09 Қыркүйек, 2016

Ауылдан келушілер ауқымды қолдауға ие

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
dsc_1732Семей өңірінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы сәтті жүзеге асып отыр. Бағдарлама бойынша қала­мызға қарасты елді мекендерден, яғни ауылдық округтерден 38 отбасы, сондай-ақ, облыстың Тарбағатай, Жарма, Аякөз аудандарынан 204 тұрғын көшіп келіпті. Осы көшіп келген 242 адамның 129-ы жұ­мысқа жарамды азаматтар болғандықтан, бағ­дарлама арқылы өз нәсібін тауып отыр. Солардың бірі Дулат Сәтенов Знаменка ауыл­дық округіне қарас­ты Сынтас елді меке­нінен қоныс аударған екен. Мемлекеттік бағ­дарламаның арқасында баспаналы болып, өзі, зайыбы және ұлы тұрақты жұмыс тапқан. Қазір ол қаламыздағы зауыт­тардың бірінде автокар жүргізеді. Ол «Отба­сы­мызбен ауылда күнкөрісіміз қиын­дап кеткен соң келіп едік, келгеніміздің арты қайыр­лы болды», деп қуанып отыр. «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­лама­сына қатысып, жолы болғанына осылайша риза болған Дулат Сәтеновтің айтуын­ша, олар 2013 жылы қоныс аударыпты. Үкі­мет бағдарламасына орай, көшіп келгендіктен, бірден жұмыспен қамтылған. Еңбекақыларын уақтылы алып тұрады екен. Осы Дулат сияқты көптеген қоныс аударушы келісімшарт негізінде үйлерді жалға алып, айына 7 900 теңге төлеп тұрып жатыр. Мерзімі аяқталғанда жекеменшікке алуларына да мүмкіндіктері бар. Жұмыспен қамту орталығының маманы Бағдат Жұмағұловтың айтуынша, ауылдан келген ағайын далада қал­майды. Оларды жұмыспен қамтып, тұрмыс деңгейлерін жақсарту үшін қолдан келгенше бағдарлама аясында көмек беріліп жатыр. Көшіп келгендердің 79-ы жұмысқа орна­лас­тырылса, қалған жұмысқа жарамды­лары өздері қалаған кәсіптерімен айналысуда. Жеке кәсіпкерлікке бет бұрғандар да немесе әртүрлі мекемелерде жұмыс істеп жат­қандар да бар. 2011 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, Семей қаласының Волгоградская көшесі бойынан 50 жеке тұрғын үй салу қолға алынған болатын. 2013 жылы құ­ры­лыс жұмыстары аяқталып, әлеуметтік-эко­­но­ми­калық әлеуеті төмен ауылдардан отба­сылар көшірілді. Бүгінде қалаға қоныс аударам деушілердің қатары молайып отыр. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ