10 Қыркүйек, 2016

Айтылмаған ақиқат

392 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

afgan Ғани Тілеубековтің естелігінен

Күн сайын құнжыңдап құжат дайындап, құлдыраңдап шауып, оны өзара келісіп, не керек әрлі-берлі әлек боп жүргенде зымыраған уақыттың зырғып жатқанын тіптен аңғармай, қасыңдағы әріптестеріңмен дұрыс­тап әңгімелесудің де ыңғайы келе бермейтіні шындық. Мұндай бі­ріне-бірі ұқсаған күнделікті егіз тірлікке бәрі мойынсұнған. Яғни, таңғы сегізден таласып-тармасып ғимаратқа кіру, сосын сығылысып лифтімен жұмыс кабинетіңе көте­рілу, компьютеріңнің түймесін басу, одан әрі телефон қоңырауы, қағаз, құжат. Кешкісін сүлдеңді сүйретіп үйге кетіп бара жатқаның жаттанды тірліктің таусылмас парақтарына айналған. Осындай қызметтегілер аптаның соңын асыға күтеді. Бірі достарымен кездеседі, енді бірі туыстарын аралайды, келесісі спортпен шұғылданады, тағысын-тағылар. Мекемеде аралас-құралас жүрген жолдастардың бірқатары сенбі күндері бильярдты ермек ететіні бар. Тастаяқтың талғампаз ойыншысы болмасақ та әйтеуір апта бойы шаршаған миыңды біраз сергітіп, жолдас-жорамен сейілдеп қалу үшін біз де анда-санда сол жерге соғып тұрамыз. Сенбі күні алдын ала келісім бойынша қаладағы бильярд орталықтарының біріне ертерек келдім. Жігіттер әлі толық жиналмапты. Әр жерде қолтығы жаңа сөгілген бәйге аттарындай қалың дүбірге енді кірісіп жатқан ойыншылар. Қарап тұрмай шашы қайратты, қазақы өңді жігіт ағасын әңгімеге тарттым. Жасы елуден асса да, сыптай болған дене бітімінен спортпен ұдайы шұғылданатыны көрініп тұр. Жаңа танысымның әңгімеге кет әрі еместігін аңғарғандықтан ба «ағаш қазан қайната» түсуге өзім де ыңғай таныттым. – Бильярд деген де майдан даласы сияқты ғой. Ептілік те, тактика да, шыдамдылық та керек, дедім алдағы жүйелі әңгімеге арна тартып. – Оның да дұрыс шығар, бауырым. Бірақ шын соғысты ешбір ойынмен салыстыра алмайсың. Соғыс өлім мен өмірдің таласы. Аман қалуың әскери дайындығың, айла-амалыңа ғана емес, жолың болуына да тікелей байланысты. Елуді жаңа ғана еңсерген аза­маттың құдды Ұлы Отан соғысында от кешіп, фашистермен қасық қаны қалғанша шайқасқан ардагер аталарымыз сияқты сөйлегеніне таңырқай қарадым. – Әңгімеңізге қарағанда Ауған соғысында болғансыз-ау деймін. – Дұрыс айтасың, інім. Ауған соғысы жайлы әлі де айтылмаған ақиқат көп қой, – деді жігіт ағасы алдағы бүкпесіз әңгімесінің тиегін ағытуға ыңғайланып. 1979 жыл. Кеңес әскерлерінің шектеулі жасағы жергілікті халықты азат ету, социалистік идеяларды жақтау мақсатымен Ауғанстанға кірді. Бұл сол кезде Кеңестер Одағы коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының Ю.Ан­дропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқты санаулы ғана мүшелерінің құпия түрде шұғыл қабылдаған шешімі еді. Кеңес басшылығының түпкі мақсаты Ауғанстанда билікке талас­қан ресми үкімет пен оппозиция моджахедтер арасында қарулы қақтығыстарға араласып, аталған елде толықтай саяси бақылау жүргізу болатын. Нәтижесінде, Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идея­сын күш көрсету арқылы жүзеге асырғаны белгілі. Осылайша Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықты. Белоруссияның Витебск қала­сында әскери борышымызды өтеп жүрген кезіміз. Бас-аяғы төрт-бес айда әскер өміріне әжептәуір төселіп қалдық. Талап өте күшті. Парашютпен ұшақтан 30 рет секіріп, атысу, күніне 10 шақырым жүгіру, ережесіз жекпе-жек сияқты жаттығуларға жаны сірі адам ғана шыдас береді. Бір күні кешкісін дивизия командирі бәрімізді шұғыл жинап, КСРО Орталық комитеті мен үкіметінің кеңес әскерін Ауғанстанға аттандыру жөнінде қабылдаған шешімін жариялады. Тосын ақпаратқа тосырқап, бүкіл полк болып сапта міз бақпай тұр­мыз. Дивизия командирі бүкіл жағдайды түсіндіріп болғаннан кейін, «ал енді Ауғанстанда әскери борышын өтеуді жалғастырғысы келетіндер бір қа­дам алға бассын», деді нығарлап. Полктың тоқсан пайыздайы топ бастады. Сөйтіп, едел-жедел жолға жиналып, бір тәуліктің ішінде Кабул қаласына келіп қондық. Айнала атыс, зуылдаған оқ, ойран-топыр от-жалын. Кабул әуежайында 10-15 тікұшақ ұшуға дайын тұр екен. Әр тікұшаққа 15-20 адамнан бөлініп отырғаннан кейін қара түнді тіліп беймәлім бағытқа бет түзедік. Арамызда ешкім қайда, қай бағытқа, қандай мақсатта ұшып бара жатқанымыз жайлы ешнәрсе білмейді. Елден Ауғанстанға аттан­ғанда ұшақ ішінде бәрімізге автомат таратып берген-тін. Алдағы сәтте ажал оғын бүркитін су жаңа автоматтарымызға сүйеніп, көмескі тартқан көрешегімізді ойлап абыржып отырмыз. Сөйтіп шамамен бір жарым сағаттай қалың түнде әуеде «қалақшаларын айналдырған» тікұшақ биіктігін төмендетіп, қонуға бет алды. Жерге жақындағанда қарасақ тағы да нөсерлі жаңбырдай жауған нөпір оқ (трассерлік оқ –түнде жанатын). Оттан қашқан инеліктей тікұшақ біразға дейін дырылдап жерге қона алмай жүрді. Бір кезде әзер дегенде ыңғайлы орынға табанын тигізді. Ширақ қимылдап жерге түсіп жатырмыз. Сол мезетте біздің алдымызда барған барлау жауынгерлерінің біразы жараланғаны, жер жастанғаны бар, қан сасыған боздақтарды тікұшаққа тиеп жатыр. От пен оқтың арасындағы астан-кестен даланы, жаралы жауынгерлерді өз көзімізбен көргенде ғана біз кинодағы емес өмірдегі соғыстың өртіне түскенімізді түсіндік. Біздің батальон Лағман провинциясы Мехтерлам қышлағына келіп орналасты. Өзім жаңадан жасақталған батальонда жалғыз қазақпын. Коммунистік рухта езілген халыққа еркіндік әпереміз деп келген жауынгерлер мұнда орын тепкенімізде жергілікті жұрттың бізді басқыншы ретінде қабылдайтындықтарын байқадық. Елден аттанарда санамызға сіңір­ген қалың жаудың қарасы енді көрінбейді, екі жақ болып қару асынып сұрапыл шайқас жасап жатқан жұртшылық та жоқ. Адуынды жел аспандағы қорғасын бұлттарды қоралата қуып шыққандай алғашқы күнгі ақырзаман атыс-шабыс та ізім-ғайым. Біздің білетініміз, тек қана бір-бірімен итжығыс түсіп жатқан жергілікті тайпалар. Жеңілген жақ кеңес әскерлерінен көмек сұрайды. Бірде мына тайпаға, келесі күні қарсы жаққа болысады. Бір күні рота барлауға шығады. Таудағы тиісті межеге жетіп, душмандардың Пәкістан жағынан қару-жарақпен өтуін бақылау үшін жайғастық. Сол екі ортада мүлгіген тыныштық қайта орнады. Мұндай кезде солдаттар ерігіп, әркім өз білгенімен айналысады. Сондай езілген күн­дердің бірінде әскери борышын бірге өтеп жүрген ефрейтор жігіт қолына снайперлік винтовканы алып, қышлақтың ауласында ойнап жүрген ауған балаларын бір бірлеп атқылай бас­тады. Біреуі құлап, енді біреуі жарақаттанып, сүйретіле қашып жатыр. Ефрейтор өзінің оспадар қылығына өзі өте мәз. Көз алдында болып жатқан, тілмен айтып жеткізе алмайтын сұмдық көрініске шыдай алмағандықтан артынан жетіп келіп, қолымдағы қарумен қақ маңдайдан ұрып, жерге сұлаттым. Біраздан кейін есін жинаған ефрейтор: «Сен, жау жағына шықтың. Сен сатқынсың», деді қалш-қалш етіп. Кейін батальонға оралғаннан соң, батальондағы асабистке (әскердегі Ұлттық қауіпсіздік қызметкері) барып мен туралы шағым түсірді. Артынша аяқталып болмайтын тергеу-тексеру жұмыстары басталды. Әуелі кеңес әскерінің жауынгерін қасақана ұрып құлатудың артында қандай арам пиғыл жатқаны сұралды. Кішкентай жеткіншектерге болысуыма өзімнің және ауған балаларының бір мұсылманның балалары екендігіміз себеп болғаны айтылды. Коммунистік бұлжымас идеяларға деген тұрақсыздығым қатаң сынға алынды. Іс насырға шауып, мені елге қайтару, одан әрі қылмыстық іс қозғау жөнінде күрделі мәселелер ушыға бастады. Әңгүдік жауын­гердің әзәзіл әрекетіне араласамын деп өзімнің тұтылғанымды сезіп, күресерге дәрмен таппай жүргенде Алматыдан аттанарда алғашқы дайындық жаттығуларына жетекшілік жасаған командиріміз біздің батальонға келгенін естідім. Дереу іздестіріп, штабтың жанында жолығудың ретін таптым. Мән-жайды бүге-шігесіне дейін жайып салдым. Асықпай тыңдаған байсалды командир өзінің тоқтамын айтты. – Өзге елде жүрген соң жер­гілікті жұрттың сендерді өгейсіне қа­былдайтынын білесіңдер. Сон­дықтан әрбір қадамдарыңды байыппен басып, сақ жүрулерің керек. Бірақ сенің балаларға араша түсуің­ді мен құптаймын, азамат екеніңді көрсеттің. Осындай ескертпелерімен қоса біраз ақыл-кеңесін айтқан жерлесіміз бейкүнә балаларды басынған бас­бұзарға жаза қол­данылатынын және өзімнің одан әрі әскери борышын жалғастыра беретінімді жеткізді. Арада бір-екі ай өткенде біздің жауынгерлік топтың орын ауыс­тыруы туралы жоғарыдан бұйрық келді. Шұғыл жинала бастадық. Шатырды жинастыруға, техниканы тиеуге және әскерилерді сапқа тұрғызуға жауапты сержант командирдің алдына кеп тік тұрып, жолға шығуға әзір екендіктерін баяндады. Баянатының соңында орталықтан келісілген қосымша жүк көлігінің жетпей қалуына бай­ланысты біраз заттарды, оның ішінде салмағы ауыр қару-жарақты қалдырып кетуге тура келетінін айтты. Батальон командирі үнсіз ойланып қалды. Бет әлпетінен бір жымысқы әрекетке барғысы кеп тұрғаны байқалады. Бір кезде түйіні қиын есептің шешімін тапқандай ыржиды да, сержантты шетке шығарып күбірлеп түсініксіз тапсырмалар беріп жатты. Сөйтсек, зымиян ойлы командир жоғары жақтан екі ай бойы ерігіп жатты деген ескерту алып қалмау үшін бір оқпен екі қоянды атып алмақ пиғылда ау­ыр қылмысқа баруды ұйғарыпты. Жауынгерлерге зеңбіректерге ар­тық-ауыс снарядтарды оқтауды және тау бөктерінде тұрғындары тыныш ұйқыда жатқан қышлаққа қарай бағыттауды бұйырды. Бір пәсте айлы аспан астының астан-кестеңі шығып, көз алдымызда бүтіндей бір елді мекеннің күлі көкке ұшты. Адамның айуаннан бетер мұндай азғындығына денем қалшылдап, көзімнен жас ыршып шықты. Жаңа орынға бекінгеннен кейінгі тыныш күндер тағы бас­талды. Бір күні командиріміз аса маңызды әскери операция жоспарланып отырғанын құпия түрде жеткізіп, ерекше дайындықтан өткен азаматтар алдын ала барлауға жіберілетінімізді ескертті. Таң қылаң бере барлауға шықтық. Мүмкіндігінше төбе-төбенің төңірегін тасалап жаяу жүріп келеміз. Келесі бір төбенің үстіне шыға бергеніміз сол еді жан-жақтан ысылдаған оқтардың дауысы естілді. Жапа-тармағай жерге жабыстық. Жаудың төңіректі айналдыра оқ жаудыртып жатқанынан-ақ бәріміз қоршауда қалғанымызды сездім. Еңбектеп қасымда келе жатқан жолдасымның жанына барсам ажалына туралап келген оқ бет әлпетін опырып кеткен екен. Жаралылардың ыңырсыған дауыстары естіледі. Ес жиғандарымыз автоматтарымызды дереу ың­ғайлап қарсы жаққа оқ аттық. Қал-қадерімізше қарауыл тө­бені қорғаумен кеш батты. Біздің арнайы дайындықтан өткен топ екенімізді естігендіктен бе, түн­де шабуыл жасала қойған жоқ. Таң­ертең жан-жақтан тағы да сусылдап оқ атылды. Екінші күн басталды. Талғажауға алып шыққан азын-аулақ тамақ та таусыла бастады. Шейіт болған жолдастарымыздың мәйіттері бұзылып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Аңдыған жаудың алмай тынбасына мойынсұна бастадық. Бәріміз қалжырадық. Менің де әл-дәрменім таусыла түскенін сеземін. Душмандар күнде кешкісін рупор арқылы: «Сендер беріліңдер, жандарың аман қалады, Пәкістаннан зәулім үй беріледі, қалаған қыздарыңа үйленесіңдер» деп бізді үгіттейді. Қазақстан тұр­ғанда қайдағы зәулім үй, қайдағы қор қызы!? Көз алдыма Ауғанға ат­танып бара жатқандағы туған ел, жасыл желек ауылым келді. Ата-анам, бауырларым, достарымның бәрі-бәрі жанарымның алдында кино лентадай зымырап өтіп жатыр, өтіп жатыр. Кенет шынымен де бөтен елде айдаладағы бір төбенің басында осылай көз жұмам ба деген сұмдық ой санама сақ ете қалды. Өкінішті-ақ. Маңайды бір шолып алып, өзіммен бірге алып жүретін шағын қол радионың құлағын бұрай бастадым. Бір арнада түсініксіз тілде ән айтылып жатыр, енді бірінде сұхбат жүріп жатқан сыңайлы. Бір кезде жаныма жақын әннің әуезіне селт ете қалдым. Сенер-сенбесімді білмеймін, радиодан әнші Роза Рымбаева «Атамекен» әнін әуелетіп жатыр. «Айналдым сені-ай, атамекен-ай» деп әннің қайырмасына келгенде көзімнен жас қалай шығып кеткенін байқамадым. Жаңа ғана қимастықпен еске алып жатқан туған елдің көріністері өзгеше бір жарқын суреттермен жалғасты. Өліммен бетпе-бет келіп отырғандықтан ба, ажалға мойынсұна отырып Алладан шын жүрегіммен тілек тіледім. «Е, Жарат­қан ием жанымды ерте ме, кеш пе алатыныңды анық білемін. Қай кезде алсаң да өз құзырыңда, тек қана туған Отаным Қазақстанды бір рет көруге жар бола көр», дедім. Тағы да қас қарая бастады. Ай­нала қоршаған жау біз әлі еш­қай­да кеткен жоқпыз дегендей анда-санда оқ атып қояды. Кенет тікұшақтар келіп, душмандар позициясын атқылағаннан кейін біз сытылып шықтық. ... Үнсіздік. Ағамыз қолындағы тастаяғын қатты қысып ұстап біршама ойланып қалған екен. Мен де ерекше әңгіменің әсерінен арыла алмай, өзімнің және дос-жаранның бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын білмей, тыныштықтың қадіріне жетпей жүргенімізді сезінгендей болдым. – Атамыз қазақ: «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Осылайша, Алла тағаланың жазуымен аман қалдық, інім. Есіңде болсын, бұл дүниеде ақша да, қызмет те отбасыңның амандығына, Отаныңның тыныш­тығына еш­қашан жетпейді, деп түйіндеді әңгімесін ағалық ақадал тілекпен. Қуат БОРАШ, журналист