09 Қыркүйек, 2016

Ажалға аттанғандар

697 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
ataman-dutov-5Жаркент өңіріндегі көнекөз қария­лардың сөзіне қарағанда Сол­танай Маралбаев өте өжет, ізшіл әрі мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз жан болыпты. Оған бұл кісіні жақсы білетін Жайырбек қарияның өзіміз сөз еткелі отырғ­ан кейіпкеріміздің Иінтал сілем­деріндегі көктемде ат үстінен жерге түсіріп алған қамшысын қара күзде тауып алғанын, арғы беттегі Домбауыл деген қалмақтың көзінің ағы мен қарасына балаған бәйге атын шағын киіз үйде ұстап бағып отырғанда, оның шаңырақтан төменгі белдеуіне орай шалма салу арқылы арқанды тақымына баса жаппаны төңкеріп тастап, ішіндегі қаңтарулы жүйрікті шүу деп жетекке алып елге әкелуі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кеңес өкіметін жасы ұлғайған кезі деуге келетін алпыстың ол жақ, бұл жағында қарсы алған ел ағасы 1918-1921 жылдары қызыл гвар­­дия­шылармен бірге жергі­лік­ті жер­дегі ел тыныштығын алған ақ бан­дыларды талқандауға қаты­сады. Сүйдіндегі атаман Дутов­тың көзін жою жөніндегі опера­цияға қатысып келгеннен кейін шекара бойын­дағы шолғыншы топ – комотряд құра­мында болады. Өлкетанушы Нұрым­­бай Бек­құлиевтің біз сөз етіп отырған кісі туралы жинаған дерек­­терінде назар аударарлық бір эпизод бар. Ол осы өңірдегі колхоз құры­лысының ардагері Нұрақын Рамимовтың естелігі. Куәгер былай дейді: «1927 жылдың қара күзі болатын. Мен және ауыл тұрғындары Аманжол Ыдырысов пен Мұқа­жан Қорғасбаев шекарашылар отряды­ның қарамағындағы орман шаруашылығында еңбек етіп жүр­генбіз. 7 қараша күні Ұлы Октябрь рево­люциясының 10 жылдық мере­кесі дүркіреп өтіп жатты. Осы мейрам құрметіне арналып түрлі ойындар ұйымдастырылған-тын. Соның бірі ағаш басына ілінген жамбы ату еді. Оған ешкім оқ тигі­зе алмады. Түс қайта оны Солта­най Маралбаев қана атып түсіре алды. Осы мергендігі үшін Қорғас заставасының бастығы Пемуров оған шекарашылар атынан әдемі хром етік сыйлады». Өмірдің талай соқтықпалы, соқ­пақсыз жолдарынан өткен Сол­та­най ақсақал осыдан кейін де ат үстінен түспепті. Сол кездегі жа­ңа­­дан ұйымдастырылған артель­дік бірлестіктер жұмысына жәр­дем­десіп жүріп, 1936 жылы өмір­ден озыпты. Зираты Алмалы ауы­лы іргесіндегі қорымда екен. Мұ­ны бізге айтқан қарияның неме­ресі Молот. Байқап қарасақ осы жер­де ұстаздық етіп, ұзақ жыл­дан бері мектеп директоры қыз­метін атқарып келе жатқан бұл кісінің өмірде болған жоға­ры­дағы жағдайлардан басқа да айтар әңгімелері аз емес сияқты. Соның бірі атаман Дутов­тың көзін жою операциясына қатыс­қан қарияның ұлы Мұса мен одан туған Еркінбай, Ауғанбайға қатыс­ты жайттар. Мұса есімі кезін­де Жаркент өңіріне аты белгілі адам Ш.Байбатшаевтың «Бел-белес­тер» кітабында кездеседі. Онда автор: «1919 жылдың екінші жар­тысы уездік, болыстық, село­лық және қалалық ревкомдар құрыл­ған кез еді... Сондай жер­гі­лік­ті ревкомның бірінің пред­седа­телі болып М.Солтанаев жолдас тағайындалды», деген. Сол Мұса 20-30-жылдары аталмыш өңірде әртүрлі жауапты қыз­меттер атқарады. Осы уақыт ара­лығындағы оқтын-оқтын жүр­гізіл­ген үлкенді-кішілі жазалау тол­қын­дарында бес рет ұсталып, олардан әупіріммен аман қалады. Ұлы Отан соғысы басталғанда үлкен ұлы Еркінбаймен майданға бірге аттанып, кезекті бір шабуылда баласы хабар-ошарсыз кетеді де әкесі шайқас даласынан елге жарымжан болып оралады. Осылай ауыр хал кешіп жүргенде репрессияның 1948 жылғы соңғы толқынында Мұса Солтанаевтың екінші ұлы Ауғанбай ұсталып, түрмеге жабылады. Мұндай кезде назаланған әкенің қолынан келетіні іздену, арыздану, көмек сұрау да баяғы. Осындай оймен Мұса бала­сының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, Алматы мен Мәскеуге қайта-қайта хат жолдайды. Соның бірі атақты Үкімет мүшесі, Сыртқы істер ми­­нистрі Молотовтың қолы­на түсе­­ді. Мәселенің аужайын байқаған ол кісі хат шекесіне: «Іс қыс­қартылсын!» деген бұрыштама соғады. Осы пәрменмен түрмеден босаған Ауғанбай елге келгенде әке шаңырағындағы екі бірдей қуа­­ныштың үстінен түседі. Оның алғашқысы соғыста хабарсыз кетті деген ағасы Еркінбай Мұсаев­тың Махачкаладағы бауырлас­тар зиратындағы қабірінің табылуы да соңғысы кенже інісінің өмір­ге енді келіп жатуы еді. «Егер Мо­ло­товтың мейірімі болмаса ұлым Ауғанбай бостандыққа шықпас еді. Сондықтан осы Үкімет мүше­сіне деген ризашылығым­ның бел­­гісі ретінде кенжемнің атын Молот қоямын!» – деген екен 1951 жыл­­дың сол ызғарлы күзін­де Мұса Солтанаев ақсақал. «Ме­нің есімім­нің осындай тарихы бар», – деп сөзін аяқтады бізбен қош­­та­­сарда кешегі дала көкжалы Солта­­най батырдың немересі Молот. 5. Тоғызыншы, сіз кімсіз? «Атаманның ақыры» атты атақты фильмді кім білмейді?! Бұл күнде одан бәріміз де жақсы хабар­дармыз ғой. Міне, осы кинокар­тинаның екінші сериясында бір эпизод бар. Ол Сүйдіндегі қауіпті тапсырманы жандарын шүберекке түйіп жүріп орындаған чекистер Қасымхан Чадияров пен Махмұд Қожамияровтың шекараның бергі бетіне арып-ашып әрең жеткен сәті. Іңір қараңғылығы түсе бере ескі зираттағы жартылай құла­ған күмбезді паналаған оларға қас­тарындағы қаңтарулы аттары бөтен біреудің келе жатқанынан хабар беріп, құлақтарын қайшылай жер тарпиды. Осы сәтте: «Қасымхан! Бұл мен ғой, қарағым», – деген үс­тін­де былғары курткасы бар жігіт ағасының даусы естіледі. Ақ шашты, бурыл мұртты ол кісі қалың шилі өзектен бері беттейді де: «Қалай, аман-есен жеттіңдер ме?» деп атынан түседі. Енді әңгімелесе бергенде шығыс жақтан жойқын ат дүбірі естіледі. Бұл атаманы­нан айырылып ашынған ақ казак­тар­дың қуғыны еді. Оларды ал­дарқатпақ болған жаңағы қарт кісі Қасымханның бас киімін өзіне ауыстырып киеді де тасадан атына қамшы баса атып шығып, жазық даламен ағыза жөнеледі. Улап-шулаған казактар соған қарай бұрылып, қуғын қаупі сейіледі. Осы мезетте қос чекист енді ешқандай қауіп жоқ дегендей атқа қонып, елге бет алады. Фильмдегі осы бейненің, атақ­ты суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған образдың прототипі кім? Ол: «Сол кездегі Жаркент милициясы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов», – дер едік біз. Иә, сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қасымхан Чанышевпен бір мекемеде қызмет атқарған жан. Яғни, 1919-1920 жылдары аудан­дық милицияда біреуі басшы десек, екіншісі оған қосшы бол­ған адам. Атаман Дутовтың көзін жою жө­ніндегі операция ойлас­тырыл­­ғанда ЧК өкілдері Әубәкір Жүнісовке жауапты тапсыр­маны орындаушы ерекше топ мү­ше­лерін арғы бетке аман-есен өткізу, қайтар кезде оларды күтіп алып, ықтималдылық жағдайындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Нәтижесінде сөзі сал­мақ­­ты, ісі тиянақты, өмірден көр­гені мол бұл адам тапсырылған істі тамаша орындап шыққан. Бұ­ған оның кезінде ВЧК тарапынан операцияны тікелей жүзеге асырушы топ мүшелерімен қатар марапат­талып, атқарған ісінің бір үзігі жоға­ры­да сөз еткен фильмде арнайы эпи­зодқа арқау болуы анық дәлел. Ат­қар­ған ісінің бір үзігі демекші... Өмірбаянына үңілсек ол 1886 жылы Алматы облысының Кеген өңіріндегі Жалаңаш ауылында өмір­ге келіпті. 14 жасында Жар­­кент­­тегі ауылшаруашылық орыс мек­­тебіне оқуға түсіп, оны 1904 жы­лы орманшы мамандығы бойын­ша бітіріп шығады. Екі жыл әкесі Ниязбектің тұрмыс-тір­ш­і­лі­гіне көмектеседі. Содан соң ең­бек жолын 1906-1916 жылдар ара­лы­ғында түрлі істер бойынша жер­гілікті билікке жүгінген Петров, Нагибин, Галицкий, Исаев, Деня­кин дегендердің бітім­гер­ші­лік сот­тарын­да аудармашы болып бастайды. Мұрағаттанушы Зияда Ижанов­тың 2001 жылғы бізге берген мәлі­меті бойынша Әубәкір Жүнісовке қатысты дерек­тер негізінен Алматы облыс­тық мемлекеттік архивіндегі 408-қордың 2-тізімдемесіндегі 468-іс пен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 5-қордың 8-тізімдемесіндегі 52-істе және 733-қордың 1-тізім­де­ме­сін­дегі 1-істе сақталған. Сон­дағы мәліметтерге сүйенсек, кейіп­­кері­­міз­дің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лісіне белсене қатысқанын бай­қаймыз. Осы әрекеті үшін патша үкіметі оны 6 жылға соттайды. Бірақ Қал­жат пен Шарын болысының хал­қы оны кепілдікке алып, артынан іле-шала майдандағы қара жұ­мыс­қа аттандырып жібереді. Сөй­тіп, ол Ресейдің Екатеринослав губер­ниясындағы Ветка, Накоп­ный руд­никтерінде десятник болып еңбек етеді. Патша тақтан құла­ған 1917 жылдан кейін елге қай­та оралып, Жаркентте тілмаш, қала­­лық атқару комитетіндегі мұсыл­­ман бөлімінің хатшысы, күзет бастығы, жергілікті ЧК тер­геу­шісі қызметтерін атқарады. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою жөнін­дегі операция жұ­мы­сына тартылар алдында Әубәкір Жүнісов Жар­кент милиция­сы бастығының орын­басары қызметін атқарып жүр­ген еді. Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталғаннан ке­йін Жетісу ЧК-сының бастығы Эйх­манс бас­­қа­лармен бірге біздің кейіп­керіміздің де еңбегінің ескерусіз қалмауына ерекше көңіл бөле­ді. Оны бұл лауазым иесінің ВЧК-ның Түркі­стан аумағындағы уәкілетті өкілі, ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсы­ныс жасаған хатынан анық бай­қауға болады. Осыдан кейін билік орындары: «...тов. Жу­нусову от 134 КА. 1921 г. 1/ІV. За прин­ятия учас­­тия над атаманом Дутовым» де­­ген жазуы бар күміс сағат пен үш желі­­лі винтовканы сыйлық ретінде береді. Сөз орайында айта кетейік, кейде адам үшін құжаттардың сөйлей­тіні бар. Иә, архивтегі сарғайған қағаз­дар кейіпкердің толық бол­маса да жалпы бей­несінен кәдім­гідей мағлұмат беретіні анық. Республикалық Орталық мұра­ғат­тағы Әубәкір Жүнісовке қатысты құжаттарды қарап отырғанда біз міне, сондай әсерде қалдық. Ол бір­беткей, қайсар адам болған. Қолға алған ісіне немкетті қарамаған. Белгі­лі бір мәселеге қатысты өзінің кесімді сөзін айта білген. 1920 жыл­­­дан кейін Жетісу губерниялық сотының мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүргендегі кейіпкеріміздің өзі жазған қағаздар мен оған берілген мінездемелер міне, осындай тұжырымдарға негіз қалайды. Қызмет буына мас­тан­баған, оның құлақкесті құлы­на айналмаған ол бұқпай, бүгежек­темей сол кездегі өмірде орын ал­ған әділетсіздіктерге қасқайып қар­сы тұра біледі. Бірде мынадай оқи­ға болған. Әубәкір Жүнісов Жеті­су­дың ең шеткі нүктесі Ала­көл ай­ма­ғында іссапарда жүр­­генде тергеуші Катков деген­нің Үржар мен Мақаншы елді мекен­деріндегі жергілікті тұр­ғындарға жасаған қия­натын әшкерелейді. Өзін талқы­ға салған жиналыста ұлы орыс­тық шовинизм дертіне ұрынған шенеу­нік кеудемсоқ, астамшыл әрекетін мойын­дамайды. Қиямпұрыс міне­зіне басып Әубәкір Жүнісовті атып тастауға ұмтылады. Сол кезде өте әбжіл қимылдаған ол оның қаруын тартып алып, өзін де, өзгелерді де өлімнен аман алып қалады. Осындай турашылдық, басқа ұлт өкілдерінің өзінің қандастарын басыну әрекетіне деген жаны төз­бестік біздің кейіпкеріміздің жауларын көбейтпесе азайтпайды. Жер-жерден жәбір көргендер оны пана тұтып, айналасынан шықпайды. Ал бұл сол кездегі мемлекеттік жазалаушы органдар тарапынан Әубәкір Жүнісовке деген сенімсіздік туғызады. Сон­дық­тан жергілікті ОГПУ, НКВД, прокуратура оның әр басқан қадамын аңдуды қолға алады. Соның салдарынан 1924 жылғы БКП (б) қатарын тазалау науқанында ол партиядан шығарылады. 1926 жылы жоғарыда біз өзіміз айтқан сыйлық – ВЧК винтовкасын Жетісу губерниясының ОГПУ бөлімі тартып алады. Осы заңсыздық жөнінде Әубәкір Жүнісов Қазақ АССР-ның ОГПУ бастығы Г.Каширин мен республика Орталық Ат­қа­ру Комитетінің төрағасы Е.Ер­назаров­қа шағымданады. Нәтиже болмайды. ОГПУ қызметкері Мар­кович: «Үйіңде жата бер, винтовканы іздеп жатырмыз, табылса қайтарамыз», – деп шығарып салады. Өстіп жүргенде 1932 жыл келеді. Бұл кезде Әубәкір Жүнісов Алматы облысының Кеген ауда­нындағы №16 ауылда тұра­тын. Жала жабылып, үй-мүлкі тәркі­ленеді. Өзін бала-шағасымен жер аударуға шешім шығарылады. Бірақ Алматыда бұл кісіні білетін адамдар ара түсіп, Кеңес өкіметіне сіңірген еңбегі ескеріліп, аман қала­ды. Ал 1938 жылы... Мұра­ғат­т­анушы Зияда Ижановтың осы­дан 15 жыл бұрын біздің хаты­мызға жазған жауабындағы деректер былай сөйлейді. «...Алматы қалалық партия коми­тетінің хатшысы Ыдырыс Көш­кінов халық жауы деп ұстал­ғанда Әубәкір Жүнісов оны қорғау үшін сот төрағасына бұл адал, таза адам деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ сот төрағасы оның сөзін қаперіне де алмайды. Ол со­ған ашуланып, бөлмедегі үстел үс­тінде тұрған сия сауытты алып ұрмақшы болады. Осы жерде бұрыннан өшігіп жүргендердің көктен ізде­гені жерден табылады. Сөйтіп, Әубәкір Жүнісов ұсталып, 4 ай бойы тынымсыз тергеу мен адам айтқысыз азапты бастан кешіреді. Тағылған кінәларды мойындамай, бәрін жоққа шығарғанына қандары қарайған сот мүшелері есіл ерді 1938 жылғы 5 тамызда ату жазасына кеседі. Өкініштісі, асыл азаматтың Кеңес өкіметін ны­ғай­тудағы, ақ бандыларға қар­сы күрестегі еңбектері мен елім, жұр­тым деп атқарған басқа да істері еленбеді. Тіпті ВЧК-ның Түркістан республикасы бойынша уәкілетті өкілі Я.Петерстің: «Предьявитель сего т. Жунусов Абубакир 6-го фев­раля 1921 года совершил акт, имею­щий общереспубликанское значе­ние, чем спас несколько тысяч жиз­ней трудовых масс от нападения его банды, а потому требуется выше означен­ному товарищу со стороны советских влас­тей внимательное отношение и означенный товарищ не подлежит аресту без ведома полномочного представительства» деп берген 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1887 куәлігі де ескерілмеді. Ескерілу былай тұрсын, Әубәкір Жүнісов 1938 жылғы 14 тамыздағы үкім бо­йынша атылғаннан кейін өздерін қор­ғау мақсатында Алматы облы­сының сот, прокуратура, НКВД органдары 4 жыл бойы оны тірі адам есебінде бірнеше «айыптау қорытындыларын» жасап, «қайта тексеруге» жіберген болып, оның «қылмысына сай» енді 10 жылға түрмеде отыруға, 5 жыл сайлау еркінен айыруға жалған үкім шығарды. Сөйтіп, Гоголь­дің «өлі жандарындай» өтірік «өлі құжаттар» Мәскеу мен Алматы арасында ерсілі-қарсылы үнсіз жөңкіді. Егер ол қағаз­дарға тіл бітсе: «Жіберіп отыр­ған адамдарың әлдеқашан аты­лып кеткен жоқ па еді», – деп айтар еді-ау. «Мұның бәрі сонда не үшін керек болған?» – деген сұрақ туады осы арада. «Мәселе мынада сияқты, – деген болатын мұрағаттанушы Зияда Ижанов жоғарыдағы хатында. – Әубәкір Жүнісовтің атыл­ғандығы жөнінде оның отбасына хабарланбады, жасырылды. Сон­дықтан оның тағдыры ел-жұртына белгісіз болды. Есіл ердің туыс­тары, дос­тары жер-жерге шағым­данды. Олар жіберген хаттардан тек асыл азаматтың зайыбы Бопыханның 1939 жылғы 2 ақ­панда Қазақ ССР прокурорына: «Менің ерім қайда? Әлі күнге тергеуде ме? Маған хабарлауыңызды өтінемін», – деген арызы ғана сақталған. Республика прокуратурасында бұл хат 1939 жылғы 17 ақпанда 2760-шы нөмірмен тіркеуден өткен. Оның шекесіне: «Дело в облсуде, сообщить об этом жалобщице», – деп 15 ақпанда қол қойған. Көрдіңіз бе, тіркеуден екі күн бұрын-ақ бастық қол қойған, әрі жарының тағдырын білмей келген Бопыханды «арызқой» етіп көрсеткен. Сол кезде өмірде жоқ, әлдеқашан атылып кеткен арыс азаматтың ісі облыстық сотта деп жалған сілтеме жасаған». ...Әубәкір Жүнісов 1957 жылы 16 тамызда ақталды. Істі 19 жылдан кейін қайта қараған Қазақ ССР Жоғарғы сотының алқасы онда қылмыс құрамы болмағандықтан, бір кездегі Алматы облыстық соты­ның үкімін жойды. 32 жасында 6 баламен жесір қалған Бопыхан ана жоғарыдағы хабарды естігенде көз жасына ие бола алмай ұзақ жылады, дейді көзкөргендер. Ол сол бір зауалды күндердің зары ма, жоқ әлде қиянат қияметке кетпеді деген тәубе ме, мұны енді ешкім түсіндіріп айтып бере алмай­ды. Қазақтың қайсар әйелі 40-50-жылдары арыс азаматтың артында қал­ған ұлдары Смағұл, Әнуар, Батыр­хан, Әсет пен қыздары София, Рузиданы жетелеп жүріп жеткі­зіп, олардан тараған немере-шөбе­ре­лерін көзімен көріп, 1978 жылы өмірден озды. Осы арада сөз ретіне қарай бір әңгіме айта кетейік. Кейіп­кері­міздің жоғарыдағы аттары аталған бала­лары­ның ортаншысы Батырхан Әубәкірұлы Жүнісовтің мамандығы мұғалім еді. 1965-1969 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауы­лын­дағы орта мектепте бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бер­ді. Ұзын бойлы, зор денелі, көп сөй­ле­мейтін, жүзі сұсты кісі-тін. Ұлы Отан соғысында артиллерист болыпты. 23 ақпан – Қызыл армия күнінде бүкіл класымыз болып С.Маршактың өлеңдер жинағын беріп құттықтағанымыз есімізде ағайымызды. Сонда үнемі қатал болып көрінетін ол кісінің жүзі сәл жылып, чекист әкесі Әубәкір Жүнісов туралы әңгіме айтқаны бар. Ал өзі қатысқан соғыс туралы: «Шайқаста пехотаға (жаяу әскерге – ред.) өте қиын болатын. Бір атакада-ақ олардың қатары сиреп қалатын. Ал біздің артиллерия... Құдайға шүкір, расчетіміз ондайдан аман болды. Вязьмадан Берлинге дейінгі 4 жылда 4-5-ақ рет пополнение (толықтыру – ред.) алдық», – деген сөзі есімізде. 6.Кино «Атаманның ақыры» фильмі. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын мынадай сұрақтың бой көрсетіп қалары анық. Ол: «Кеңес чекистерінің жанкешті ерлі­гін көрсететін осы кинокартина қалай өмірге келді? Фильм қашан, қай жерлерде түсіріліп, ондағы басты рөлдерде ойнайтын актерлерге таңдау қалай жасалды? Ал сол бір тарихи оқиға ортасында болған адамдар бейнесі ше? Олардың іс-әрекеті мен қимылы осы кинолентада қаншалықты наным­ды көрсетілген?» – деген сауал­дар. Бұған білетінімізді айтып, қадери-халімізше жауап беруге біздердің құқымыз бар ғой деп ойлаймыз. Біздер дегеніміз – 60-70-жылдардың ұр­пақ­тары. Жоғарыдағы кино өмір­ге келгенде студент едік. Тала­сып-тармасып «Целинный» кинотеатрындағы премьерасына барғанымыз есімізде. Осы фильм туралы «Лениншіл жаста» жарық көрген рецензия да әлі күнге дейін көз алдымызда. Авторы сыншы Сағат Әшімбаев болатын. Кейін университетті бітіріп, газет-журналдарда жұмыс істеп жүргенімізде «Атаманның ақыры» фильмі түсіріліп жатқан кезде «Қазақфильм» киностудиясы­ның дирек­торы болған Камал аға Смайылов­пен бір редакцияда қызмет­тес, ал сол кинолентада басты рөлді сомдаған Асекең, Асанәлі Әшімов­пен мекемелері­міз ірге­лес болып, фильм туралы талай әңгімелерге қаныққан жайы­мыз бар. Алдымен Камал Сейітжан­ұлы­ның айтқандарына тоқталалық. – Ұмытпасам, 1967 жылдың аяқ кезі ғой деймін, – деген болатын ол кісі. – Кинорежиссер Шәкен Айманов екеуміз Орталық Комитетке шақырылдық. Ондағы әңгімеде енді 3 жылдан соң Қазақ КСР-іне 50 жыл тола­­­ты­ны сөз етілді. Сөйтті де: «Ке­ңес­­тік Қазақстанның осы ме­ре­­­кесі қарсаңында аға ұрпақ өкіл­­­­дері­нің ерлік дәстүрін паш ететін 2-3 тақырыпты экранға ла­йық­тап көрсеңіздер қалай болар еді, – деді хатшылардың бірі. – Мәселен жазушы Д.Фурмановтың «Бүліншілік» шығармасына арқау болған Верныйдағы дүрбелең мен ақгвардияшылардың жойқын шабуылына жанқиярлықпен төтеп берген Орал жұмысшы-шаруа жасақтарының қаладағы 100 күндік қорғанысы және Жаркент ЧК қыз­мет­керлері жүзеге асырған атаман Дутовқа қарсы операция. Бұл оқи­ға­лардың бәрі 1919-1921 жылдары осы Қазақстанда өткен жоқ па?!» Содан, яғни, Орталық Комитет­тегі әңгімеден соң, «Қазақ­­фильм» басшылығы жоға­рыдағы тақырып­тарды жиі-жиі сөз етіп, жоба-жос­парлар жасау­ды ойластыра бас­таған. Сөйтіп жүргенде... Иә, 1968 жылдың 5 ақпаны күні «Правда» газетінде «Мені таң ата атың­дар!» деген өзі де, тақырыбы да өзгешелеу мақала шықты. Онда содан 3-4 ай бұрын өзіміздің Орта­лық Комитетте әңгіме болған та­қы­рып­тардың бірі – шекараның арғы бетіндегі атаман Дутовтың көзін жою оқиғасы баяндалыпты. Мақалаға сәл-пәл тоқталсақ, Жар­кент қаласындағы ЧК бастығы Сувориннің (мақалада осылай – ред.) атынан айтылған әңгімеде оның әріптесі Қасымхан Чанышев Қытайдағы Сүйдін қамалына жасырын жіберіледі. Бірақ оның қайтып оралатынына ешкім сен­бейді. Сонда Сувориннің (Қасым­хан Чанышев­тің қалай және неге кетке­нін өзі ғана біледі, басқаларға сол сәтте түсіндіруге, сыр шашуға болмайды) айтқан бар сөзі: «Мен ол келеді, тапсырманы орындап оралады деп сенемін», болады. «Егер келмесе ше?» деген сұраққа оның амалсыздан берер жауабы: «Онда мені таң ата атыңдар!» – деген сөз. Біздің іздегеніміз, осы ғой. Бұ­рын еміс-еміс естіп жүрген оқи­­ға­ны енді біртұтас күйде көр­дік. Бар болған жағдай өзінің ішкі сы­ры­мен, жұмбағымен көз алды­мыз­ға келе қалды. Содан бір-біріміз­бен хабарласқан бәріміз: «Осының негізінде сценарий жазып шығуға болады», – деген ойға тоқтадық. Мен сол күні ауырып үйде жат­қанмын. Соған қарамастан Мәскеуге телефон соғып, сөзімді екі етпейтін ескі танысым Андрон Кончаловскийге қолқа салдым. «Правдадағы» мақаланы ол да оқыпты. Ойлануға мұрсат сұра­ды. Үш күннен кейін: «Сізді Мәс­кеуге келеді деп естідім. Сонда жолы­ғып, әңгімелессек. Ұсынған тақы­рыбыңыз өте қызықты. Ақыл­дасайық» – деді. Ақпан айының ортасында Шәкен Аймановтың жаңа ғана бітірген «Тақиялы періште» атты кино­комедиясын Бүкілодақтық Кине­матография комитетіне көр­сетіп, тапсыруымыз керек болатын. Белгіленген күні сол шаруамен Шәкең, мен және студияның бас редакторы Әкім Тарази Мәскеуге жүріп кеттік. «Россия» қонақ үйіне орналасқан соң әріп­тес­терімізді шақырдық. Онда «Ата­ман­ның ақыры» фильмінің болашақ нобайы туралы жақсы пікір алмасу болды. Сценарийді тез жазып бітіру үшін Андрон Кончаловский қасына Эдуард Тропининді қосып алмақ ниетін білдірді. Ал Шәкен Айманов осы тақырыпқа байланысты әңгіме басталғаннан-ақ болашақ фильм ой-идеясының басында болды десем ол еш артық айтқандығым емес. «Алдаркөсе», «Атамекен» және «Тақиялы періште» туынды­ларынан кейін ағамыз әрі жұрт қызыға, құмарта көретін, әрі мағы­на-маз­мұны салмақты, келелі де күр­делі дүние жасасам деп жү­ре­тін. Шәкен Кенжетайұлының жіті көзі қонақ үйде әңгімелесіп отыр­ған мәскеулік әріптестер мате­риалы­нан сондай фильм шыға­ты­нын бірден көрді. «Сценарий ойдағыдай жазылып, көңілдегідей болып ұнаса, мен оны өзім қойып шығамын», – деді ол кісі нық байламмен. ...Ақыры солай болды да. Сөзі­не де, ісіне де берік авторлар сце­на­рийді мезгілінде жазып бітір­геннен кейін «Атаманның ақыры» фильмін түсіру бірден басталып кетті. Сөйтіп, Шәкең барлық жұмысты асқан шабыт үстінде жүр­гізді. Соның нәтижесінде қиын дейтін эпизодтардың өзі шамдағай қимылмен шапшаң түсіріліп жатты. Кино алаңын­да күрделі мәселелер туып жатса, олардың бәрін ағамыз өз мойнына алып, өзі шешіп реттеп отырды. Соның нәтижесінде бұл кинотуындының тез түсіріліп біткені есімде. Камал Смайылов айтқан әңгіме міне, осындай. Оны біз 1990 жылы ағамыздың өз аузынан естіп, жазып алған едік. Онда ол кісі «Ақиқат» журналының бас редакторы-тын. 1992 жылы аталмыш басылымнан ауысып, «Халық кеңесі» газетіне барғанбыз. Сонда 1994-1996 жылдары Қазыбек би көшесіндегі 40-үйде Асекең, Асанәлі Әшімов басқаратын «Елім-ай» киностудиясымен көрші болып отырдық. Жұмыс аяқталып қалды-ау деген кешкі мезгілде шахмат тақтасын көтеріп ағамыз келеді ортамызға. Ойнауы – сұрапыл. Біреуіміз қарсы тұра алмаймыз. Бәрімізді қиратып ұтады ол кісі. Шахматтың соңы жаймашуақ әңгімеге ұласатыны бар. Сондай кезде Асекеңнен сұ­рай­ты­нымыз «Қыз Жібек» пен «Ата­ман­ның ақыры» және «Жау­шы» фильмдеріндегі эпизодтар, белгісіз-беймәлім жайттар ғой баяғы. Бәлсінбейді. Асықпай айтып береді. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан» (Жалғасы бар) Суретте: операцияға қатысқан милиция қызметкері Ә.Жүнісов