Жетім көрсек, жең түріп жәрдем жасайтын, мұқтаждардың мұңына ортақтасып қолдан келгенше қолдау көрсететін қазақы қасиет қанымызда бар. Осы қасиетімізді тағы да байқататын сәт туып тұр. Себебі, елімізде 7-29 қыркүйек аралығында «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны өтеді. Осыған байланысты кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты болды.
«2016 жылдың сәуір айында «Қазақстан» РТРК» АҚ Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, «Шын жүректен» кең ауқымды қайырымдылық телемарафонын өткізді. Ол мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетуді көздеді. Жоба аясында ауыр науқасқа ұшыраған және тағдыр тауқыметін тартқан қазақстандықтарға көмек қаржысы жиналды. Марафон қорытындысы бойынша 41 миллион теңгеге жуық қаражат тартылды. Барлығы мыңнан астам өтініш келіп түсті. Біз бұл жобаны жалғастырғымыз келеді. Сондықтан 7-29 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, қайырымдылық телемарафонын өткіземіз», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблеяға мүдделі органдармен бірлесіп, елдегі барлық қайырымдылық акцияларын ҚХА қамқорлығы аясында жүргізу мәселесін пысықтау туралы тапсырма берген еді. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы №402-V ҚРЗ «Қайырымдылық туралы» Заңына сәйкес Ассамблея елдегі қайырымдылықты дамыту, осы саладағы үйлестіру мен басқа да демеу беру шараларына ықыласты екеніне Ассамблея Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов тоқталып өтті.
Қазақстандықтар үшін «Шын жүректен» жобасының маңыздылығы мен қажеттілігі өте жоғары, әлі күнге дейін ұйымдастырушыларға еліміздің азаматтары тарапынан көптеген өміршең мәселелерді шешу бойынша өтініштер келіп түсуде. Бүгінгі таңда 1200-ден астам өтініш келіп түскендіктен, «Қазақстан» РТРК» АҚ тұрақты түрде тоқсан сайын осы жобаны өткізу туралы шешім қабылдады.
Шарапатты шара көлемге емес, көңілге, ақшаға емес ниетке байланысты атқарылатын амал екенін ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан да, барымызбен бөлісіп, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысайық. Бастысы, шын жүректен жасау керек екенін жадымыздан шығармайық.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»