Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған G20-ның («Үлкен жиырмалық») 11-ші саммитінің бірінші күні биік мінберден сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстары туралы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді ӘБЖАНОВ әңгімелейді.
– Ханкелді Махмұтұлы, әуелі әлеуеті де, маңызы да зор G20 саммитін жүргізуші Қытай мемлекетінің жиынға тікелей Нұрсұлтан Назарбаевты шақыруының тарихи себебіне тоқталсаңыз.
– Елбасының Қытай жағынан үлкен саммитке шақырылуы ешқандай да кездейсоқтық емес. Өйткені, 25 жылдың ішіндегі Қазақстанда жасалған, жасалып жатқан реформалар, экономикалық ілгерілеулер, Қазақстан басшысының әлемдік қауіпсіздікке байланысты өткір бастамалары әлемдік деңгейде түсіністікпен қабылданғанын көрсетті. Бұл – бір. Екіншіден, Қытай мен Қазақстан тарихи көрші елдер және бүгінгі стратегиялық серіктестер. Қытай жағы мұны да ескеріп отыр. Үшіншіден, қазір Орталық Азиядағы кешегі посткеңестік елдер ішінен саралап қарар болсақ, жас мемлекеттер басшылары ішінде ең тәжірибелісі де, ең беделдісі, ең танымалы да, ол, сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасының әлемдік деңгейдегі бастамалары, ұсыныстары, атқарған істерінің игі нәтижелері, Қазақстан реформаларының жақсы қырынан танылуы бәрі-бәрі – айналып келгенде еліміздің басшысын G20 саммитіне алып келді.
– «Үлкен жиырмалықтың» көрші елде дүркіреп өткен жиынын саяси тұрғыдан сараптар болсақ, Қазақстанға пайдасы қандай болмақ?
– Ең алдымен, әлемдік саясатта Қазақстанның салмағын арттырмаса, кем етпейді. Саммиттегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі әлем елдері басшыларының алдында Қазақстан мен оның басшысының беделін көтеріп, еліміз туралы білерін тереңдетті деп ойлаймын.
Сөз жоқ, Қазақстан да әлем елдері секілді дүниежүзілік дағдарысты бастан кешіру үстінде. Сондай қиындықтарға қарамастан, тіпті, кейбір салаларда ілгерілеу, алға жылжу бар. Осының бәрін қаншама жерден салмақтап-саралағанмен, әлемдік дағдарыстың қиындығынан бір ғана елдің тәжірибесімен шығуға болмайды. Осы орайда, Қазақстан ендігі жерде үлгі ретінде әлемдік тәжірибені пайдаланатын болады. Жиында сөз болып, биік мінберден айтылған орамды ойлар мен іс-тәжірибе Қазақстан тарапынан күрделі мәселелерді оңтайлы шешуге септесін болары даусыз.
– Сәл шегініс жасап көрейікші, күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығы кезінде Қытайдан көш-керуен дәл сол замандағыдай киім үлгісімен, ас мәзірімен, тіпті, сол кездегідей жауынгер-жасағымен келді. Бұл тарихқа құрмет пе, әлде тарихи көрші елге құрмет пе?
– Қазақстан мен Қытай байланысының тамыры тереңде жатыр. Қытайлардың Үйсін мемлекетімен, Қаңлы мемлекетімен жақсы қарым-қатынаста болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазақстанды бойлай өтетін Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны жалғап жатқан алтын көпір саналуы да тектен-тек емес. Мұның бәрін Қытай елі, Қытай басшылығы жақсы білгендіктен, Таразға келіп-кеткен керуеннің сапар-болмысы тура сол 550 жыл бұрынғыдай көрініс тапты. Өз басым мен мұны елге құрмет деп санаймын.
Біз екі мемлекет жүріп өткен жолға қарасақ та, алдағы болашағымызға көз тіксек те, Қытай сияқты алып көршімізбен әрқашанда ынтымақта, экономикалық немесе басқа салаларда да болсын, қарым-қатынасымызды үсті-үстіне тереңдете беруіміз керек. Қытайдан қол үзіп кетуге немесе есептесуге бізде ешқандай да себеп жоқ. Қытай жағы да бізге оң қабақ танытып, жақсы қарым-қатынаста болуға ынталы екенін аңғартуда. Қытай – алып империя. Алып империямен қоян-қолтық араласқаннан біз сияқты жас мемлекет ұтпаса, ұтылмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»