22 Ақпан, 2011

Сынақ демалыс күндері де жалғасты

406 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сенбі күні ертеңгісін Орталық сайлау комиссиясында президенттіктен үміткерлер Т.Баймурзин мен М.Елеусізовтің Конституцияға және «Қазақстан Республикасын­да­ғы сайлау туралы» Консти­ту­циялық заңға сәйкестігін анықтау отырысы болып өтті. Артынан Лин­гвистикалық комиссия өз жұ­мы­сын жалғастырды. Сынақ нәтижелері бойынша Г.Тоқбаеваға мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешім шығарылды. Үміткер «Ер есімі – ел есінде» атты тақырыпта шы­ғар­ма жазып, 3 әріп, тыныс белгілері бойынша 5 қате және стильдік 2 қате жіберіпті. Екінші кезеңде Мұх­тар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқып, оны орташа деңгейде орындаған. Үшінші кезең «Мен жастарға сенемін!» деген тақырыпта ауызекі тілмен ойын жеткізді. Түстен кейін бағын сынауға М.Қа­рамаева келді. Майя Төле­ген­қызы жазбаша жұмыстан «Ел мұ­раты – ер мұраты» деген тақы­рып­та шығарма жазды. Ол 14 әріп, 21 тыныс белгісі және 6 стильдік қате жіберіпті. Екінші кезеңде Ж.Ай­мауы­товтың шығармасынан үзін­ді оқуды да онша алып шыға ал­маған. Лингвистикалық комис­сия­ның төр­ағасы үміткердің тыныс белгілері мен дыбыс екпінін сақтай бермегендігін жеткізді. Ауызша ойын жеткізуге 15 минөт берілсе, соның 5 минөтін ғана пайдала­нып­ты. Қысқасы, үміткер «Қарыз бен парыз» тақырыбын ашпақ тү­гілі, тіпті ажырата да алмаған. Нә­ти­жесінде қазақ тілін еркін меңгере алмаған деген шешім шығарылды. Жексенбі күні Лингвистикалық комиссия өз жұмысын президенттікке кандидат А.Құнанбаевтың қазақ тілін меңгергендігін анық­тау­дан бастады. Адалбек Оқанұлы «Ұс­таз ұлағаты» деген тақырып­тағы шығармасында көптеген қате жіберген және онысы бір жарым парақтан аспаған. Екінші тапсырма бойынша Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін де дұрыс оқи алмаған. «Өнерлі өрге жүзеді» деген тақы­рыпта ойын жеткізу 5 минөтке ғана созылса, соның өзінде тақырып ашылмапты. Нәтижесінде Комиссия президенттікке кандидат қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытындыға келді. Осы күні бұқаралық ақпарат құралдары Орталық сайлау ко­мис­сиясына Амантай Асылбек келеді деп күткен болатын. Алайда, ол келе қоймады. Есесіне кешкісін, са­ғат 17:00-де мұнда Сенат депутаты, президенттіктен үміткер Ғ.Қасы­мов келіп, мемлекеттік тілден сынақ тап­сыр­ды. Сынақ екі сағатқа созылды. Ғани Есенкелдіұлы бірінші кезеңде «Кең байтақ жерім бар» деген тақырыптағы шығармасында 10 қате жіберген. Соның 3-і әріп, 5-і тыныс белгісі және 2 стильдік қате болып шықты. Лин­гвис­тикалық комиссияның төрағасы үміткердің ұзақ құрмалас сөй­лемдерге бара бермей, қарапайым сөздермен сөз саптағандығын айта кетті. Жалпы, Ғани Есен­келдіұлының қазақшасы су тө­гілмес жорғадай еместігі бар­шаға белгілі. «Оу, бұл қалай мем­лекеттік тілден мүдірмей жүр?» деп таң­данатындар да табы­лары та­лассыз. Соның өзінде шығармасын, өзінің шама-шарқын білгендіктен де, қиындатпай, оңай сөй­лемдермен, көп қате жібермейтіндей, өте сақ­тық­пен жазуы да тіс­қаққан сая­сат­кердің өрнегін танытып тұрғанын мойындамасқа шара жоқ. Бұл арада Ғ.Қасымов­тың қайткенде де әріптік қатені аз жіберуді ойлаған қадамы өзін өзі  ақтады деу жөн.  Ең бастысы, президенттіктен үміт­кер тақырыпты аша білген. Екінші кезең бойынша 100 жылдығы аталып өткелі жатқан Қа­сым Аманжоловтың шығарма­сы­нан өлең оқып, оны да ойда­ғыдай орындап шыққан. Тек кейбір дыбыстарды шатастыруға жол берген. Ал «Еңбек пен талап» тақырыбындағы ойын қарапайым тілде жеткізе біліпті. Сонымен қатар, ол сынақ қабылдаушы Комиссия тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға да жан-жақты жауап берген. Осының барлығын екшей келіп, Лингвистикалық комиссия президенттікке кандидат­тың қазақ тілін еркін меңгергендігі туралы шешім шығарды. Кешкі сағат 19.30-да өзін-өзі ұсынушы Серік Сапарғали деген азамат Орталық сайлау комиссия­сына арнайы келіп, президенттікке кандидат болуға өтініш білдіргендігін айта кету керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.