Кеше Қырғызстанның Ыстықкөл облысында Көшпелілердің дүниежүзілік II ойындары аяқталды. Мұнда әлемнің 62 елінен жиналған спортшылар сайыстың 22 түрі бойынша 6 күн бойы күш сынасты.
Ойындар қорытындысында 24 алтын, 23 күміс және 24 қола, жалпы саны 71 медальды қоржынға салған Қырғызстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға 12 алтын, 12 күміс және 12 қола, барлығы 36 медалі бар Қазақстан командасы орналасты. Үшінші орын 12 алтын, 9 күміс және 12 қола, жалпысы 33 медаль жинаған Ресей спортшыларына бұйырды. Жалпы, жарыста 29 елдің саңлақтары жүлделі орындардан көрінді. Бұл есеп-қисапқа кеше кештеу аяқталған 12 медаль жиынтығы бар алыш күресі классикалық түрінің нәтижелері енген жоқ.
Ойындар жабылар күні Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасында өткен көкпардың финалдық шайқасы болды. Ол алаң иелерінің 15:3 есебімен жеңіске жетуімен тәмамдалды. Осылайша қырғыз жігіттері қазақ көкпаршыларынан 2013 жылы Астанада өткен Азия чемпионаты финалындағы жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Кездесу барысында қазақстандық Әбдіғали Әбдіжаппаров жарақат алып қалды. Ал қола медаль осының алдында Башқұртстан командасын 8:2 етіп ұтқан қытайлық жігіттердің еншісінде кетті.
Түріктің «джирит» деп аталатын ат үстінен найза ату жарысында бірдей ұпай жинаған Қырғызстан мен Түркия командалары бірінші орынды бөлісті. Қырғызша «эр энишу» деп аталатын ат үстіндегі айқаста қазақстандықтар Сырым Ізбасаров (90 кг) пен Біржан Қосалиев (+90), сондай-ақ қырғызстандық Калыбек Бузурманкулуулу (70 кг) алтын жүлде иегері атанды. Бұлардан бөлек, біздің Ерназар Байғонаев (70 кг) күміс медальға қол жеткізді.
Ерлер арасындағы тогуз коргоол біріншілігінде алғашқы екі орын қырғыздар қанжығасына байланса, үшінші орын қазақстандық Нұрбек Қабиевке тиесілі болды. Ал қыздар арасында қазақстандық Әсел Дәлиева ешкімді бет қаратпады. Мұнда үшінші орынды да біздің спортшы Диана Кенина алды.
Қырғыздың «ордо» атты асық жарысында да, түріктің мангалында да алаң иелері ешкімге дес берген жоқ. Сайыстың соңғы түрінен біздің Әсел Дәлиева қола медаль алды. Сол сияқты олар ат жарысының барлық түрінде, қырғыз тазылары тайғандар бәйгесінде алдарына жан салмады. Ал алыш күресінің еркін түрінде Түрікменстан спортшылары айдынды көрінді. Олар 12 алтын медальдың 8-іне ие болды. Бұл үлесте қазақстандықтар Сәбира Мырзағалиева (65 кг), Дидар Сәтбаев (60 кг) – күміс, Мереке Құдайбергенова (75 кг), Гүлнар Амантаева (+75 кг), Алдос Құлманбетов (90 кг) қола медальдарға ие болды.
Соңында Ойындардың жабылу салтанаты болып өтті.
Көшпелілердің дүниежүзілік келесі III ойындары 2018 жылы осы мезгілде Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ