16 Қыркүйек, 2016

Маңғыстау жырауларының 5 томдығы жарық көрді

842 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
img_8186Сәби дүниеге келгенде, бесік жырымен әлдилеп қарсы алып, дүниеден өткенде, жоқтаумен шығарып салады. Есте жоқ ескі замандардан бері үрдіске айналып келе жатқан осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі жыраулар дәстүрінің алар орны ерекше. Осы ретте таяуда жыраулар поэзиясында ойып тұрып орын алатын Маңғыстау жыраулық мектебі үлкен жинақпен толығып отыр. «Тіл таңбалы ақындар» деген атаумен жарық көрген 5 томдық жинақта осы түбекте туып-өскен ақын-жыраулардың өлең-жырларына орын берілген.  Аталмыш кітап жақын күндері «Aktau Open Fest-2016» фестивалі­нің алғашқы кешінде көпшілікке таныстырылатын болады. – Бұл еңбектің баспаға дейінгі жұмыстары кемінде 10 жыл бұрын қолға алынған, – деді жинақты құрастырушы ақын Әнуар Бима­ғамбет. – Кітапқа жыраулар мұра­сын жинақтаудың басында мар­құм Жетібай Жылқышыұлы тұрды. Сондықтан оның негізгі құрастырушысы ретінде осы кісінің атын көрсеттік. Жалпы, көп томдық жинаққа үлес қосушылар саны бірер жанашыр адаммен шектелмейді. Мұнда ұзақ жылдар бойы тұтас бір шығармашылық топ еңбек етті дегеніміз жөн. Олардың арасында Қабиболла Сыдиықұлы, Светқали Нұржан, Елдос Еміл, Сұлтанбек Құдайберген, Ақылбек Өтеш секілді әдеби мұраларды жинастырушылар болды. Кітаптың кіріспесінде оның материалдарын жинап, құрастыруға атсалысқан барлық азаматтар аталған. Көзі тірісінде Әбіш Кекілбайұлы ағамыз бен Фариза Оңғарсынова апамыз да мұраларымызды жинақтау жұмыстарына бас-көз болып отырды. Сол сияқты көне жыраулар шығармалары тарихи­лы­ғын зерттеген филология ғылым­дарының докторы, профес­сор Жұмат Тілепов­тің, ақын-жырау­лардың тілдік ерек­ше­лік­терін зерттеп, мәтіндік сарап­тама, лингво-стилистикалық, эти­мо­ло­гиялық сипаттама жасаған фило­логия ғылымдарының док­торы, профессор Бибіайша  Нұрдәу­летованың да еңбектерін атап өткеніміз жөн. Осылай жарыққа шыққан «Тіл таңбалы ақындар» жина­ғы Маңғыстау ақын-жырау­лары шығар­маларының өзіндік антоло­­гиясы іспеттес. Ол өткен ғасырлар­да өмір сүрген Өгізбай, Абыл, Нұ­рым, Ақтан ақындардан бас­тап, қазіргі дәуірге дейінгі 52 ав­тор­­ды қамтиды. Бұл жинаққа үш ға­сырдың үнін топтастыруға мүмкін­дік берді. Көлемі 5 томнан тұратын жинақ 130 баспа табақ мөлшерімен дайындалды. Әзірге таралымы 1000 дана болғанымен, келешекте қосымша басып шығарылып қалуы әбден мүмкін. Кітапта көптеген белгілі және беймәлім авторлардың шығар­малары мен өмір деректері, бұған дейін жария болмаған мұрағат құжаттары, үнжазбалар мен қолжазбалар бар. Шығармаларда кездесетін діни сөздердің мағына­лары анықталып, көне түркілік, кейбір арабы-парси мәтін-cөздерге түсінік берілген. Туындылар кез келген оқырман үшін түсінікті, жатық тілде жазылған. Рухани мұраға қызыққан адам бұл жинақ­тан көне сөздердің нәріне қанығып, азаттықты аңсаған арзу-арманымен таныса алады. Бұл бір жағы Маңғыстау жыр мектебінің негізгі оқулығы да сияқты. Шығарушылар көп томдық жинақтың Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырғанында да мән бар еке­нін айтады. Бұл ең алдымен әдеби-мәдени қауымы­ның осы тойға өзіндік тартуы іс­пет­тес. Екін­ші­ден, осы егемен­дік болмаса, мұн­дай жыр-жауһар­ларының бір­неше том құрап, бір мезгілде жа­рық көре қоюы екіталай нәрсе еді. Сон­дық­тан құрастырушылар кітап­тың жарыққа шығуына демеу­­шілік жасаған облыс басшы­лы­ғына алғыс сезімін білдіреді.   Руслан ИГІЛІК