15 Қыркүйек, 2016

Қазақстандық арбада отырып билеуден қола жүлде алды

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-09-16-bileu Мүгедек арбасында отырып билеуден әлем кубогі Санкт-Петербургте өтті. Оған Ресейдің өзінен 200-ден аса спортшы қатысты, сонымен қатар, талапкерлер Қазақстан, Австрия, Белгия, Гонгконг, Италия, Филяндия және Жапония елдерінен келді. Қазақстан құрама командасы әлем кубогіне қостанайлық Мәлике Мұқтарованы, Тараздан Нарғыз Ахметованы және Қарағандыдан Айгүл Балмағамбетованы ұсынған. Осы жарыста Мәлике қола жүлдемен оралды. Жарыс бидің ансамбль, комби, комби стандарт, комби латина, комби фристайл, дуо, дуолатина, дуо фристайл, сингл, сингл фристайл деген он аталымы бойынша өтті. Ал Мәлике фристайл аталымында қола жүлдегер атанды және жарыстың «Чемпиондар шоуы» атты финалына қатысу құрметіне ие болды. «Мәлике әнді жақсы айтады. Оны біз осыдан алты жыл бұрын биге шақырған едік, ол жаттығуларға қалмай келіп жүрді. Республикада өткен жарыстарға ертіп бардық. Енді , міне үміттің бәрін ақтап, әлем кубогінде қола жүлдеге қол жеткізді», – дейді коляскадағы бидің Қостанайда негізін салушы және «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Аруна Жақсығұлова. Қазір Мәлике облыс орталығындағы №9 мектептің 10 сыныбында оқиды. «Мұндай үлкен жарыстарда жеңіске жету оңай емес. Шетелдерден келген бишілердің арбалары біздегіге қарағанда өте жетілдірілген, ол спортшы мүмкіндігін үстемелей түседі», – дейді Мәлике Мұқтарова. Биыл қараша айында Қытайда Азия чемпионаты өтеді. Мәликенің жолдамасы даяр болғанымен оған қаржы табылса ғана барады. Нәзира Жәрімбетова ҚОСТАНАЙ 15-09-16-bileu-2