Жаратылыстың қанша қатпарлы сыры болса да адамзат оның шешімі мен жауабын тауып, уақыт шексіздігінің шеңберінде қалдырмауға тырысқан. Десе де мың бір ғаламның адам қиялы жетпейтін пұшпағы мен тарау-тарау жұмбағы жетерлік. Өмір философиясының жігін тарқатуда Аристотель мен Сократтың кесек ойлары, адамзаттың пайда болуындағы Дарвиннің дербес ілімі, Жердің шар тәріздес екеніне көз жеткізген Магелланның сапары, бұдан басқа да адамзат өресінің биігінде ашылған жетістіктері өркениеттің тоқтамай ілгерілеуіне жол ашып келеді.
Әлем – сырға толы, түбі терең сандық. Бүгінге дейінгі ашылған сан мың жаңалық – бәлкім сыр сандығымыздың бел ортасына да жетпеген жұмбақ болар. Ағаш жәшіктің түбіне түсу мақсат емес, бірақ онда қалған сырды ашуға бәрінің-ақ таласы бар. Солардың бірі әрі бірегейі тау мен тастың сырына үңіліп, аңыз-әпсаналардың маңызына мән берген, бір буынның ұстазы Сапарбай аға Парманқұлов десек, қателеспейтініміз анық.
Бүгінде «Егеменде» еңбек етіп жүрген ағамыздың әр жазған-сызғанын асыға күтетін өз оқырманы бар. Зерделі зерттеулері мен танымдық очерктері, сол құнды дүниелерін безендіріп беру стилі Сапарбай Нұрпейісұлының журналистикадағы бай тәжірибесінің жемісі, жетістігі деп білеміз.
Студенттік шақтың соңғы курсын жұмыспен сабақтастырып жүрген кезіміз. Алматының «Көк базары» тұсында журналистер қалашығын еске салатын Қалдаяқов пен Достық көшелерінің арасында қым-қуыт тіршілігі бар «Дәуір» атты баспахана мен кеңсе орналасқан. Республиканың біраз басылымының редакциясы сонда. Біз де сол қайнаған қазанның ортасында, компьютерге телміріп, қалам мен қағазды серік етіп, еңбекке араласа бастаған едік. Секретариаттың ауыр жұмысын көтере алмай, кейде журналистикадан безіп кеткіміз келетін. Сонда ағаларымыз оншақты жыл бұрын ғана қорғасынмен жұмыс істеп, бұдан да қиын күндердің болғанын айтып жататын. Макетті қолмен сызып, суретті қаламмен ретуштеп, мәтінді линотипке қатесіз тергізу де асқан ептілікті қажет ететінін көлденең тартатын. «Мұндайдың шебері Сапарбай болатын», деп Өмірзақ Мұқай ағамыз таңдай қағушы еді. Компьютердегі сан мың дайын шрифті дұрыс таңдай алмай әуреге түсіп жатсақ немесе суреттерді жүйесіз орналастырып қойсақ, Өмірзақ аға бірден «сендерді Сапарбайдың ұстаханасынан бір жонып алу керек» деп кейіп отыратын. Намысты қамшылап, Сапарбай ағаның атын қайта-қайта айтқызбай, ағаларымызды ұятқа қалдырмайық деп бет қаттауды меңгеріп, дизайнға ден қойып, үйреніп алуға талпындық.
Осылай «Ақ жол Қазақстан» газетінің секретариатында жылға жетпей жұмыс атқарып жүргенімде, «Дала мен Қала» газетіне бас редактор болып жаңадан тағайындалған С.Парманқұловтан жауапты хатшылыққа ұсыныс түсті. Ағалардың айтқаны қабыл болды ма, әлде талпынысым еленді ме, әйтеуір, маған газет макетінің шеберімен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Әлі де студент екеніме назар аудармай, жауапты тірліктің тізгінін ұстатқанын үлкен сенімге балап, Сапарбай Нұрпейісұлының жанынан табылып, аттай сегіз жыл бірге қызмет атқардым.
Осы сегіз жылда Сапағаңның макет сызудан басқа сегіз қыры есте қалыпты. Алдымен ол – шебер журналист. Алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») әйгілі Сейдахмет Бердіқұловтың тәлімімен бастаған. Сонау 1978 жылдан бері қаламы еш мұқалмаған С.Парманқұлов дүние тіршілігі жайындағы философиялық ойлары арқылы оймақтай оқиғаның сан қатпарына әлі де жетелеп келеді. Тек жазуды ғана емес, сызуды да қатар алып жүріп, секретариаттың отымен кіріп, күлімен шыққан кездері де аз емес, әрине. Қаламгер ретінде «Жыландар көші» жинағын жарыққа шығарып, оқырманның ықыласына бөленді. Артынша Қазақстан Жастар одағының сыйлығын иеленді. «Жұмбақ сарқырама» атты эсселер жинағы да Сапарбай аға дүниетанымының кеңдігінен хабар береді.
Ол кісі көреген басшы бола білді. Ұжымды ұйытып, білгенін үйретті. Сапағаңның төңірегінен Әмірхан Балқыбек, Айгүл Аханбайқызы, Қалмаханбет Мұқаметқали, Есей Жеңісұлы секілді қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбалары бар азаматтар табылды. Тоқтарәлі Таңжарық, Нұрлан Жұмахан бастаған жастардың да біраз легі журналистикада бағындырған биігін Сапағаңмен сабақтастырады. Макет мектебінің ұстазы ретінде одан тәлім алған Бақыт Ойса, Айдын Қаба секілді жазумен қатар сызуды меңгерген бір топ өкіл бүгінде белді басылымдардың тізгінін ұстап отыр.
Кішіге аға, үлкенге іні болып келеді. Креативті ойлай білуінің арқасында біраз уақыт «Алматы жарнамасына» да басшылық жасады.
Сапағаңның зерттеушілік, этнографтық қырын жазуларынан да, өмірдегі ұстанымынан да байқауға болады. Тас көрсе таңырқай қарап, жол көрсе жағалай жүріп, қазақтың жазиралы сахарасының бар түкпірін аралап шықты десек, артық айтпағанымыз шығар. Қарт Қаратаудың қойнауындағы небір тылсымды, Алтайдың аңызға толы аймағын, Жайықтың жағасындағы жәдігерлерді... қаламның ұшымен сөйлетті.
Жалғыз сапарлағанды жаны сүймейді. Соның арқасында ағаға еріп, Меркінің оңтүстігіндегі Тянь-Шань сілемдерінің бірінде аждаһа мекендейтін әйгілі Көккөлді тамашаладым. Қаратаудың күнгейі мен теріскейін шарлап, «Келіншектау» мен «Жылаған атаның жұмбақ сарқырамасын» көрдім. Арал теңізінің табанын басып, Қазығұрттағы «Ата тас пен Ана тасқа» сүйкеніп, не керек, осы уақыт аралығында мен де бір кітапқа азық боларлық мағлұмат жинап үлгердім. Қағазға түспеген түрлі аңыз-әңгімені де өз аузынан естіп, болашақта бірге саяхаттауға уағдаласқанымыз да бар.
Бүгін Сапағаң алпыста. Алпыс деген – тал түс.
Асқар БЕКОВ,
«Егемен Қазақстан»