Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті екендігін халықаралық QS World University Ranking 2016 рейтингі бойынша тағы да дәлелдеп, әлемдегі үздік 900 университет арасында 345 орынға көтерілді. Бұл әлемнің 4322 ЖОО арасындағы бәсекеде қол жеткізетін орны, яғни Қазақстан мен Орталық Азияны былай қойғанда, ТМД елдері ЖОО-лары арасында озық жетістік болып саналады.
Айта кету керек, ТМД елдерінің барлық университеттері әлемнің 900 үздік университеті рейтингінде мұндай жетістікке жете қойған жоқ. Ал Қазақстаннан ЕҰУ-ден басқа 7 жоғары оқу орны еніп отыр. Олар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ҚБТУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті.
Рейтинг көшбасында жылдағыдай Америка мен Ұлыбритания университеттері – Массачусетс технологиялық, Стенфорд, Гарвард, Кембридж университеттері мен Калифорния технологиялық институты тұр.
ЕҰУ бұл байқауларға 2009 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Соңғы бір жылда 26-орынға көтерілген оқу орны Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында айтулы жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар, соңғы жылдары Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық компаниясы ашылғанына 50 жыл толмаған әлемнің ЖОО арасында «QS Top 50 Under 50» деген жаңа рейтингі нәтижесінде ЕҰУ 32-орынға тұрақтады. Бұл рейтингке ТМД-ның бір де бір университеті ілінбегенін ескерсек, нағыз ілгерілеудің үлгісі және үш жыл қатарынан 32, 38 орындарды ұстап келеді.
Еуразия ұлттық университеті Еуропа ғылыми-өнеркәсіптік палатасы «Еуропалық стандарт: жоғары оқу орындарының рейтингі»: көрсеткіші бойынша да әлемнен 2 678 ЖОО-сы қатысқан байқауда Қазақстандағы 23 жоғары оқу орындары арасынан жетекші бестікке енді. Құрылғанына небәрі 20 жыл болған оқу орны абыройын асқақтатқан бұл көрсеткіштер білім беру ісі сапасының артып, әлемдік стандарттарға сай жарақтандырылуын төрткүл дүниеге дәлелдесе керек. QS рейтингі негізгі алты көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың ішінде оқу орнының академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы абыройы, шетел студенттері мен халықаралық деңгейдегі оқытушылар құрамы секілді жайлар ескеріледі.
Сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті екі жыл қатарынан Білім сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚА) қорытындысы бойынша да көш бастап келеді.
«Егемен-ақпарат»