көшке жаңадан қосылған жас буын өкілдері өнер көрсетпек. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар