09 Қыркүйек, 2016

Терроризмге қарсы заң жобасы талқыланды

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
13-01-2016-parlament-01 Кеше Парламент Мәжілісінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарды жетілдіруге бағытталған заң жобасының тұсаукесері болды. Осындай заңның қажеттілігі туралы Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың 10 маусымында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтып, нақты тапсырмалар берген еді. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған проблемаға арналған сол заң жобасы қысқа мерзімде әзірленіп, енді Мәжілістің қарауына аяқ басты. Тұсаукесер рәсімін ашқан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәу­лен Әшімбаев заң жобасын Ұлттық қауіп­сіздік комитеті басқа да тиісті орган­дармен бірлесіп дайындағанын айта келіп, баяндама жасау үшін алғаш­қы сөзді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төр­ағасының орынбасары Марат Қол­қа­баевқа берді. Ол заң жобасының қан­ша заңнамалық актілерге қандай өзге­рістер енгізетініне қысқаша тоқталды. Жоба бойынша барлығы 5 кодекс пен 19 заңға толық­тырулар қосылатын болыпты. Мәселен, Қылмыстық кодекске террористік қылмыс үшін жазалау қатаңдатылады. Соның ішінде экстремизм мен терроризм қылмысы үшін сотталғандардың бар­лық мүлкі міндетті түрде тәр­кіленеді. Әкімшілік құқық бұ­зушылық кодексіне де бір­неше қатаңдатылған нормалар енгізілген. Әсіресе, қару-жарақ айналымы мен көші-қон саласындағы істер қатаң бақылауға алынбақ екен. Мәселен, үй иесі тіркелмеген азаматтарды пәтерге жібергені үшін әкімшілік жазаға тартылатын көрінеді. Бұл үй қожайындарын пәтершілер алудан жаппай сақтандыратын норма болмақ. Одан әрі М.Қолқабаев қару-жарақ саудалау бизнесімен айналысушыларға жасалатын шектеулер туралы баяндады. Дүкендерді қай жерде ашу тәртібі енгізілетін болыпты, сондай-ақ, оқтаулы мылтықты сатуға болмайды екен. Өйткені, бізде сондай жағдайлар да орын алыпты. Оның мысалына Қолқабаев Ақтөбедегі қанды оқиғаны кел­тір­ді. Онда дүкеншінің өзі мыл­тықты оқтап беріпті... Бірақ мұн­дай тәртіпті заңға енгіз­бей-ақ, дүкеншінің нұс­қау­­лығында ескерсе де бола­ды емес пе? Жекеменшік күзет ұйым­дарына қойылатын талаптар да айрықша қатаңдатылатын кө­рінеді. Әсіресе, қарауында қару-жарақ болатын нысан­­дардың күзетіне жалда­на­тын жекеменшік күзет ұйым­дарына деген талап кү­шейеді екен. Соның ішінде же­кемен­­шік күзет ұйымдарына алуға болмайтын адамдар нақ­­ты­­ла­ныпты. Осы норманы өзі­нің баяндамасында Ішкі істер министрінің орынба­сары Ра­шид Жақыпов толық­тырып, күзетке бір жылға жетпеген мезгілде әкімші­лік құқық бұзу­шылық­қа тар­тылған адам­дар­дың алын­байтынын айтты. Кейбіреу­лер көшеге те­ме­кінің тұқы­лын лақтырғаны үшін де әкім­шілік жазаға тартылып жатады. Сон­дайлар енді кү­зетке бір жыл бойы жарамайтын болғаны ма? Терроризм мен экстремизмге оның қан­дай қатысы бар деген ойға қалдық. Сондай-ақ, «Туристік қыз­мет туралы» Заңға діни туризм мәселесі бойынша жаңа нормалар енгізілетіндігі айтылды. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да кейбір тыйым шаралары енгізілетін болыпты. Мәселен, қызмет көрсетуші келген жеріне немесе тұрақты тұратын жеріне тіркелмеген азаматтарға кейбір құжаттарды бермейді екен. М.Қолқабаевтың сөздеріне қарағанда, тіркелімге деген талап баяғы кеңес заманынан да асып кеткен сияқты. Тіпті, уақытша тоқтаған жерге де тіркелу міндеттеледі екен... Жоғарыда айтқанымыздай, заң жобасы бойынша қосым­ша баяндаманы Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов жасап, көп­теген нормаға молырақ тү­сінік берді. Соның ішін­де, ол да қару-жарақ сату мәсе­лесіне көп тоқталды. Бұрын мылтығы болып, алайда, оны сақтауда әкімшілік-құқықтық бұзушылық жасаған адамдарға қару тек оны сақтаудың тәр­тібін білетіндігі жөнінде бі­лімін тексерткеннен кейін ғана берілетін болыпты. Білімін тексертпесе, мылтығы тартып алынады екен... Жалпы, заң жобасында шикі тұстар бар екені анық байқалды. Мұны тұсаукесерге қатысқан адамдар айтты. Мәселен, талқылауға қа­тысқан саясаттанушы До­сым Сәтпаев заң жобасында әкімдіктердің жанынан құ­рылған терроризмге қарсы комиссиялардың міндеттері туралы ештеңе айтылмағанын жеткізді. Сонымен қатар, ол заң жобасының 149-бабында шағын және орта бизнес субъектілеріне терроризмге қарсы әрекеттерді жасамағаны немесе жеткілікті дәрежеде жасамағаны үшін айыппұлдар салынатындығы туралы айтылғанын көрсете отырып, бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша қысым болатынын ескертті. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес деген желеу­мен тағы да қосымша тексерулер жасалып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін факторлардың бәрі осы жерде туатын сияқты, деді ол. Заң жобасын жасаушы­лар жоқ олай емес, тек терро­ристік және экстремистік іс­терге ыңғайы бар ШОБ-тар ғана тексеріледі дегенімен, Д.Сәтпаевтың айтқан қаупі орынды секілді көрінді. Оны заңды жетілдіруші депутаттар да ескерер деген үміт бар. Жалпы, заңды әзірлеу­ші­лерге көптеген сұрақ қойылды. Мәжілістің қоржы­­нына түскен заң жобасы­­ның тұсаукесерінде осынша­­лықты белсенділік бұрын-соңды болмаған еді. Тұсауке­серге депутаттардан бөлек, Қазақстанда тіркелген барлық саяси партия мен қоғамдық бірлестік, ҮЕҰ, діни конфессиялар, сарапшылар мен БАҚ өкілдері белсене қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»