09 Қыркүйек, 2016

БТР-батырлар

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_8513«отқа салса жанбаудың, суға салса батпаудың» үлгісін көрсетті Жуырда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы «Үздік БТР экипажы»  байқауының екінші кезеңін өткізді. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қалаларынан байқаудың бірінші кезеңінің үздіктері болған 7 БТР экипажы мен жүргізушілері қатысты. Байқау барысында қатысушылар БТР техникасын шебер жүргізумен бірге мергендіктері мен спорттық, ұрыстық дайындықтарын да көрсетті. Әр экипаж құрамы жас ерекшеліктері бойынша 3 шақырым және 100 метр  қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылудан спорттық сынға түсіп, дене дайындықтарын паш етті. Үш күндік оқу-әдістемелік жиын барысында қатысушыларға қойылған басты талап – біліктілігі мен білімін барынша көрсету. Бұл ретте экипаж мүшелерінің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Олар қаладан тысқары атыс алаңында ПМ, АК қаруларымен мергендіктерін байқасты. Ұрыс ала­ңында әскери техниканы басқа­румен бірге, БТР техникасынан 600 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан нысананы көздеді. – Ату-жаттығуларын орындау барысында БТР экипаждарының жартысынан көбі жоғары нәтиже көрсетті. Взвод және машина ко­ман­дирлерінің әдістемелік және тәжірибелік дайындық деңгейі ұрыс техникаларымен қызметтік-ұрыстық тапсырмаларды орындауға сақадай сай, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, полковник Сергей Сергеев. Байқаудың соңғы күнінде облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Степной ауылы маңындағы шағын көлшікте БТР мен судағы кедергілерден өтудің кіл мықтылары анықталды. Бұл сынға қалалық төтенше жағ­дайлар қызметінің өкілдері де жұ­мылдырылып, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан арнайы эвакуа­циялық және құтқару топтары жасақталды. Экипаж мүше­лері­нің алдында БТР техникасымен тереңдігі 4 метрлік көлшіктегі арнайы кедергілерден тосылмай жүзіп өту міндеті қойылды. Тапсырманы орындауға кіріспес бұрын экипаж­дарға қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң ескертілді. Дегенмен, судағы  оқу-жаттығу барысы сәтімен өтіп, төтенше жағдай орын алған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша, 6679 әскери бөлімінің автомобильдік взводының аға маманы, прапорщик Юрий Пар­шаков жүргізушілер арасынан суырылып шықса, 3514 әскери бөлімінің экипажы «Үздік БТР экипажы» ата­ғын иеленді. Жеңімпаздарды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Талапкер Әміреев марапаттап, экипаж мүше­лерінің дайындықтарын әлі де күшейту қажеттігін атап өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН