22 Ақпан, 2011

Спорт деген бір сиқыр

799 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ақ Азиадаға дейін елімізде дәл мұндай дүбірлі спорт додасы болмағаны анық. Спорт – тек сайыстардан, жан алысып, жан беріскен жарыстардан ғана тұр­май­тындығына көзіміз жетті. Күтпеген жеңістер, өкініші өзек өртер жеңілістер, қателігі көпке дейін қапаландырып, енді қайтып айналып келмес сәттер... Спорттың аты – спорт екен. Мәселен, Қазақстанда өткен қысқы ойындарда алтын мен күміс жүлденің арасы жарты секөндке да толмаған жарыстарға куә болдық. Қас-қағым сәт деген осы! Қарсыластың қателігінен жеңіске емес, керісінше жеңіліске душар еткен оқиғалар да баршылық. Сондай-ақ Азиада – 2011 талай спортшының жұлдызын жақты. Еліміздің спорттық шежіресіне жаңа есімдер енді. Осы уақытқа дейін аса танымал болып көрмеген жаңа спорт түрлері тұсауын кесті. Төмендегі топтамада Алматыда өткен жарыстардың қызықты сәттерін, елең еткізер тұстарын теріп алдық. Оқыңыз!

Азиада алтыны әскерден босатады

Оңтүстік Корея спорт­шылары жалпы командалық есепте үшінші орынға тұ­рақ­тағаны белгілі. Құлдилап сырғанауда қо­ла алған осы елдің спорт­шысы Джунг Дохён жа­рыстың алғашқы күндерін­де қола медальді қолға тү­сіріп, одан Азиаданың ал­ты­нын жеңіп алмақ бол­ға­нын білеміз. 31 қаңтарда корей спортшысы: – Бүгін мен чемпион атана алмадым. Бірақ, алдағы жарыс күн­дері бұл мақсатым орында­лады деген үміттемін. Оң­түстік Корея заңы бойынша ірі халықаралық жарыстар­дың чемпиондары әскери бо­рышын өтеуден боса­ты­ла­ды. Бізде тіпті әйгілі әр­тістерге де, президенттің ұлына да мұндай жеңілдік берілмейді. Сондықтан же­ңіске ұмтылуыма себеп бар. Әскерден босасам жаттығу­ларымды әрі қарай жал­ғас­тырамын. Сәйкесінше, өз елімнің абыройын қорғап, жеңіс туын желбіретуге мүм­кіндігім көбейеді, – деген болатын. Құлдилап түсу жарыс­тарында қазақстандық Дмитрий Кошкин мен Игорь Закурдаев бірінші, екінші орын­ға ие болды да, үшінші орында осы Джунг Дохён тұрған еді. Оңтүстік Корея Азиада­ға тау шаңғышыларынан жа­сақталған жаңа құрама жібергені белгілі. Олар өз елінің аманатын ақтады десек те болады. Сөйтіп, бұл елдің спортшылары 3 ал­тын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды. Ким Сан Джу деген қыздары екі рет құрмет тұғырының биік са­тысына көтерілді. Сондай-ақ, ерлер ара­сында Джун Дохён 1 алтын, 1 қола медальді иеленді. Енді әскерден босатылатын Джун Дохён алаңсыз жаттығумен айналысып, талай рет жүлдегерлер тұғырына көтері­летін болар?!

Алматының ауасы да сатылды

Азиада басталмай тұрып-ақ, елімізге Азияның әр қиырынан қонақтар ағылып келіп жатты. Спортшылар мен жаттық­тыру­шыларды айтпағанның өзінде, шетелдік жанкүйерлер мен журналистер бір қауым ел болды. Алыстан келген меймандар Қазақ­стан­нан естелікке не алып кетті деп ойлайсыз? Азиаданың дүбірі естілгеннен-ақ еліміздегі кәдесый, тәберік жасаумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлер Олимпиададан өз нәсіптерін алып қалуға ұм­тылды. Азиада-2011 символы болған Ирби деген атауға ие ірбіздің баласының суреті бейнелген тауарлар тиісті орын­дардан табылды. Сол сияқты Алматы мен Астанадағы спорт сарайларының фойесінде, жарыс жүріп жатқан кешендерде Азиада-2011-дің эмблемалары мен таңбалары бар кәдесыйларды сату басталды. Азиада-2011 атрибутикасын сатушы­лар­дың арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, шетелдік туристер Азиада тұмары – Ирби барысы бейнеленген төсбелгілер мен кілтбауларға қызыққан. Ал қазақстандықтар, бірінші кезекте, «Қазақстан» деген жазуы бар бас киім мен бөкебайларды сатып алуға тыры­са­ды. Жерлестеріміз көбінесе Ирбидің бейнесі бар тоңазытқышқа жабыстыратын маг­ниттер, сондай-ақ қазір Қазақстан құра­масында ойнап жатқан «Барыс» клубының фотосуретін сатып алған. Хоккей кездесулері арасындағы үзіліс­терде мұз ареналарының фойесінде бір-бірімен төсбелгі айырбастаушыларды да көруге болатын еді. Ерлер хоккейі турниріне қатысушы командалардың төсбелгілері ең үлкен сұранысқа ие болды. Мына қызықты қараңыз, Азиада-2011 ойындарының бас баспасөз орталығы ор­на­ласқан «Алматы Тауэрс» Бизнес орта­лы­ғында Алматының консервіленген ауасы сатылды. Сұрастырып көргенде, бағасы – 850 теңге болып шықты. Салмағы қанша екенін кім біліпті, бірақ, ішінде қаладағы қаптаған көлік­тің түтіні бар ма екен деген ой туды.

Жарысты тамашалауға мәжбүр болған түлкі

Биылғы Азиада жарыстары адамдармен қатар, жан-жануарларды да қызық­тыр­ға­нын баяндау тіпті қызық. Бұл әңгіме ойын­дардың тұмары болып отырған Ірбіздің баласы туралы айтылып отырған жоқ. Алматыдағы халықаралық трамплиндер кешеніндегі К-125 трамплинінің астында түлкі тұрып жатқаны сайыстың соңғы күндерінде ғана белгілі болды. Қанат жолының биігінен қарағанда, оның іздері жақсы көрінеді екен. Ол бұл жерден өткен жазда өзіне ін қазып алған. – Бұл өте батыл түлкі. Секірулер бас­тал­ғанда ол тығылып қалған, алайда, бірінші күннен кейін қараңғы батқанда шыға бастады. «Аш болсаң – іннен шығасың» дейді. Қарны ашқан жануар адамдардан қорқуын ұмытты, біз оны арасында тамақтандырып қоямыз», – деп күледі трамплиннің техникалық қызметкерлері. Азиада жарыстарына амалсыз жан­күйер болған түлкі осылайша адамдарға да үйрене бастапты.

Фристайл жолы 10 күнде салынған

Азиада тұсауын кеспей тұрып, «Та­баған» спорт кешенінде өткен фрис­тайл­шылардың бейресми жаттығуынан кейін жолдың шейпер-архитекторы жарыстың техникалық делегатымен бірге соңғы сынақтарды өткізген еді. Шейпер-архитектор Валентин Котля­ров­тың айтуынша, фристайлға арналған жолды салуға небәрі 10 күн кеткен. Алайда, бұл жолда өткен жылдың жазынан бастап күрделі жұмыстар жүргізілген. – Біз жолдарды еуропалық стан­дарт­тарға сай дайындадық. 3 акробатика трам­плинін салдық, могулға арналған жоталар жасадық. Жолдардың техникалық жағ­дайын Азиада техникалық делегаты қабылдап, бекіткен, – деді Котляров. Ал фристайл сайысында өнер көр­сет­кен спортшылар фристайл трассасының 10 күнде салынғанына сенбейді. Сапасы жағынан сөз келтірмейтін жарыс жолы әлімсақтан бері солай келе жатқандай, сақадай сай еді. Дмитрий Рейхерд:

«Телефон қоңырауы маған күш-жігер берді»

Сонымен «Табаған» спорт кешенінде Қа­зақ­станның фристайл құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд 31 қаң­тарда жанкүйерлердің үмітін ақтап, Азия ойын­дарында могул сайысының жеңім­пазы атан­ды. Олимпиада ойындарына қа­ты­сушы, Әлем Кубогы мен Еуропа кубок­тарының түрлі кезеңдерінде алдына жан салмаған Дмитрий 23,63 ұпай жинап, жа­пондық Уено Осамуды артта қалдырды. Жаттығулар барысында трассаны тексеріп көргеннен кейін, Дмитрий қандай эле­мент­терді орындайтынына шешім қабылдап: – Таңдаған бағдарламамды жеңіл деп айта алмаймын, Алайда, Азиадада мен керемет бір нәрсе көрсетуді жоспарлаған да жоқпын – тек өзімнің әдеттегі орындап жүрген элементтерім, – деген еді. Могулдың алтынын асынған Рейхерд: – Мен туған еліме тағы бір алтын жүлде алып келгеніме қуаныштымын! Алайда, алда әлі қатар могул бойынша сайыстар бар. Сондықтан, әзірше «уһ» дейтін уақыт келген жоқ, – деген болатын. – Жарыс басталар алдында не жайлы ойладыңыз? – Бұл қызықты оқиға: дәл сөре кезінде, менің шығатыным хабарланып қой­ған, жарысқа дайын тұрмын. Тап осы уақытта телефоным шырылдады. Одан шыққан көңілді әуен маған күш-жігер берді! – Соңғы Олимпиададағы сәтсіз нәти­желеріңіз Азиадада бар күшіңді салуға ынта берген жоқ па? – Жоқ, мен бір нәрсені ойымнан шығармай, сәтсіздіктерден кейін тоқырап қалатын адам емеспін. Әрқашан алға қарау керек, алдыңа жаңа мақсаттарды қойып, сол мақсаттарға жету керек.

Біреудің қателігіне қуанамын деп алтын жүлдеден айырылып қалды

Азия ойындарының чем­пионы, Қазақ­стан биатлон­шы­сы Александр Червяков жарыс күндерінде жан­кү­йер­лерін қуанту­дан жалық­пады-ау. Алтын медаль алу жос­парын да то­лық­тай орын­да­ды. 1 ақпанда ол биатлон­ды спринт жа­ры­сында алтын алса, келесі күні де 12,5 шақы­рымдық ізге-түсу жа­рысын­да сол жетістігін қай­талады. Айтқандай, осы жолы Червяков жарысқа бірінші болып шықты. 6 секөндтен кейін спорт сайысын қы­тай­лық Рен Лонг жалғастырды. 33,5 секөнд өткен соң жа­рыс алаңына Жапония спорт­шы­сы Джунджи Нагаи шықты. Жол бойында осы Нагаи Қы­тай биат­лон­шысынан озып кетіп, Чер­вяковтың соңына түс­ті. Бі­рақ қазақстандық спорт­шы­ны бір жайт құт­қа­рып қал­ды. Червяковтың ны­санаға атқан оқтары тимей жат­қа­нын көрген Жапония спорт­шысы қуанғаны сонша­лық өзінің нысаналарынан көңі­лі ауып кетіп, мұқият бол­ған жоқ. Мұнысын жапон­дық спортшы ойын аяқтал­ған соң өзі мәлімдеді. – Червяков – өте тәжі­рибелі биатлоншы. Дегенмен, бүгін оның жолы бол­маған сияқты. Атыс шебіне мен Червяковтан кейін келіп жетіп, оның көздей ал­маған нысандарын көрдім. Жа­сы­ра­тын несі бар, қарсыла­сым­ның мүлт кеткенін көріп, қатты қуандым. Орын­сыз болған қуаныш өзімді тығы­рық­қа апарып тықты. Бұрын менде ныса­на дәлдеуде ешқандай кемшілік кетпейтін еді. Дей тұрғанмен, нағыз биатлон­ның қандай болуы керек екендігін барша­ға көрсеттік. Жарыс тартысқа толы болды. Ойын аяқ­талғанша жүрегіміз жиі қағып, қобал­жы­дық. Менде Александрмен кездесетін сәт­тер әлі болады. Біз эстафе­тада жеке жарыс кезінде бақ сынасамыз. Есемді қайтара­мын деп ойлаймын, – деген болатын. Сол жолы Александр Червяковтың айтуынша, керісінше оның жолы болған, соның арқасында ол жеңіске жетті. – Ізге түсу жарысы алдында ес жинауға бір тәуліктен аз уақыт берілді. Трассада шаршағанымыз білініп тұрды. Егер жапондықтар менің қалай атқаныма емес, өздерінің ойынына жіті көңіл бөлгенде, нәтиже басқаша болар еді. Бұл жолы менің жолым болды. Спринтте күміс медаль алған Қытай биатлоншысы Рен Лонг алған қола жүлдесі жайлы былай деп ой бөліседі: – Червяков дегенде бірден шапшаң биатлон деген ой түседі. Ол мергендігімен болмаса да, шапшаңдығымен жеңісті кез келген адамның уысынан суырып ала ала­ды. Жарысқа шыққан сәттен бастап қазақ­стан­дық спортшының соңынан жүгірдім. Атыс шебіне дейін оны озып кетем бе деп едім. Бірақ мен өте баяу аттым. Атыс шебінде уақытымды өлтіріп алдым. Бұл Азиадада енді жарысқа шықпаймын. Бапкер­лер­дің үмітін ақтама­ғаныма қынжыламын. Осылайша, Джунджи Нагаи қазақ­стан­дық спортшының қателігіне қуана­мын деп бо­саң­сып, алтын жүлдеден айы­рылып қалған. Айнаш ЕСАЛИ.