09 Қыркүйек, 2016

Кеңейтілген стансаның кемел мүмкіндіктері

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
stansaОблыста өндірілетін электр қуатын ана­ғұрлым арттырудың қарымды қадамдары жасалуда. Соның айқын дәлелі, жақында Жаңажолда қуаттылығы 160 МВт газ-тур­биналық электр стансасы іске қосылды. Айта кету керек, бұл кәсіпорында ГТЭС-45 газ-турбиналы стансасы 2008 жылы пайдалануға берілген, мұндағы өңделе­тін электр қуатының негізі тұтынушылары №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының бірінші кезектегі нысандары болып табылады. ГТЭС-45-тің жиынтық номиналды қуаты – 34 МВт, яғни бұл Жаңажол кен орнындағы электр энергиясына қажеттілікті толық өтемейді. Осыған байланысты электр стансасын кеңейту туралы шешім қабылданды, бұл электр қуаты­мен жабдықтау мәселесін тиімді шешуге мүм­кіндік береді. Айрықша атап өтерлік жайт, өңделген электр қуатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бөлімшелері ғана пайдаланып қой­майды, «Энергосистема» ЖШС-ның өңірлік энергиямен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіне берілетін болады. Жоспар бойынша электр энергиясын меншікті тұтыну 2017 жылы 680 948 мың кВт/сағ құраса, ал сыртқа 2017 жылы 72 652 мың кВт/сағ берілетін болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталмыш жобаның іске асырылуы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын атап өтті. – Энергетика – экономика дамуының негізгі салаларының бірі. Қазіргі таңда об­лыстың электр энергиясына қажеттілігі 620 МВт құрайды. Осы күнге дейін электр энергиясына тапшылық 210 МВт құрады. Алайда, осы стансаның іске қосылуының арқасында бұл көрсеткіш 60 МВт-ға дейін қысқарды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын облыс көршілес Ресей елінен алынатын электр энрегиясына тәуелді болды. Мем­лекет басшысы сол кезде «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ-қа ілеспе газды шикізат ретінде пайдаланатын электр стансасын салу туралы міндет жүктеген болатын, – деді облыс әкімі. Электр стансасын кеңейту жобасы бойынша өндірістік процестің тиімділігін арт­­­тыратын бірқатар инновациялық ше­шімдер қабылданды. Мысалы, турбиналарды салқындату үшін тікелей ауа­мен салқындату жүйесі қолданылады. Бұл сумен салқындату турбиналарымен салыс­тырғанда суды 75 пайызға үнем­дейді. Электр қуатын өндіру үшін шикі­зат ретінде тазартылмаған ілеспе газ қолда­нылады. Бұл газды пайдаға жарату туралы стратегиялық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзі өндірген газды пайдалану өнімнің құнын азайтады. Құрылыстың жалпы құны – 26,6 млрд теңге, соның ішінде құрал-жабдыққа 12,6 млрд теңге қаражат жұмсалған. Құрылыс барысында 150-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, стансаның іске қо­сы­луымен 130 жаңа жұмыс орны ашылды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – жұмыс орындары қысқармаған және жұмысшылар алдында жалақы берешегі жоқ өңірдегі бірден-бір кәсіпорын. Содан кейін облыс әкімі Мұғалжар ауда­нындағы Мұғалжар селолық округіне барып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимаратты аралады, бұл жерде мәдениет үйін ашу жоспарланып отыр. Осы мақ­сатта «Көктас» АҚ қиыршық тас зауы­тының басшылығы қаржы бөлген. Бұған қосымша «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарла­масы бойынша орта мектепке жөндеу жұмыс­тары қарқынды жүруде. Атқарылатын жұмыстың жалпы құны 73 млн теңге. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ