09 Қыркүйек, 2016

Сусыз жерде көкөніс өсірген...

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20160831_102444Баянауылда көкөніс егіп, кәдімгі картоп өсіріп, бау-бақша қызығын көргендер өте сирек. Орман, тауы, көлдері жетерлік, табиғаты көркем жер дегенімізбен де, мұнда ағып жатқан өзен, су толы арықтар да кездесе қоймайды. Ал аудан орталығындағы көкөніс өсі­руді жақсы көретін орыс, украиндарыңыз су жоғына қарай ма, құдықтан тасыса да бау-бақшасын жайнатып қоятынын көріп жүрміз. Осы жолғы жолсапарымыз барысында жол түсіп шалғайдағы Бірлік ауылына барған едік. Бүкіл бір ауыл, бау-бақша өсірген қайда, өздері КБМ құрылғысынан, үй жанындағы құдықтарынан су ішіп, күн көріп отыр. Бірақ мектеп жанындағы жылыжайдың қиярлары өсіп, қызанақтары қызарып келеді. Ауылдарыңызда қияр, қызанақ өсетін болыпты ғой деп әзілдеп, ауыз тиіп жатырмыз. Кезінде осы ауылда тұрған орыстар жылыжай тұрғызып, мектеп оқушыларын қысы-жазы қияр, қызанаққа тойдырған сияқты. Талай жылдар бойы іске қосылмай есігі жабық тұрған жылыжайды былтыр Григорий Лупанчук деген ауыл тұрғыны іске қосса керек. Өзі де осы Бірлік мектебінде оқыпты. Бір жылдары қазір бос жатқан ауыл жанындағы алқапта еңбек етіп, тракторда, комбайнда жұмыс істепті. – Мектепке өткен жылы аула сыпырушы болып жұмысқа орналастым. Көзім бірден бос қалған жылыжайға түсті. Бұрын қыс кезінде де жұмыс жасаған, қазір су келе­тін құрылғылары, жылытқыштары істен шыққанымен, бәрі сақталып қалыпты. Есігін ашып, ішін тазалап, жөндеп, қияр, қыза­нақ ектім, жаз бойы суарып, күтіп-баптап, былтыр да жақсы өнім алдық. Мек­теп басшылығы жылыжайды жөндеуден өткізді. Әйнектері салынды. Менімен бірге Әнуарбек Құдайбергенов, Тілеулес Мажитов, Мәдениет Сатыбалдин және бас­қалар жұмыс жасайды. Құдықтан суару үшін мектеп бюджетінен суаратын насос, шланг сатып алынды, – дейді Г.Лупанчук. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы. Біз де қызықтап, шағын жылыжайдың ішін аралап шықтық. Қос қатарға егілген қиярлар жақсы өнім беріп тұр, қызанақтар әр-әр жерден көрініп, енді-енді қызара бастапты. Жаңа оқу жылында мектеп асханасы ауыл балалары үшін қияр, қызанаққа толы болары сөзсіз. Бұл мектеп оқушылары үшін де пайдалы, еңбексүйгіштікке, табиғатты күтіп-баптауға, көкөніс өсіруге деген қы­зығушылыққа тәрбиелейді. Биология пәнін жақсы көретіндер үшін де таптыр­мас тәжірибе алаңы деуге болады. Үшіншіден, Баянауылдың басқа мектептері үлгі алар­лықтай дүние. Міне, Г.Лупанчуктің еңбекқорлығының арқасында шағын жылыжайдан биыл да 120 келіге тарта қияр, 70-80 келі қызанақ жиналмақшы. «Мектеп бағбаны» атанған ағайлары алдағы уақытта сәбіз, қызылша өсіруді қолға алмақшы екен. Осы жігіттің жеке бастамасымен қолға алынған іске жана­шарлық қажет. Жылыжай әлі де ішкі-сыртқы жөндеулерді қажет етіп тұр. Жақсы іс бастаған жігітке енді аудандық әкімдік, ауыл әкімдігі назар аударып, ықыласты қол­дау көрсетсе, жұмыс орны дегеніміз осы. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Баянауыл ауданы