Ақиқатын айтқанда, бұл күнде Алматыда бір емес, бірнеше Жұлдыздар аллеясы бар. Оның алғашқысы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында болса, одан кейін «Алматы» шипажайында да ашылған. Алайда халыққа еңбегі сіңген жандарды құрметтеу қашан да артық емес. Ендігі бір жұлдыздар аллеясы алматылықтар көптеп жиналатын MEGAPark сайда ойын-сауық орталығының кіреберісінде орналасқан.
Айтқандай, бұл жерде алғашқы болып екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің жұлдызы ойып тұрып орын алған болатын. Келесі болып өз жұлдызын «ДОМ» қорының жетекшісі Аружан Саин жақты. Жұлдыздар шоғыры мұнан кейін Олимпиада чемпионы Александр Винокуровпен толықты.
Ал жұма күні әйгілі қазақ актері Асанәлі Әшімовтің жұлдызы жарқырады. МЕГА-ны думандатқан оқиғада бүкіл ғұмырын өнерге арнаған актер Асанәлі Әшімов: «Бүгін мен үшін тарихи және қуанышты күн, халқымның маған деген құрметі. Бұл Жұлдыз – менің ұстаздарымның, құрбыларымның, шәкірттерімнің еңбегі. Игі бастама жалғасын табу қажет. Осындай шаралардың арқасында өскелең ұрпақ татулықтан тәрбие алады, жаңалыққа құштар болып өседі, ұлы тұлғалармен қауышады. Өнер мен спорт адамдардың басын қосады. Өз студенттеріме үнемі: «Жұмыс пен еңбегін бағалаған адам, құрмет пен атаққа ие болады деп айтып отырамын. Адам атақ пен даңкты іздемеу керек, атақ адамды өзі тауып келеді». Халқыма, өнеріме қызмет етемін!» деді.
Қазақстанның халық артисін құттықтауға әріптестерімен бірге «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбеков, М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының студенттері келді. Қызықты шараға сауда орталығында жүрген алматылықтар да қосылды.
«Бүгінгі таңда тұлғалы актер М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында спектакльдер қойып, киножобалармен жұмыс істеуде. «Елім
-ай» киностудиясына басшылық етеді. Рөлдерге, режиссураға, театрға өзіндік тәсілмен қарайды, оны көріп, тамашалау керек, мен үшін бұл адам – мінсіз. Халық Асанәлі ағаны сыйлайды, қолдайды және еңбегін жоғары бағалайды», деді Әуезов театрының директоры Ерлан Біләл.
Айтулы шара актер тағдыры туралы «Айнадай істер шебері» атты деректі фильммен аяқталды. Фильм Асанәлі Әшімовтің 75 жылдығына орай түсірілген. Аталмыш деректі лентаның көрсетілімі Алматыда алғаш рет өткізіліп отыр.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы
Суреттерді түсірген автор.