Жасампаздық жолбасшысы
Бүгінде Қазақстанның аз ғана жылдар ішінде адам нанғысыз жылдамдықпен дамығанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Істеліп жатқан шаруаларды қанша жерден көргісі, мойындағысы келмейтіндердің өздері іштей бұл уәжге мойынсұнады. Өткен 20 жыл ішінде демократиялық жолмен жүріп келе жатқан, бүкіл әлем таныған нарықтық экономикасы бар, дамыған демократиялы Қазақстан құрды. Мұның дабыра сөз еместігін біз ғана емес, әлем саясаткерлері де жақсы біледі. Әрине, батыстағы сарапшылардың біразының көңіліндегі «нағыз» демократия деңгейіне жетпейтін шығар, бірақ демократия деген осы екен деп, халықты бос даурықтыратын, еш нәтижесіз алауыздыққа апаратын хаосты о бастан-ақ мансұқ еткенбіз. Басты қағидасы бүкілхалықтық билік орнату болды. Солай жасалды да. Біздің одақтастарымыз нарықтық анархияға бой ұрып жатқан кезде, Қазақстан нарықтық экономиканы халықты әлеуметтік қорғаудың жоғары деңгейімен ұштастырды. Ал демократия күшті мемлекетпен қамтамасыз етілді. Мемлекет мықты болса, демократия да өз арнасымен дамып отыратынына көз жете түсуде. Оны нарықтың арнасынан шығып кеткен алып толқындар халықты келіп соққанда, іргетасы мықты мемлекет экономикаға да, қоғамдық өмірге де араласып, қолдау мен жанды көмек көрсету арқылы ауыртпалықтардан аман-алып шыққанынан-ақ көруге болады. Соның арқасында ғана бізде көршіміз Ресейдегі секілді «шок терапиясы» орын алмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан жетекші державалармен терезесі тең дәрежеде және өзара тиімді негізде қарым-қатынас орнату секілді шешуі күрделі түйінді тарқата білді. Сол кездің өзінде-ақ еліміз жаhандану жағдайында бірде-бір халықаралық ұйымның адамзатты қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмайтынын мәселе етіп көтерді. Бұл жағдай қазіргі кезде ең өзекті проблемаға айналып тұрғанын бастан өткерудеміз. Мен деген халықаралық ықпалды ұйымдар мен алпауыт мемлекеттер сол жылдары ондай жағдайлардың өз бастарына төнбейтініне сенімділік танытып, аталы сөзге құлақ түруге енжар қарағаны жадымызда. Ал бүгін әлемде тыныштықтың, адамзаттың қауіпсіздігінің шеті сетіней бастады. Осыдан он жыл бұрын да дәл бүгінгідей тұрғындардың басына төніп тұрған қауіпті оқиғалар аз болатын. Күні кеше ғана Ресейдегі Домодедово әуежайындағы жарылыс қаншама бейбіт қарапайым жандарды о дүниеге аттандырғанының куәсі болдық. Көне Еуропаның өзі аяқ астынан болатын мұндай қауіп-қатерлердің алдын ала алмай отыр. Қауіпсіздік орнату үшін аймақтардан бастап жаhандануға дейін қамтитын интеграцияланған құрылымдардың біртұтас жүйесі қажет екенін әлемде бірінші болып Қазақстан тарабы айтып, еліміздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымдастыру туралы идеясы жалпы континенталдық қауіпсіздік құрылымы ретінде өмірге енгізіліп, қазіргі кезде әлемдік қауіпсіздік жүйесінде өзінің салмақты үлесін қосуда. Отанымыздың әлемдік деңгейдегі абырой-беделі, адамзаттың дамуына байланысты идеялары ЕҚЫҰ-ға төраға болуына жол ашты. Сол төрағалықтың өте жоғары деңгейде өтіп, Астана саммиті Қазақстанның бүкіләлемдік деңгейдегі жетекші мемлекеттердің бірі ретінде оң жол көрсетіп, көш бастауға дайын болғанын айғақтады. Өзім ғалым болғандықтан, елімізде ғылым саласындағы болып жатқан оң өзгерістер мен жаңа бетбұрыстарды айтпай кете алмайтыным белгілі. Бүгінде дамыған елдерде 1 млн. халыққа 1-6 жоғары оқу орнынан келеді. Ал Қазақстанда 149 университет пен 200 ғылыми кеңес ғылым кандидаттарын, докторларын «басып шығарып» жатыр. Ондайлар біздің арамызда да бар, соның ішінде 60 кандидаттың біреуі, 37 ғылым докторының біреуі ғана ғылым жолына түсетіні, бұған тосқауыл қоятын кездің келгені мәлімделді. Тағы да осы жерде мұның кімге қажеті бар деген сұрақтың басы қылтияды. Биылдан бастап осы ғылыми кеңестер жұмысын тоқтатады. Бұл кеңестердің қалай жұмыс істейтінін, дипломдардың қалай берілетінін ел жақсы біледі. Қаптап кеткен саны бар да, сапасы жоқ ғылым докторлары мен кандидаттарының ғылымның парқын да, сыйын да кетіре бастағаны шындық. Лауазымды таққа отыру үшін шенеуніктерге ғылым дәрежесін сатып алуға жол беріліп, бүгінде екінің бірі доктор болып отырған кезде одан елге келіп жатқан пайда бар ма? Одан да нағыз ғылыммен айналысып жүрген ғалымдардың дәрежесін көтеріп, сол арқылы жастардың ғылымға деген ынтасын оятуға жол ашқанымыздың дұрыс екенін ұққанымен, бүгінгі ғана күннің өлшемімен ойлайтындар дәрежені станоктан басып шығарып, лауазым иелеріне беріп жатты. Енді бұған жол берілмейтін болды. Жалған ғалымдардың жолын жабу арқылы алдағы кезде ғылымның жаңа тынысы ашылады. Біз оған сенеміз. Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас бір бөлігі ретінде халықтың денсаулығына баса назар аударылуы да өте орынды деп білеміз. Соңғы уақытқа дейін бизнес тарапынан ғылымға деген ықылас соншалықты бола қоймады. Бүкіл әлем ғылымның соңғы жетістіктерін енгізгенде ғана алға ілгерілеушілік, бәсекеге құрылған мына заманда ойып тұрып өз орныңды сөрелерден белгілеп алуға болатынына көз жеткізіп, сол бағытта әрекет жасап жатқанда, біздің бизнесмендер мен өнім өндірушілер отандық ғылымға енжарлық танытқаны бірден көзге ұрып тұрды. Осындай шақта шикізат елі деген атаудан арылып, отандық нақты өнімдер өндіруге бағыт алып жатқан еліміз үшін ғылымның, оның ішінде отандық ғылымның жетістіктерін игілікке жаратпаса болмайтыны анық аңғарылды. Сөйтіп, отандық ғылымды дамытуға, оның жетістіктерін өмірге ендіруге бағыт ұстандық. 2011-2020 жылдарға арналған стратегиялық жоспардағы білім мен ғылым туралы қамтылған мәселелер «Ғылым туралы» жаңа заң жобасының дүниеге келуіне түрткі болды. Ғылым мен білімді ұштастыруда жоғары білім берудің мазмұны мен құрылымын Болон процесінің параметрлеріне сәйкестендіру арқылы қазақстандық жоғары білім алушылардың әлемдік еңбек нарығында өз орнын іркілмей табуына жол ашу керектігі айқын білінді. Біздің мемлекет әлемдегі 47 мемлекеттің бірі болып, Болон процесіне қосылды. Біздің университет осы үдерістің негізі болып есептелетін Университеттердің ұлы хартиясына алғашқылардың бірі болып 2003 жылы қол қойды. Аталған шара білім ордасында дайындалатын мамандықтардың оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге, академиялық дәрежелердің халықаралық деңгейде мойындалуына, кредиттік технология бойынша сынақтардың бірлік жүйесін енгізу арқылы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етуге, екі дипломдық білім бағдарламасының жүзеге асуына мүмкіндіктер тудыруда. Білім мен ғылымды ұштастыруда республикалық жоғары оқу орындарының бес түрі жоспарланып отыр. Олар – ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университет, академиялар мен институттар. Бұлар ғылым мен білімді жалаң формулалар мен әдістемелер арқылы ғана беріп қоймай, жастарды ғылым мен білімнің қырлары мен сырларына терең бойлатып, сол арқылы өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің, яғни, отанының әлеуетін көтеруге әр жастың үлес қоса алатынына көздерін жеткізу керек екенін Елбасы қадап айтуда. Мысалы, АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық университетінің түлектері сол аймақта 450 мың жоғары технологиялық кәсіпорындар ашқан. Бұл оқу орнының мықты әлеуетін көрсетсе керек. Одан білім алып шыққан жастар елдің экономикасын дамытуға барынша үлес қосуда. Бізде әрбір білім ошақтарынан түлеп ұшқан жастардың өз Отанының әлеуетін көтеруге сондай үлес қосуын армандаймыз. Армандап қана қоймай, солай болса екен деп тілейміз және солай болатынына сенеміз де. Қалауын тапсақ, білім мен ғылымның астымыздағы пырақ, алдымыздағы шырақ болуы үшін елімізде бар мүмкіндік жасалуда. Бүгінде алдағы 10 жылдың асқаралы мақсаттары белгілі. Ендігі мақсат белгіленген бағдарлама бойынша еліміздің әлеуеті мен экономикасын әрі қарай дамыту болып табылады. Рақымжан ЕЛЕШЕВ, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше