Ақ жаулығы желбіреп, ақша жүзі елжіреп, Зейнеп апа «Егеменге» тағы келе жатыр екен. Тағы дейтінім, бұл кісі біздің редакцияға күнде болмағанымен, жиі бас сұғады. Тұрақты оқырманымыз. Жинап қойған бір бума газетті редакциядан өзі алып кетеді. «Қанша дегенмен, қаланың ішіндесіз, қазір газетті жеткізудің басқа да жолдары бар емес пе, неге әуре боласыз», дейміз газет алуға сонау жерден автобуспен келіп жүрген қарияның қажырына қайран қалып.
Қалай дегенмен, сексеннің сеңгіріне тақаған жасы бар. Бірақ бұл оқырманымыздың артықшылығы да осында, өзінің сөзімен айтқанда, «газетті өз аяғымен келіп, өз қолымен» алғанды ұнатады. Осылайша, газет оқуды өмірлік әдетіне айналдырған ерекше оқырман «Егеменнің» ешбір нөмірін қалт жібермейді. «Егеменіңіз» не, бұл кісі «Социалистік Қазақстаннан» бергі тұрақты оқырман.
Қария қасына қатарласа қосылған мені бірден тани қоймаса да, амандығыма мейіріммен жауап қатып, аңқылдай сөйлеп, мәре-сәре болып қалды. Бұл да болса, оның ел газеті – «Егеменге», ондағы егемендіктерге деген ерекше құрметі. «Егемен» елдің бас басылымы, елдің бүкіл тыныс-тіршілігінің айнасы ғой. Аллаға шүкір, көзім аманда «Егеменімді» оқып өтемін», дейді Зейнеп Құбашқызы. Сүйсінесің. Газетке деген құштарлықтан қуат алған қарияның қайратына қызығасың.
Ойпырым-ай, осы «жұрт газет оқымайды» дегенді кім айтты екен?! Керісінше, заман озған сайын оқымысты көп қазір. Шүкір, оқысам, білсем дейтін ұрпақтың ұмтылысы ұшқыр. Әр оқырман әр басылымнан өзіне керегін іздейді. Біреу бұрынғыша қағаз түрін қолайлы көрсе, енді бірі Интернетке икемді. Соған сай басылымдар да басты талаптарға басымдық беріп, оқырманның сұранысынан шығуға тырысады. Қалай болғанда да, біреу ізденіп оқыр, біреу қажеттіліктен оқыр, бастысы, оқырмансыз газет жоқ.
Әрине, газет үшін әрбір оқырман маңызды. Алайда 78-де жасы бар ақ жаулықты ананың бас басылымға бас иіп, қарашаңыраққа құрметпен қарауының жөні бір бөлек екен.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»