Қазанның 1-іне дейін созылатын Колумбиядағы додаға Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысады
Жаһандық жарыста еліміздің намысын қақпашылар Игита, Александр Гуров, алаңдағы ойыншылар Дінмұхамбет Сүлейменов, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Нұрғожин, Эвертон, Михаил Першин қорғайды. Олардың бәрі «Қайрат» командасында ойнайды. Бұдан басқа әлемдік додаға «Тұлпардың» Павел Таку, Александр Довгань, Арнольд Кнауб пен Николай Пенгрин есімді төрт ойыншысы қатысады. Ал Лео деген шабуылшымыз Португалияның «Спортинг» клубынан келіп қосылды.
Қазақстан құрамасы алғашқы матчын 13 қыркүйек күні Аргентинамен өткізеді. Одан кейін Коста-Рика және Соломон аралдары футзалшыларымен күш сынасады.
Өткен аптада ұлттық құрама Австралия командасымен жолдастық кездесу өткізді. Жерлестеріміз онда 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын команданың дайындығын пысықтау үшін өткізілді.
Қазақстан құрамасы жыл басында Сербияның Белград қаласында өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдесін алды. Одан кейін Польша құрамасымен әлем чемпионатына жолдаманы сарапқа салған сырт алаңдағы ойынын 1:1 есебімен тең аяқтап, өз алаңында 7:0 етіп ұтты. Сосын Таиландта өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
Жалпы, әлем чемпионатына Қазақстан осымен екінші рет қатысқалы отыр. Алғаш рет 2000 жылы Гватемалада өткен ІV әлемдік додаға қатысқан болатын. Бірақ онда командамыз сүреңсіз нәтиже көрсеткен. Сол кезде Қасымжан Мәдиев жаттықтырған жігіттеріміз А тобында Бразилиядан 1:12, Португалиядан 2:6, Гватемаладан 5:6 есебімен ұтылған. Енді, міне, араға 16 жыл салып, Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионатына аттанды.
Додада 24 құрама бақ сынасады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»