09 Қыркүйек, 2016

Сенат бюросының алғашқы отырысы болды

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
27-01-02a-parlamentПарламенттің жаңа сессиясындағы Сенат бюросының алғашқы отырысы палаталардың 1 қыркүйекте болған бірлескен отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген міндеттерге арналды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент қарауына институттық реформаларды одан әрі қамтамасыз етуге және кешенді әлеуметтік-экономикалық іс-шараларды іске асыруға бағытталған 50-ге жуық заң жобасы келіп түсетінін айтты. Бірнеше заң жобасы жоспардан тыс енгізілетін болады. Олардың ішінде еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, қысқа мерзімде қабылдауды қажет ететін заңдар да бар. «Біз, әрбір заң жобасын мұқият талқылап, қабылданатын заңдардың сапасына ерекше мән беріп, Үкіметпен тығыз жұмыс жасауымыз қажет. Бұл ретте, Елбасының нақты тапсырмасы бар», – деп атап өтті Төраға. «Жаңа парламенттік маусымда біз қабылданған заңдар бойынша халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарына ден қоятын боламыз. Елбасы айтқандай, «заңды қабылдаудың қажеттілігі мен барлық логикасы қазақстандықтарға түсінікті болуы маңызды», – деді Қ.Тоқаев. Осыған байланысты Сенат басшысы әріптестерін бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты одан әрі жетілдіруге, заңдардың ерекшеліктерін түсіндіруге, сондай-ақ өңірлерге сапар барысында қабылданған заңдарды халыққа түсінікті түрде насихаттауға айрықша мән беруге шақырды. Отырыс барысында бюро мүшелері 15 қыркүйекте болатын Сенат отыры­сының күн тәртібін талқылады.